Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі: «Жылу беру маусымына дайындықта кемшілік болмауы керек»

412

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі көшпелі облыстық штаб отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің салалық орынбасары, жауапты басқарма мен департамент басшылары, қала әкімі және аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары қатысты.

– Жылу беру маусымының басталуына небәрі 10 күннен астам уақыт қалды. Бүгін Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысып қайттым. Кейбір нысандар дайындықты қажет етеді. Жылу беру маусымына дайындықта кемшіліктер болмауы керек, – деді облыс әкімі.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев хабарлама жасады.

2021 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнының  №9 қазандығын, №3 турбогенератордың бөлшектерін ауыстыру, турбиналық қызметтің технологиялық құбырларын және Оңтүстік қазандықтағы №7 ВОNО SG қазандығын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорында 10 күндік авариялық қор есебінде 4,6 мың тонна мазут бар. Бүгінгі таңда қаладағы жылу желілері сумен толтырылып, жоғарғы қысыммен сынақтан өткізілді, жылу беруге дайын.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 ГРП мен 208 ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасаған.

Сондай-ақ, «Қызылорда су жүйесі» МКК бойынша 1,5 шақырым ауызсу және кәріз жүйелеріне, ауызсу қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ке  орындалған.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын қажет. Зерделеу барысында әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына қажетті қатты және сұйық отынға келісім-шарттары жасалғаны, сонымен бірге отын сақтайтын қойма, резервуарларының көлемі шектеулі болуына байланысты қажеттіліктің тек 65 пайызы жеткізілгені анықталды. Қалған көлемі келісім-шарт талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жеткізіледі.

Сонымен бірге, жоспарланған 527 білім, 288 мәдениет, 247 денсаулық сақтау нысандарына және 708 кіші қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарының 99 пайызы алынғаны белгілі болды.

Тұрғындарға қажетті көмірдің 64 пайызы өңірге жеткізілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде көмірдің бағасы өткен жылмен салыстырғанда тұрақты.

Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың желтоқсан айында Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңадан пайдалануға берілетін 14 көпқабатты тұрғын үйдің магистралды және кварталішілік жылу құбырларының құрылысы жоспарға сәйкес жалғасуда. Құрылыс жұмыстары 1 қарашаға дейін аяқталады.

Облыс басшысы жылу беру маусымы өз деңгейінде өтіп, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасаулары қажет екенін атап өтті.

Жиында әлеуметтік сала нысандарының дайындығы да пысықталды. Алдымен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жалғас Үсенов мәлімдеме жасады.

2021-2022 жылдарға арналған жылу маусымына денсаулық сақтау ұйымдарының отын қорына тиісті қаржы қаралып,  келісім-шарт жасалған. Бүгінгі күні 32 денсаулық сақтау ұйымының 21-нің қысқы маусымға дайындығы жөнінде паспортын алды. Қалған медициналық ұйымдарда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау нысандарындағы жылу маусымына дайындық барысы тікелей бақылауында болатынын айтты.

– Денсаулық сақтау саласына қарасты нысандарды қатты отынмен қамту 54 пайызды құрап отыр. Келісім-шарт жасалғанмен, жеткізілу әлі де төмен. 10 қазанға дейін сала нысандарын көмірмен қамтуды 100 пайызға орындаңыз. Нәтижесін тікелей өзіме баяндайсыз, –деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Білім саласы бойынша облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов баяндады.

Жылу маусымына қатты және сұйық отынның қажеттілігі – 40871,1  тонна. Отын қорын сатып алуға облыс бюджетінен қажетті қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, толық жылу маусымына қажетті отын қорына келісім-шарт жасалған. 15 қазанға дейін қалған 1257,1 тонна қатты отын қоры жеткізілмек. Ал, қалған сұйық отын қоры жылу қазандықтарының сыйымдылығына қарай келісім-шарт бойынша келеді. Білім басқармасына қарасты нысандардың жылу маусымына дайындық паспорты толық алынған.

Облыс әкімі білім нысандарында да қажетті сұйық отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін 10 қазанға дейін 100 пайызға жеткізуді жүктеді.

Сонымен қатар штаб отырысында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова атқарылған жұмыстарға тоқталды.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 табиғи монополия субъектісі тарифінің қолдану мерзімі аяқталуына байланысты департамент тарифтерді төмендетті. Атап айтқанда, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жылумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 5,6 пайызға, «Теміржолсу-Қызыл-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 8,2 пайызға төмендетілді.

Жиын соңында облыс әкімі 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығын 5 қазанға дейін қамтамасыз етуді, Наурыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстарын мерзімінде бастап, жыл соңына дейін бөлінген қаржының игерілуін бақылауға алуды жүктеді.

Сондай-ақ, тиісті кәсіпорындармен бірлесіп, коммуналдық төлемдерді жинақтау, мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау мақсатында жұмыс жасау, күрделі жөндеуден өткен 5 білім беру нысанын құжаттандыру жұмыстарын аяқтау және газ жүргізілген аймақтардағы білім беру нысандарының қазандығын газға алмастыру бойынша ұсыныс әзірлеу тапсырылды. Жиында көтерілген тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің бақылауында болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<