ІТ: Бәсекеге қабілеттілік керек

526

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында ақпараттық технологияларды дамыту мәселесі орынды қозғалды.

Шынында, қазір әлемді алақанға сыйдырған технологияның өріс алғаны әрбіріміз үшін тиімді. Бәзбіреуге қаражат аудару керек болса, оның шотын білгеніңіз жеткілікті. Смартфонның бетін сипайсыз да төлемдердің түр-түрін жасай бересіз. Мем­лекеттік қызметтердің қолжетімділігі артты, барлық бизнес-процестер оңтайландырылуда. Мәселен, «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасында «Тұрғын үйге кезек нөмірін іздеу» және «Жер кезегінің нөмірін тексеру» және басқа да сервистер қолжетімді. Елімізде цифрландыруға айрықша мән берілуде. Оның үстіне Президенттің «Қазақстан – Еуразияның басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы тиіс» деген тапсырмасы жауапкершілікті еселеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай цифрландыру жөніндегі жаңа ұлттық жобаның қолға алынуы дамуға бастары анық.

Алайда, әлемдік IT нарығына көшу әлі де білім мен білікті қажет етеді. Мемлекет басшысы бұл орайда «Цифрландыру» жобасы аясында 100 мың білікті ІТ маман даярлау керек. Ал, 2025 жылға дейін цифрлық саладағы қызмет көрсету мен тауар экспортын 500 миллион долларға жеткізу маңызды» деген тапсырма берді. Ол үшін әуелі ішкі нарықты реттеу маңызды. Ал, ішкі нарықты реттеудің жолы – білімді мамандардың санын арттыру. Бүгінде әрбір бесінші адам ІТ-ға қызығады. Бірақ, оны толығымен игеретіні аз. «ІТ маман қандай программалау тілін меңгергені маңызды емес. Ол музыкант секілді, бастысы есту қабілеті жақсы болса, кез келген музыкалық құралда ойнай алады» деген бар. Икемділік керек. Жалпы жастарға нарықта қандай талап қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар, соны зерттеген дұрыс. Елімізде ІТ компанияларының саны артып келеді, сәйкесінше соған байланысты мамандарға сұраныс жоғарылайды. Осыны басты нысанаға алып, жаңа дүниемен, технологиялармен танысатын кез жетті. Маман даярлауда білім беру ұйымдарымен, жергілікті IT-хабтармен тығыз байланыс орната отырып, білім алушылардың өндірістік практикасын сол орындарда өткізуіне күш салыну керек. Алда атқарар жұмыс көп. Бастысы, оған кешегі Президент Жолдауында пәрмен берілді, мұндағы нақты мақсат пен жүйелі жоспар нәтижеге бастайды деп білеміз.

Сәбит ИБАДУЛЛА,

ақпараттық технологиялар орталығының директоры,

 PhD докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<