Рәміздерге құрметтің бұлжымас қағидасы бар

277

0

Тарих толқынындағы отыз жыл қас-қағым сәтте өте шықты. Оның ел үшін маңызын ештеңемен өлшеуге келмейді. Тәу етер тәуелсіздігіміз, мемлекеттің мызғымас негізіне айналған рәміздеріміз бар. Байқап қарасаңыз, «Мен қазақпын!» деген әрбір азаматтың көшеде келе жатқанда немесе мекеме ғимаратына кіргенде алдымен осы нышандарға көз тастауы заңдылық. Тәуелсіздік символының талапқа сәйкестігін қадағалауды облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия да назарға алған.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен аталған комиссияның биылғы жылғы қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық басқармалар мен департамент басшылары және аудан әкімдері онлайн-режимде қатысты. Аймақ басшысы алдымен мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті білдіретінін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк ту – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы» деген болатын. Рәміздердің талапқа сай болуы шарт және оған құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарға мән беру маңызды, – деді облыс әкімі.

Комиссия отырысында кем-кетік, олқылықтардың орын алғаны айтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мемлекеттік мекемелердегі тәуелсіздік нышандары – Елтаңба мен Тудың жай-күйін саралап, атқарылған жұмыстарды тарқатты. Мәліметке сүйенсек, ведомствоаралық инспекциялық топ 23 тамыз-17 қыркүйек аралығында зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 12 мекемеде кемшілік анықталып, оның 9-ы дер кезінде қалпына келтірілген. Ал, 3 мекемеге Әкімшілік хаттама толтырылды. Жауапты тұлғалар 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, яғни 145850 теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Ерекше атап өтетін жайт, жүргізілген түсіндірме жұмыстары мен комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырма нәтижесінде Сырдария және Шиелі аудандарында заңбұзушылық орын алмаған. Бұдан бөлек, қала мен аудандардағы 263 мемлекеттік мекеменің барлығында ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуымен толық ауыстырылғаны белгілі болды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімдері мемлекеттік рәміздердің жай-күйін бақылау және маңыздылығын насихаттау бойынша қолға алынған жұмыстарды баяндады.

Облыс әкімі рәміздердің талапқа сай орналасуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Барлық мекеме басшыларына да арнайы инспекциялық топ құрып, 1 желтоқсанға дейін қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің қолданылуына рейд жүргізу жүктеліп отыр. Жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру мәселесі де шет қалған жоқ. Себебі, рәміздерді құрмет тұту жеті атаның қадірін, ата-баба даналығын, елім-жерім деген батырлардың ұлтжандылығын санаға сіңіріп келе жатқан жастардан басталады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<