Салауатты өмір – дамуымыздың деңгейі

463

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын жариялады.  Бала күнімнен спортпен айналысып, бүгінде ел намысын әлемдік додаларда қорғап келе жатқандықтан, мені спорт саласына қатысты мәселелер толғандырады.  Президент Жолдауында  егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін құжатта жаңа бастамалар көрініс тапты. Оның ішінде спорт саласына да ерекше көңіл бөлініп, өзекті ой-пікір білдірді.

Жалпы, спорт саласына жыл сайын мемлекет тарапынан қолдау артып келеді. Соның арқасында аудан мен шалғай елді мекендерде спорт кешендері ашылып, ел игілігіне берілуде. Спортқа бейім жастар қатары  да артуда. Жолдауда Президент әлі де спорт саласына айрықша көңіл бөлініп, жағдай жасалу керектігіне тоқталды.

«Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын  біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» – деді Мемлекет басшысы. 

Өздеріңіз білесіздер жақында Токио олимпиадасы өтті. Спортшылар барын салды. Бірақ нәтижеге көпшіліктің көңілі толмады. Еліміз жалпы қорытындыда төменгі сатыдан көрінді. Осыған орай Президент Жолдауда Токио олимпиадасының қорытындысына байланысты спорттағы ахуалды бөлек кеңесте қарау қажеттігі туындап отырғанын да айтып өтті. Енді біздің мақсатымыз – елдің абыройын көтеретін әлемдік сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінуге күш салу. Оған елімізде мүмкіндік мол. Облысымыздың өзінде бұқаралық спортты дамытудан бастап барлық жағдай қарастырылып отыр. Жыл сайын жаңа спорт ғимараттары, дене шынықтыру орындары салынуда.

Спорт – мәдениеттің үлкен үлгісі, денсаулық кепілі. Бұл жолда жұмыла, біріге түскеніміз абзал деп ойлаймын. Өйткені, салауатты өмір – елдің ертеңі, дамуымыздың діңгегі. 

Қамшыбек  ҚОҢҚАБАЕВ,

Токио олимпиадасының

қола жүлдегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<