Салтанаты артқан Сырдың бас қаласы

409

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорданың бүгінгі бейнесін отыз жыл емес, кейінгі он жылмен салыстыруға келмес. Көлемі ұлғайды, бірнеше есе өсті десек те болады. Тұрғын саны да артып, төрт тарабында жаңа шағын аудандар бой көтерді.

Келбетіне көз тояды

Бала күні көргенімізде, орталық пен Тасбөгет кентінің арасы алшақ еді. Әл Фараби ауданы мен Жезқазған бағытына түсер жолдағы «Бәйтеректің» мүлде жоқ кезі. Қазір ше? Бәрі басқаша, жаңа аудандар, әлеуметтік нысандар. Айтпақшы, кейінгі бес жылда тұрғын үй салуда облыс арасында Қызылорда көш бастап тұр.

 Келбетіне көз тояр зәулім ғимараттар бұрын онша кезікпейтін. Қазір қалаға көрік қосар нысан көбейді. Экономикалық әлеуеттің артуы арқасында Сырдың сол жағалауы игерілді, жүздеген тұрғын үй салынып, жергілікті тұрғындар жайлы баспанамен қамтылды. Бұл – Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, ел ағаларына сенімі мен қолдауының арқасы.

Елге берекелі болған Сиыр жылы да аяқталды. Өткен жылға бажайлап қарасақ, жетістік көп. Облыстың бас шаһары – Қызылораданың даму қарқынында алға басушылық айқын байқалады.

Шаһар маңы шаруашылыққа бейім

Облыс экономикасының барлық салаларында оң өзгеріс бар. Нәтижелі бастама да жетерлік. Мысалы, қала бюджеті былтыр жыл басында 52 млрд теңге көлемінде бекітілсе де, қосымша қаржы тарту арқылы қазына қоржыны 64,2 млрд теңгені құрап отыр. Сондай-ақ жылжабар қорытындымен өнеркәсіп орындары арқылы 509 млрд 231 млн теңгенің өнімі өндірілген.

Мал шаруашылығына мойын бұрғандар саны артыпты қала маңында.  Бізге белгісі «Сыбаға» бағдарламасымен төрт шаруашылық «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 46 бас асылтұқымды сиыр және 1500 бас қой өсіріп отыр.  Бұған қоса «Қарапайым заттар экономикасы», «Іскер», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 300 млн теңгеге жуық қаржыға 427 ірі қара, 132  жылқы, 1753 қой, 10 бас түйе сатып алынған.

Қалаға қарасты елді мекендердің көбі атакәсіптен бөлек, егін егіп, бау-бақша да өсіреді. Әсіресе, басты дақыл – күріш өсіруден аудандардан қалыс қалған емес. Мысалы, өткен жылы барлығы 8905 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 4113 гектары – күріш. Қалған 990 гектар – бақша дақылдары, 500 гектар картоп, 1328 гектар көкөніс, 1278 гектар малазықтық пен 656 гектар жерге дәнді дақылдар өсірілген. 40 гектар жер майлы дақылдар үлесінде. Барлығынан өнім жақсы жиналған. Осының ішінде күріштен гектарына орташа өнім 51,7 центнер болса, картоптан 6450 тонна, көкөністен 17397 тонна, бақшадан 13167 тонна өнім жиналды.

Қуаңшылық пен су жетіспеушілігінің зардабына қарсы жұмыстар тоқтаған емес. Егістікті сумен қамтамасыз етуде шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарынан 86,3 мың текше метр топырақ аршылып, тазартылған. Белкөл кенті мен Талсуат ауылына су айдайтын бір насос, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат елді мекендеріне екі насостан берілген.

Айта кету керек, былтыр күрішті көшеттеп егу технологиясы тәжірбие ретінде алғаш рет енгізілді.  Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен «Golden Bridge Turan» ЖШС бірлесіп, жапон технологиясымен 175 гектар жерге Өзбекстанның «Лазурный» және «Искандер» сортын көшеттеп еккен болатын. Сондай-ақ қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар жер бөлініп, 87 тұрғын бақша дақылдарын егіп, өнімдерін жинап алды. Ал тамшылатып суару технологиясымен  Қарауылтөбеде 4 гектар қызанақ және Қызылөзек ауылдық округінде 8 гектар картоп өсіріліпті.

Қала маңында жылыжай жұмыс істеп тұр. Ақсуат ауылдық округіндегі «КазАгроМир» ЖШС-ның 2,2 гектарды құрайтын автоматтандырылған жылыжайында 320 тонна қияр өндіріліпті. Шыққан өнім қала аумағындағы сауда үйлеріне төмен бағада өткізіліп келеді.

Иә, жылыжай демекші, халықтың әл-ауқатын арттыру, ел экономикасын көтерудің бірден-бір жолы – шағын және орта бизнес саласын дамыту. Облыста осы сектор бойынша 50 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 100 мыңнан астам адам жұмыс істеп отыр. Ал қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 27049.

Мысалы, қалада «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр 17 млрд теңгені құрайтын 875 жоба қаржыландырылған. Аталған бағдарлама бойынша жоба құны 144,3 млн теңгені құрайтын 36 жас кәсіпкерге мемлекеттік қайтарымсыз грант та беріліпті.

Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу арқылы құны 1,2 млрд теңге болатын 7 жоба қаржыландырылған.

Кейінгі онжылдықта елімізде кіші кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік деңгейде бағдарламалар іске асырылды. Сол кезеңде өз мүмкіндігін жіберіп алмай, кішігірім бизнес бастаған жандар бүгінде кәсібінің көкжиегін кеңейтіп келеді. Кәсіппен айналысу – жеке табыс табу ғана емес, ел мүддесіне, халық ықыласына жұмыс істеу. Ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан білікті кәсіпкерлер қала ішіндегі көптеген халықтық шаралардан да қалыс қалған емес.

Баспана көбейе бермек

Қызылорда қаласында жүргізілген құрылыстың көлемі 56 млрд 856 млн теңгені құрап отыр. Сиыр жылында облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 67,8 проценті бас шаһардың  үлесінде. Жалпы ауданы 330460 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұның ішінде мемлекеттік меншік қаражаты да, жеке салымшылар есебінен салынған үйлер де бар. 

Қазірдің өзінде орталықта 149,7 мың шаршы метр болатын 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл 2170 пәтер, яғни осынша отбасы алдағы уақытта баспаналы болады деген сөз.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа жобалар іске асып келеді. Ұзындығы 75,3 шақырымды құрайтын 117 көшеге 4 млрд 678,3 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, биылдан бастап қоғамдық көліктерді субсидиялау жұмыстары жүргізілмек. Бұл ескі автобустарды жаңалауға, көліктердің тиісті уақыт аралығында халыққа үздіксіз қызмет жасауына оң септігін тигізеді деген үміт бар.

Қаланы аяқсумен қамтуда да ілкімді іс көп. Былтыр жерасты су ұңғымаларын салу арқылы суландыру жүйесін реттеу басталған еді. Соның аясында екі ұңғыма іске қосылса, қалған 26 ұңғыма биыл пайдалануға берілмек. Бұл арқылы шаһарды көркейту-көгалдандыру мәселесі оңтайлы шешіледі. 

Өткен жылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін 4 млрд 591,3 млн теңге бөлініп, Сырдария сол жағалауындағы №4, 5 квартал учаскелеріне абаттандыру, электр, сыртқы инженерлік, жылу желілерімен жабдықтау жұмыстары жүрді. «Бәйтерек» шағын ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған үйлердің инфрақұрылымы толық аяқталды.

Тағы бір қуаныш, «Сабалақ» саяжайына ауызсу жүйесі тартылып, халық таза ауызсуға қол жеткізді. Қаланың шет аумақтарын электр желілерімен жабдықтау да тоқтамайды. Мысалы, әл Фараби, КБИ және Титов шағын ауданы, «Наурыз» елді мекені, Белкөл кенті аумағына күрделі жөндеу мен желі жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Ж.Маханбетов және «Наурыз» елді мекендеріне ішкі орамды газ құбырын салу жобасы қолға алынғанын айтуымыз керек.

Ең    сүйіншілейтін     жаңалық – Шыны зауытының іске қосылуы. Иә, көптен күткен зауыт жыл ішінде 197,1 мың тонна табақша шыны немесе тәулігіне 600 тонна шыны түрлерін өндіруге қабілетті. Мамандар пікірінше, бұдан кейін сырттан алатын өнімге тәуелділік азаяды. Зауыттағы барлық жабдықтар әлемнің жетекші елдерінен әкелінген. Мысалы, шыны пеші мен қалайы балқыту ваннасы АҚШ, күйдіру пеші Румыния технологиясымен істелген. Кесу және құрама шыны цехы Италия мен Финляндияның тәжірибесімен іске асса, өндірістегі азот және сутегі станциясы Қытай елінің  заманауи үлгідегі технологиясымен қондырылған.

Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Ең бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық берілетінін айтқан зауыт басшылығы жұмысшы-қызметкерлерді арнайы оқу курсынан өткізуді де жоспарлап отыр. Демек, жұмыссыздықтан құтқарар осындай ірі жобалар Қызылордада әлі де орнығады деген сенім мол.

Барыс жылынан не күтеміз?

Келген жылдың да еншісінде тірлік көп. Атқарылар шаруалар көбеймесе, азаймайды. Әсіресе, баспана кезегін жылжыту бойынша тұрғын үй салу қарқыны тоқтамақ емес.

Облыс әкімдігі баспана мәселесін шешуге басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел өміріндегі ең негізгі міндеттің бірі – тұрғын үй мәселесін шешу екенін нықтап айтқаны есімізде. Тәуелсіздік алғалы республикада 169 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның ішінде 7 млн шаршы метрден астамы біздің облыста іске асыпты. Түрлі бағдарламалар шеңберінде баспанаға қол жеткізген тұрғындар қуанышқа кенелді. Басым көпшілігі көпбалалы отбасылар екен. Қала ішінде жаңа үйлердің көптеп салынуы көңілге қуаныш сыйлайды.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй құрылысына және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде әл Фараби ауданына су желілерін тарту, Талдыарал елді мекенінде электр желілері құрылысын жүргізу сынды жұмыстар бар. «СПМК-70» ауданындағы №2 тұрғын үй мен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 50 көппәтерлі №№32, 34 тұрғын үйлердің бас жоспары және абаттандыруына да облыстық бюджеттен қаржы қаралыпты. «Қызылжарма» ауылында да 35 көшенің қиыршық тас жол құрылысы да биылғы жылдың еншісінде.

Облыс орталығын сумен жабдықтауға барлығы 2 млрд 183 млн теңге бөлінді. Биыл осының аясында ағын суды тәулігіне  70000м3-ке дейін тазалайтын биологиялық станция жаңғыртылады. Бұған қоса, бірқатар шеткі аудандар мен кейбір көшедегі су құбыры және кәріз желілері қайта реконструкциялаудан өтпекші.

Қала маңындағы Ж.Маханбетов пен «Наурыз» елді мекеніне газ құбыры тартылмақ. Бұл көптен бері шешімін таппай жүрген мәселе болатын. «Көгілдір отын» тартуға Ұлттық қор және облыстық бюджеттен 2 млрд 438,6 млн теңге бөлініп отыр.

Биыл Талсуатта жаңа клуб салынады. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, 150 орындық мәдени нысанға мемлекет қазынасынан 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Дәл сондай клуб құрылысы «Қарауылтөбе» ауылында да осы шамадағы қаржыға жүргізіледі.

Қаладағы 11 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтпек. Бұған республикалық бюджеттен 555 млн теңгеден асатын ақша бөлінген. Сондай-ақ Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салуға облыс қазынасынан және қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін «Қызылжарма» каналы магистральды көшесін салу жобасына қаражат қаралған.

Сөз соңы. Тарихы ілгеріден басталатын Қызылорданың даму қадамынан қысқа ғана қайырып бердік. Санамалап айтсақ, мұндай берекелі бастамалар мен жарқын жетістіктер әлі де көп. Болашағы мұнан да жарқын болсын деген тілектеміз.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<