Су шаруашылығының саңлақтары

1273

0

Автор туралы анықтама

Серікбай Иманбайұлы Қошқаров 1945 жылы Сырдария ауданында өмірге келген. 1963 жылы Қызыл­орда гидромелиоративтік техникумын үздік бітіріп, Жамбыл гидро­мелиорация-құрылыс институтына түсті. Оны 1968 жылы қызыл дипломмен бітірген.

Еңбек жолын Тасбөгеттегі 29-ПМК-да мастерлік қызметтен бастады. 1970-1978 жылдары Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инс­титутында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1978 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық етеді. Мұнда кафедра меңгерушісі, факультет деканы, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры болды. Қазір қатардағы профессор.

1978 жылы Мәскеудің гидромелиоративтік институтында кандидаттық диссертация, 1997 жылы докторлық диссертация қорғады. Туған өлкенің егін шаруашылығы саласының дамуына, өңірдің суармалы алқаптарында су қорын тиімді пайдалану ісіне үлес қосқан.

С.Қошқаров жақында мерейлі 75 жасқа толды. Төрт монография, оқу құралдарының авторы. Университет «Ғибратты ғұмыр» сериясымен ол туралы кітап шығарған. Өзі «Әулет», «Жерұйық» атты кітаптар жазған. «Құрмет» орденінің иегері.

Студенттерге дәріс беріп тұрмын. Үйреншікті біркелкілікті ысырып тас­тап, олармен  пікірлесемін.

– Сабақтарыңда адам күн­көрісінде басты, түпкі, маңызды жер мен суды тиімді пайдалану жолдары мен әдіс­терін оқып, үйренесіңдер! Ендеше, ертеңгі міндеттерің не болмақшы? – деймін.

– Мақсатымыз – жерді аздырмау, егіс топырағының құ­нар­­лылығын арттыру, – дейді шәкіртім.

– Қоғамға қолайлы ықпалың қайда? – деп, тағы соңдарына түсем.

– «Жер-ана» деген сөз бар. Сол Жер-ананы баптап күтеді екенбіз. Жер мен су қадірін жақсы түсінсек, ата-ана мен ел қадірін білген үстіне терең ұғынатын шығармыз! Біздің ойымыз осы, – деп жауап берді екіншісі.

– Үшіншісі де қарап қалмады: «Кеше тәлімгер ағаймен Тасбөгеттегі музейде болдық. Мамандық тарихы мен сырына үңілдік. Облыста әйгілі су мамандары қызмет атқарыпты, суреттерін көріп, қысқаша өмірбаяндарымен таныс­тық. Бізге осы күшті әсер етті», – деді ол.

Апырай-ә! Қарашы, ой салуын?! Әйтпесе, оның музейден білгенін мен өмірде көрдім ғой! Бас салып кінәладым өзімді! Мамандығымның өрлеуіне қыруар еңбек сіңірген азаматтар жөнінде осы уақытқа дейін бір ауыз сөз айта алмағаным ба? Ендеше, ештен кеш жақсы!

Өңірдің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан ұлы жерлесіміз ­Ыбырай Жақаевтың ісін ізбасарлары жалғады. Егіншілікті жаңа талаптарға сай инженерлік жүйеге айналдырған суармалы алқаптар болмаса бүгін баршамыз көріп, байқап отырған жоғары дәрежеге көтерілмеуі де мүмкін еді.

Сыр бойы – жөні бөлек, ерекше аймақ. Өңіріміздің басқа өлкелермен салыстырғанда өзгешелігі көрініп-ақ тұр. Ол – жерімізді оңтүстіктен солтүстікке қарай кесіп, қасиетті Сырдарияның шалқып ағып жатуы. Бұл – ұлы табиғаттың туған жерге  берген мол несібесі, құты. Осы дария шөліркеген жерді сумен қандырып, аймақ несібесін өсіріп келеді. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, аймағымызда жерді өңдеу, оны ылғалдандыру жұмыстары ерте заманнан орын алған көрінеді. Оған дәлел – өлкемізде оның бойын кез келген тұстан тілім-тілім етіп кесіп жатқан ірілі-кішілі, бұрын суға толған, казір құрғап қалған, арналар мен жыралардың көп болуы. Демек, бұрыннан судың тілін білетін, оның ағымын реттеп, өз бағытына жетелеп, егіске апаратын мұраб­тар болған мұнда. Жер мен судың тілін білетін, қуаңшылық жағдайда адам күнкөрісіне керек дақылдарды өсіріп-баптап, жұрт қажетіне беретін мамандардың орны ерекше болған. Айта кету керек, өңіріміздің осы тарихи ерекшелігі өткен ғасырдың екінші жартысынан бері күрделі өзгеріске ұшырады. Бұл сол кездегі алып елдің жерді мелиорациялау ісіне аса жоғары мән беруінен басталғанын баршамыз білеміз. Осының айқын дәлелі – Қызылорда маңында Сыр­дарияға тоспа салынып, дария суын егіске бұру еді.

Алпысыншы жылдардың ортасына таяу Жамбыл қаласындағы жоғары оқу орнына түстім. Бір мамандықтың өзіне ғана 180 жас қабылдандық. Айтарлықтай көп. Өйткені, заман талабы сондай жоғары, күрделі. Оқуымызды тәмамдап, Қызылордаға оралдық. Сөйтсек, Сыр өңірінде суармалы егіс шаруашылығы қызу жүріп жатыр. Сол іске араласып кеттік. Өңірде екі мықты құрылыс тресі осы аса маңызды істі өз қолына алған. Аудан сайын әрқайсысына қарасты бір-бірден жылжымалы механикаландырылған колоннасы бар. Жыл сайын он мың гектардан аса инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жер тегістеліп, қолданысқа беріледі. Оған қоса жаңадан ашылған шаруашылықтар орталығындағы үйлер мен өндірістік нысандар қарқынды салынып жатты. Жұмыс көлемі өте ауқымды.

Осы көлемді жұмыстарды атқару барысында көптеген мамандар қоғам назарына іліге бастады. Олардың алдында Ержігіт Боз­ғұлов, Сабыр Арыстан­баев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай ­Тыныш­тықбаев, Әлімбет Жаббар­ханов, Елтай Құтыбаев, Мәделхан Нәлібаев, Тыныштықбай Сырғабаев, Жанайбек Сақтағанов, Кенжебек Ерімбетов, Әскербек Мақұлбеков, Қуаныш Есханов, Исатай Алдабергенов, Жақсылық Байділдаев, Төрехан Қарлыханов, Әбдіманап Құтжанов, Виктор Морозов, Камал Кулумбетов сынды азаматтардың абырой-атағы жұрт арасына кеңінен тарады. Сол дәуірде осы азаматтар ылғи жұрт  алдында, ел аузында болды. Мамандық дәрежесін биіктетті, аймақ ырысын өсірді. Ендеше осы тұлғалы азаматтардың барлығы болмаса да, алдыңғы, нағыз «алғы шепте» жүрген бірегейлері жөнінде қарымды сөз айту міндетіміз болар.

Институт бітіргесін бір жарым жылдай 29-ПМК-да шебер қызметін атқардым. Сондықтан, ПМК-лардағы күрделі де қиын жағдайлардан шамалы да болса хабарым бар. Олардағы скреперші, бульдозерші, экскаваторшылардың  құрамы, білігі мен ортақ іске деген көзқарасы және жеке тәртібі ала-құла болғанында да дау жоқ. Міне, соған байланысты олардың жұмысын тәртіпке сай бақылау мен қадағалау жүгінің ауыр бөлігі трест басқарушысы Ержігіт ағамызға түскені рас. Біздің ойымыз­ша, тарих пен тағдыр сол жылдары өңірдің келешегіне жоғары адалдықпен, солайымен берілгендікпен, мелиорациялау жұмыстарын басқаратын тұлғалардың қажеттілігін айқындады. Міне, сол өткен заман Ержігіт ағамызды алға шығарды. Дәлірек айтар болсақ,  Ержігіт ағамыз алғырлығымен, жоғары біліктілігімен, биік ұйым­дастырушылық қабілетімен өзі алға шықты.

Бас-аяғы 25-30 жылда 250 мың гектар жерде күрделі тегістеу жұмыстары орындалды. Бұл жұмыс­тарды басқаруға жоғарыда аттары аталып кеткен біраз азамат атсалысты. Сол азаматтардың ішінде шоқтығы биік, орны ерекше, атқарған еңбегінің салмағы өте жоғары Ержігіт Бозғұлов еді.

Оның атқарған қызметтерінің тізімін оқып отырып-ақ, өңіріміздің тарихын, орындалған суландыру мен мелиорациялау жұмыстарының болмысын ұғынып, зерттеуге болады.

Азаматтың ірілігі мен мықтылығы күнделікті, жәй жұмыста байқалмайды, ол күрделі, қысылтаяң, күйзелісті сәтте бірден көзге түседі. Осындай қолайсыз жағдайға кезіккен өзінің қызметкерін қорғап, әріптес інісін қанатының астына алыпты Ержігіт аға. Бұл бір жағы ортақ іс қамын ойлау болса, екіншіден, қарамағындағы азаматты «жауға бермеудің» нағыз азаматтық үлгісі еді. 

Ержігіт аға туралы сөз қозғағанда ол кісінің дауысы мен үні туралы айтпай кету мүмкін емес. Адамды зерттеу ғылымының пайымдарына жүгінер болсақ, дауыс көп жайды аңғартатын көрінеді. Ағаның дауысын өзгелер ішінен айна-қатесіз тануға болады. Оның дауысында желді күні теңіздегі толқын жағалаудағы қиыршық тастарды жөн-жөнімен іріктегендей, жанындағы азаматтарды өз орындарына қойып, олардың өңір су шаруашылығының қолайлы дамуына барынша мүмкіншілігін арттыратын дауылды екпін де, талапты жастарды өзіне тартып, жақындатып, оларды сақтандыратын айырықша мейірімді айғақтайтын жылу да бар болатын.

1959 жылы Қызылорда гидромелиоративтік техникумына түсіп оқып жатырмын. 1960-1961 жылдары бізге қиын да күрделі «Гидравлика» пәнінен Сабыр аға дәріс берді. Сабыр аға сабақты тамаша түсіндіреді. Бой қандай, түр-әлпет қандай! Дауысы да сондай ерекше! Техникумды бітірісімен Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына түстім. Оны 1968 жылы тәмамдадым. Дипломдық жобама Сабыр аға жетекшілік жасады. Сондықтан, Сабыр Шаймерденұлы – үлкен ұстазым. Ағаның алдында әрдайым қарыздармын.

Осынша мол егістік жерді тегістеп, қолдануға берумен қатар, мыңдаған шақырымдық кең каналдар мен егістіктен қашыртқы суды әкетуге арналған ірі коллекторлар салынып, іске қосылды. Тегістелген жерлер бұрыннан бар, жаңадан құрылған шаруашылықтар меншігінде болса, каналдар мен коллекторлар жүйесі облыс­тық мелиорация және су шаруашылығы басқармасы қарамағында еді. Бұл – республикада бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс. Осыдан болар, кезінде Қызылорда Солжаға суармалы алқабы Бүкіл­одақтық комсомол екпінді құрылысы деп аталды.

Бұрын небәрі 50-60 мың гектар егісі бар өңір 250 мың гектар көлемде егін егетін ірі аймаққа айналды. Егінге дер кезінде тиісті мөлшерде су жеткізу – ауқымды іс. Міне, осы үлкен шаруаны Сабыр ағамыз бастаған мекеме өз қолына алды. Күріш егісі 100 мың гектарға жуық көлемде. Бұл дақыл жаз бойы су астында тұратынын ескерсек, сол егіске су жеткізу асқан іскерлікті, мол жанашырлықты, мықты табандылықты талап ететін. Мәселен, «Шіркейлі» арнасы бойында төрт ауданның егістік алқаптары орналасқан. Сабыр аға басқарған мекеме азаматтары сағадан алынған мол суды көп шаруашылықтарға олардың егіс көлеміне сәйкес дұрыс бөлуді қамтамасыз етуі тиіс. Біреуіне артық су берілсе, екіншісіне жетпей қалады. Осыдан облыс көлемінде айқай-шу шығады. Міне, бір қарағанда жұмыс­тың қауырттығы осы. Жауапты істі Сабыр аға көп жылдар мінсіз атқарды. Сөйтіп, бірнеше медальдар мен ордендерді айтпағанда, омырауына «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағын айғақтайтын белгі тақты. Осы жетістік оңай келген емес. Бұл жолда қанша қайрат-жігер жұмсалғанын, жүйкеге қаншалықты ауыр салмақ түскенін,  қаншалықты ақыл-ойдың ағыны ағытылғанын Сабыр ағаның өзі біледі, қасында жүрген әріптес інілері сезеді. 

Сабыр аға әділдіктің эталоны болатын. Оны осы кісі бүкіл өмірімен дәлелдеді. Сесті адам еді. Көп кісі одан тайсақтайтын. Білместікті, әділетсіздікті мүлдем жақтырмайтын еді, тіпті сондай кезеңде жай ұрыспай, «қазақшалап» сыбағаңды беретін. Бірақ осыған әріптес інілері ренжімейтін, өйткені, ол бостан-бос өзгені сынамайтын. Салқын сөзінің артында зілі болмайтын.

Айқынбай Дүйсеков кезінде Алматының ауыл шаруашылығы институтының «Гидромелиорация» мамандығын бітіріп, Қызылордада еңбек жолын бастап, құрылыс мекемелерін басқарды. Кейін Ақтөбе облыстық су шаруа­шылығы басқармасына жетекшілік етті. Елге оралып, обкомда белді қызметтер атқарды, құрылыс бөлімін меңгерген. Кейін облыс­тық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды. Қолына мол жауапкершілік тапсырылды. Өңірде салынып жатқан барша құрылыс нысандарын іске қосу алдындағы мемлекеттік қабылдау комиссиясы оның басқаруымен жұмыс атқарғаны белгілі.

Айқынбай аға ұзақ уақыт құрылыс саласын басқарды. Қол астында жүздеген, мыңдаған мамандар мен құрылысшылар жемісті еңбек етті.

Сонау жылы көктемде Сыр­дария арнасының «Әйтек» су торабы тұсында аса маңызды жұмыс орындалды. Қуаңшылық әсерінен өзен суы төмендеп кеткен. Сөйтіп, «Әйтек» каналына су ақпай қалды. Мұның шешімі дариядағы су деңгейін көтеру. Тікелей жолы – тос­па салу. Бірақ, бұл өте қымбатқа түседі және оған екі-үш жыл уақыт қажет. Әрине, ол уақытты ешкім бере де алмайды. Мамандар тиімді жолын көрсетті. Сырдария­ның сол тұстағы табанын көтеру ұсынылып, ол мақұлданды.  Қыс ортасында басталған күрделі құрылыс жұмыстарын Айқынбай ағамыз тікелей өзі қадағалады. Жұмысшылар «Әйтек» маңындағы зәулім жатақханада жатады. Арасында біздің студенттер де бар. Оқытушылар біз де солардың арасындамыз. Күнде кешке сол жерде Айекең планерка өткізеді, бүгін орындалған істің бағасын береді, ертеңгі жұмыстың жөнін айтады. Сол уақытта баршамыз облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, инженер-гидротехник Айқынбай Дүйсековтің мол тәжірибесін, биік білігі мен терең білімді екенін байқадық. Сол ауқымды жоба, бұрын-соңды Сыр­дарияда салынбаған құрылыс, жоғары сапамен егіске су беру алдында орындалып, іске қосылды. Сөйтіп, бір ауданның төрт-бес шаруашылығының егістік жеріне аяқсу кедергісіз, дер кезінде берілді.

Қажырлы еңбекпен талапқа сәйкес тегістелген инженерлік жүйедегі суармалы жерлерді игеру, оларда өсетін дақылдарды озық агротехникалық ережелерге сай күтімге алып, жоғары өнім алу ісі қарымды іс пен түбегейлі табандылықты қажет етті. Бұл – өңір ауыл шаруашылығы басқармасының басты міндеті еді. Сол кезеңде осы саланы мол ыждағаттылықпен, ұтымды ұйымдастырушылықпен, жоғары талғаммен басқару қажеттілігі айқын көрінді. Осы маңызды істі белгілі азамат, білікті су маманы Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев биік білімділікпен, мол ­жан­ашырлықпен атқара білді. Бұл кісі ұзақ уақыт облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, кейіннен басшысы болып өңірдің суармалы алқаптарында күріш өндірісін жетілдіруге бар қабілетін аяған жоқ, айтарлықтай еңбек сіңірді. Өйткені, суармалы алқаптарды салудың түпкі мақсаты – жаңадан пайдалануға берілген егістіктен күріштің мол өнімін алу болатын.

Елтай ағаның аймақтың экология­лық ахуалының тұрақ­тануы бағытында атқарған игілікті істерін айта кетуіміз міндет. Облыста 1988 жылы ұйым­дастырылған табиғат қорғау комитетінің алғашқы басшысы болған. Қанат жайып көтеріліп келе жатқан жаңа, жіктес салаға жүрексінбей басшылық жасауы, осыны оншақты жылдай мол абыроймен атқаруы, ағаның терең де, жан-жақты білімінің дәлелі болса керек.  Осы кісінің мол тәрбиесін көрген ізбасар інілері: «Елекеңе жағымпаздық, жалтақтық жат еді. Ол кісі тірлікте биік мансап, атақ-даңқты елең қылмаған секілді, дүниеқорлықты да тәрк еткен адам еді» деуінің өзі тұлғалы азаматтың адами қасиеттеріне берілген зор баға болса керек.

Туған жерге аянбай қызмет етумен қатар өзге атырапта да табысты қызмет атқарып аймақ  абыройын асқақтатқан Әлімбет Жаббарханұлы Ташкенттегі ауыл шаруашылығы ирригациясы және механизациясы институтын бітірген. Қызылордада құрылыс мекемелерінде прораб, бас инженер, басшы қызметтерін атқарған. Кейін бес жылдай  құрылыс-монтаж тресін басқарады. Сол жылдары Сыр өңірінде мыңдаған гектар инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егіс жерлері қолданысқа берілді. Ол Сыр бойының суармалы егіс орталығы болуына мол үлес қосты. 1975-1984 жылдары Талдықорған облысында мелиорация басқармасына жетекшілік жасайды. Сырда жинақтаған мол тәжірибесін Жетісу жерінде өсетін дақылдар қажеттілігіне орай су жеткізу қызметін бұл ағамыз биік талаптарға сәйкес табысты атқарады. Одан соң Алматыда «Казглавводстрой» бірлестігіне жетекшілік жасап, бүкіл республикадағы су шаруашылығы құрылысын  реттеп, өзінің құнды кәсіби ықпалын тигізеді. Тоқсаныншы жылдан кейін «Талдықорғанмелиорация» акционерлік қоғамының президенті болды. Сөйтіп туған өлке мен қазақ елі су шаруашылығы саласының аршынды дамуына айтарлықтай үлес қос­ты. Бұған ол кісінің омырауына тағылған «Октябрь революция­сы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» белгісі ордендері және Қаз ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағы – мықты дәлел.

Елтай Махмұтұлы Құты­баевтың өмір жолы – жастарға ерекше өнеге. Балалық шағынан білімге мол құштарлық танытыпты. Орта мектепті Қызылорда қаласында үздік тәмамдағасын Алматыға бұрылмай, бірден Одақ астанасы – Мәскеуге ат басын тірейді. Ондағы су шаруашылығы инженерлері институтына оқуға қабылданады. Елге оралғасын Қызылордадағы гидромелиоративтік техникумда оқытушылық қызмет атқарды. Елтай ағамыздың дәріс­терінің жоғары сапасы, мықты білімі мен жоғары сауаттылығы шағын Қызылордаға қалай тарамасын, білікті маман көзге түседі, жоғары қызметке тартылады. Елтай Махмұтұлы облыстық мелио­рация және су шаруашылығы басқармасы басшылығына көтерілді. Одақта енді қолданысқа ие болып жатқан қондырғылар мен құралдар сол жылдары өңір су шаруа­шылығы саласына жаппай енгізіле бастады, бұл жаңашыл басшының арқасында орындалған істер болатын.

Ол ғылымға да мол үлесін қосты. Әмудария мен Сырдария алаптарындағы суармалы жерді қарқынды игеру бара-бара су тапшылығына алып келетіні о бастан айқындала бастады. Ғалымдар осыған мол көңіл бөлді. Жамбыл қаласындағы су шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының ірі ғалымы, кейінірек Одаққа танымал болған Н.С.Горюновтың жетекшілігімен Елтай ағамыз күріш атызында топыраққа сіңіп шығындалатын ылғал мөлшерін азайту шараларын зерттеп, елеулі жаңалық ашты. Соның нәтижесінде өңірдің әр гектар күріштігіне шаққанда 3,5-4,5 мың текше метр су үнемделді, дақылдың маусымдық суару мөлшері төмендеді.

Өндірістік іс-тәжірибесі мол, ғылымға айтулы үлесін қоса білген білікті маман Елтай Құтыбаев одан кейін Алматыдағы рес­публика төңірегіндегі бүкіл су шаруашылығы  саласының іздес­тіру-жобалау орталығы – «Казгипроводхоз» институтына басшы болып бекітілді. Оның ұйымдас­тырушылық қабілеті арқасында елімізде көптеген іргелі су шаруа­шылығы нысандарының жобалары дайындалып, құрылыстары жүргізілді. Қызылорда агроөндіріс инженерлері институтында кафедра меңгерушісі болды. Әріптеспіз. Ол оқыған әрбір лекция – студенттер мен жас оқытушыларға бағалы сабақ. Қандай тақырып­қа болмасын, өзінің  мол өмір тәжірибесін ұтымды пайдаланды. Дәрістерінде аудитория толы болатын, оқытушылар да қатысып отыратын.

Мәделхан Нәлібаев ағаның су шаруашылығы саласына жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ол Одақтың іргелі жоғары оқу орны – Ташкенттің ирригация­лау және механизациялау инс­титутын бітірген. Ұзақ жылдар Сырдария ауданы суармалы жүйесі мекемесін басқарған. Таңданарлығы, кәсіби ынтасы мен іскерлігі зейнетке шыққаннан соң да бәсеңдемеген, қайта артқан, еселенген. Ол өңірде бұрын-соңды болмаған іс атқарды. Су шаруа­шылығы саласы музейінің негізін қалады. Қалағаны сол, осы істен өмірінің соңына дейін күш-жігерін аяған емес. Сол музей бүкіл елге әйгілі болды. Еліміздің белгілі азаматтары осында болып, Мәделхан ағамызға ризашылығын білдіріп, қолтаңба қалдырды. Сыр бойының несібе мен дәулет басы деуге де болатын, бүкіл Орта Азия­ға әйгілі Қызылорда түбіндегі Тасбөгеттің кіреберісінде орналасқан сәулетті ғимараттың бірінші қабатын алып жатқан бұл музей  Сабыр Арыс­танбаевқа ұрпағы орнатқан еңселі ескерткіш ығында жайғасқан. Өткен мен казіргінің  үйлесімі, жарасымы осыдан артық бола қоймас!

Мәделхан аға бұрынғы өткен мұраптарды таныстырып, ақпаратты қолымызға ұстатып кетті. Бұл – айтарлықтай мол өнеге, үлгі болар іс. Нұртаза мұрабты тірілтті, істеп кеткен игілікті істерін таныстырды, үйретті. Күрделі де қызықты, жан-жағына мейірім шуағын шашқан жан баршамызды жақсылық жасауға шақырды. Өңірдің су шаруашылығы саласына қолыңнан келген пайдалы ісің мен ықпалыңды аяма деп тәрбиеледі. Сөзіміздің дәлелі –  оның жазған бес-алты кітабы.

Мәделхан ағаның «Шежірелі Сыр бойы» кітабын парақтаймын. Ғылыми мақалаға бергісіз Сырдария және Арал теңізі жөнінде бұрын-соңды естімеген мәліметтерді пайдаланып жазыпты. Туған өлке аумағындағы бұрын атқарылған суландыру ісінің көпшілік біле бермейтін тұстарын айқындап, ашыпты. Аудандардағы су шаруашылығы мекемелерінің жай-күйін жақсы баяндапты. 50 жыл, 100 жыл өткен соң ұрпақ осы құнды еңбекті жата-жастанып оқып, азаматтардың рухына ықыласын көрсетер! Ол кісі су мамандары қоғамдық бірлестігін ұйымдастырып, басқарып, лайықты бағыт-бағдар көрсетіп отырушы еді. Мәделхан аға ұзағасын қоғамға қажет іс баяу­лап қалғандай.

Мақаланы жазу барысында бұл кісілердің бірі біріне ұқсамайтынын байқадым. Әрқайсысы ерекше мінезімен, ортақ іске деген айырықша, ыстық көзқарасымен, жұмысты ұйымдас­тырудағы өзіндік оңтайлы әдістерімен дараланады екен. Осыны ағалардың атқарып кеткен істерін қысқаша ғана зерттеп, талдағанда түсіне бастадық. Олар алапат аспанның кеңдігіне алданып шашырамай, ұйысқан үркердей болды. Терең білімі мен білігі, санасына ұялаған туған жерге арналған перзенттік адалдығы, кәсіби мамандығының бар мүмкіндігін сарқа пайдаланғаны барлығын біріктіріп, айырылмастай ұстап тұр.

Ой құшағындамын. Ағалардың ортақ іске деген зор ынтасымен берілгендігінің сырын білгім келеді. Бірақ, ол қайда-а?! Болжам айту ғана қалған шығар. Сол кісілердің көргені мол, тәрбиесі құтты болған-ау, шамасы!.. Әлбетте, ол уақытта біздің кезіміздегіге қарағанда қазыналы, қариялар көбірек болғанында күмән жоқ. Олардың жастарға айтқан әрбір сөзі салмақты еді. Бұған ай са­йын ауылға бет түзеп, екі-үш күн жыр­лайтын жырауларды қосыңыз. Осыдан мол тағылым ұққан шығар ағалар. «Құдайдан қорық, адамнан ұял, өзгенің ала жібін аттама» деген ата-анасының сөзін санасында мықты сақтаған да шығар. Олар 1930-1932 жылдары дүние есігін ашыпты. Бәлкім, сол уақытта адамның адамға қасақана істеп жатқан зорлығына қатты ренжіген Ұлы Құдірет жаңа туған балалар санасына мейірім мен жақсылық бұлағын молынан ағытты ма екен?

Ағалар қауымы қолымыз­ға ұстатып кеткен қазынаның  сырын ашайық енді. Алдымен бұрынғы хал-жағдайымыздан мәлімет бере кетейік. 1959 жылы облыста 81,2 мың гектар егістік жер болыпты. Оның 14,6 мың гектарына күріш егіліп, гектарынан 18 центнерден өнім алыныпты. Енді казіргімізге ауысайық. Біріншіден, суармалы жер көлемі үш есе өсті, өңіріміз еліміздің күріш өндіру орталығына айналды. Екіншіден, алпысыншы жылдары гектарына 20 центнердің о жақ бұ жағында дақыл өнімділігі өсіп, 50-55 центнер көлеміне тұрақтанды. Үшіншіден, осыдан 50-60 жыл бұрын бір гектар күріштікке берілетін су мөлшері 45-50 мың текше метрді құрайтын болса, казір сол көлем 25-27 мың текше метрге түсті. Бұл аз емес, көп,  өте көп!

«Жолдасын көріп, жігітті таны» дейді. Онда «Ұстазын көріп, шәкіртін таны» деуге де болатын шығар. Ендеше Ержігіт, Сабыр, Айқынбай, Елтай Махмұтұлы, Әлімбет, Елтай Байназарұлы, Мәделхан ағалар – біздің ұстазымыз, бүкіл Сыр бойы су мамандарының ұстазы. Демек, бізге пәс болуға, арқалаған міндетімізді сылбыр орындау­ға жол жоқ. Ұстаздарымыз салып, көрсетіп кеткен сара жолдан ауытқуға қақымыз жоқ. Шындығында солай болып келеді. Атақты ағалардың өнегелі істерін жалғастырған ізбасарлары бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бар болғанда қандай!..

Солардың шамалысын ғана атап өтейік. Марат Құрманбаев оқу орнын бітіргесін үш-төрт жылдай құрылыс мекемесінде шебер, прораб болып, кейін сол кезеңде жаңадан ұйымдастырылған облыстық экология департаменті құрамында жұмыс атқарады. Талапты жас тың салада ынталы еңбектенді. Бүгінде облыстық экология департаментінің басшысы. Өңір экология­сының бүгінгідей оңды тұрақтануында осы азаматтың еңбегі мол. Әліби Бекжанов атты түлегіміз Жалағаш ауданындағы ірі жеке шаруашылықты үлгілі басқаруда. Осы шаруашылық күріш өндірудегі озық технологияны пайдалану жөнінде әрдайым алда келеді,  Суармалы алқаптарды күрделі жөндеуден өткізетін маңызы биік «Мелиоратор»  құрылыс ұжымының білікті басшысы Бердібек Мыхановтың өңір үшін еңбегі мол. Түлегіміз Айгүл Әлібекова Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сыр­дария» бассейндік инспекциясының бас маманы, ол өз міндетін жоғары кәсіби деңгейде атқаруда. Мамандықтың алғашқы түлегі, облыстық су шаруашылығы мекемесі бастығының орынбасары  ­Жорабек Ерназаров та Сабыр ағаның тәрбиесін алға ұстап, Сыр­дария суын өңірімізде ұтымды пайдалану ісін жақсы басқарып келеді. «Солтүстік Арал теңізі бөгеті және Ақлақ су торабы» өндірістік учаскесінің инженер-гидротехнигі, түлегіміз Майра Нұрқышева су торабы құрылымдарының пайдалануын  жоғары кәсіби дәрежеде орындауда. «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің жетекшісі Әбдімәжит Ахметовтің атқарып келе жатқан істері құптарлық. Осы ауданда суды пайдалану көрсеткіші жоғары. Мамандық абырой-атағын өңірімізде, елде жоғары көтеріп жүрген түлектеріміздің осы тізімін ұзақ жалғастыра беруге болады.

Шүкір, көптен ойлап жүргеніміз сәті түсіп, бүгін іске асып жатыр. Өмірде жақсыны да, жаманды да көресің. Жаманды ысырып алыстатасың. Жақсыны жинай бересің. Ендеше, көрген игілікті іс пен естіген шарапатты сөзді неге жұртқа айтпасқа, елге таратпасқа, артқа қалдырмасқа? Мүмкін, осыны кейінгіге, жастарға жеткізу, олардың қолдарына тапсыру біздің міндетіміз шығар? Мамандығымыздың өткені өнегелі, қазіргісі де оңды, алдыңғылар істерін лайықты жалғастырып келе жатыр. Ендеше, ертеңгісі де жақсы болатынына сенім мол. Өйткені, қасиетті  Сейхун ағысын тоқтатпаса, сол дарияның жағасында ата-баба өнеге-үрдісін бойына мықтап сіңіріп өскен, ел мен жұрт қамын ойлаудың үлгілерін көрген өнегелі ұрпақ жүргенде, Ержігіт ағамыздың басшылығымен салынған суармалы алқаптарда ел ырысы – күріш жайқалып өседі, өңір несібесі еселене береді. Жүрек түбінен шыққан лебіздерімізді жұртқа жеткізуде мол үндестік танытып, қолдау көрсеткені үшін «Сыр бойы» газетіндегі азаматтарға алғысымыз мың.

Уақыт өткен сайын экология­лық жағдай күрделене түсетіні анық. Сондықтан, қай салада болмасын қоршаған ортаға қолайсыз әсерді аз беретін өндіріс алға шығады. Ауыл шар­уашылығы саласында да бұл талап жоғарыламаса, төмендемейді. Осы тұрғыда жоңышқа дақылының орны ерекше. Топырақта, әсіресе егістік топырақта, органикалық заттар мен химиялық құрамалар арасында  қолайлы тепе-теңдік сақталса ғана сол жердің экологиялық болмысы да  бүлінбейді, теріс өзгерістерге ұшырамайды. Сондықтан, осының басты көрсеткіші – егіс алқабындағы жоңышқа дақылының жай-күйі. Ал біздің өңір суармалы егісінің топырағы көпшілігінде осы талаптарға жауап бере алмай келеді, өйткені, жоңышқа өнімділігі өзінің о бастағы ереже-талаптағы мөлшерінен  төмен.  Бұл – өңір суармалы егісі топырағына төніп тұрған қауіп. Ендеше, осы қауіптен аймақ топырағын ажырату – міндет. Мұның жолы бар. Ол – күріштің о заманнан мо­йындалған әйгілі алғы дақылы жоңышқа жағдайына тиісті көңіл бөлу, осы дақылдың атыз бетінде біркелкі, тегіс өніп-өсуіне жағдай туғызу, оны дер кезінде тиімді әдіс­термен суару, дақылдың суару тәртібін ғылым ұсыныстарына сай қадағалап, орындау. Солай болғанда негізгі дақыл – күріштің шығымы да артады, егіс топырағының экологиялық және құнарлылық жағдайы күйзелмейді.

Мақаланың күретамыры бол­ған азаматтарға баяғыда жоғары оқу орындарына бет бұрып, жолайырықта тұрғанда, осы мамандықты бұйыртып тағдыр оларға мол сый жасапты. Сөйтіп, өмірде жолдары оңынан ашылып, ел үшін аянбай еңбек етіп, жұрт ықыласына бөленіпті. Мамандық таңдау – әрине, жауапты іс. Өнегелі, талапты жас мамандық таңдағанда қалауының осы аймақ болашағына қызмет етуге жарайтынын, өңірдің әлеу­меттік-экономикалық болмысын жақсартуға қабілеттілігін, кәсіптің бұл өлкеде әр уақытта өзінің қажеттілігін жоғалтпайтынын, ең соңында сол мамандықтың азамат бойындағы барша қабілеттерінің уақыт өте ортақ істе ашылып, барынша пайдалануын қамтамасыз етуін ескеруі абзал. Ендеше,  жазғанымызды оқыған азаматтар, жастар, орта мектеп түлектерінің ата-аналары  ұрпақтарына, жалпы қауымға игілікті бағыт-бағдар ұсынатынына сенімдіміз.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<