Тебіренсе, шабыт алған теңізден…

1917

0

Жазық даланы жарып өтетін айдынды Арал теңізінің жағасында туып, асау толқындарынан шабыт алған ақын қиялы кейде сол – көк теңізбен астасып кететін. Адам өмірінің де теңіз толқынымен сабақтаса, бірде ылди, бірде өрге қарай дамылсыз алмасып, алға жылжып отыратынын аңғаратын. Асау теңізбен сырласып, аласапыран ой кешіп, әлден соң, сол теңізді айнала ұшқан ақ шағаладай жыр шумақтары түзілетін. Иә, Сыр перзенті, талантты ақын, белгілі журналист Серік Сейтмағанбетовтың есімі аймақ қаламгерлеріне жақсы таныс. Өткен жылы ақынның туғанына 80 жыл толды.

Ол 1940 жылы Арал ауданының Бек­бауыл станциясында дүниеге келді. Елді мекендегі орталау мектепті бітір­геннен кейін Қазалы ауданындағы ауыл­­шаруашылық техникумында ар­найы білім алып, 1959 жылы Алматы об­лысы, Ақсу ауданының Қызылтаң сов­хозында мамандығына сәйкес еңбек жолын бастады. Алайда, жас жігіттің  шы­ғармашылық өнерге, оның ішінде поэ­зияға деген құштарлығы басым болатын. Сондықтан болар, 1959-1962 жылдары Кеңес әскері қатарында азаматтық бо­рышын өтеп оралғасын Қызылорда қа­ласындағы Н.Гоголь атындағы пе­да­гогикалық институтқа оқуға түсіп, мұғалімдік мамандықты иеленді.

Жоғары білімді жас маман Құмбазар сегізжылдық мектебінде мұғалім, «Ұялы» сегізжылдық мектебінде дирек­тордың орынбасары болып қызмет ат­қарып, ұр­пақ тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосты. Ал 1969 жылдан бастап   Арал аудандық «Толқын» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Ақынжанды адамға аудандық басы­лым­да еңбек ету аса қолайлы болды.  Шы­ғармашылығы да осы жылдары шыңдала түскендей еді.

Айқара ашып пердесін түннің,

Күн жиектен келеді суыт.

Бір сәтке теңіз, алмайсың тыным,

Толқынды толқын кетеді қуып.

Жас төлді қуған баладай бейне,

Адам да саған салады-ау құрық.

Шаттанып, биік самғайды кейде,

Аспандап сонау шабытым биік, – дейді ақын «Теңіз» атты өлеңінде.

Иә, мерзімді басылымның жұмысы белгілі, толассыз ақпарат, тынымсыз еңбек. Әйтсе де қолы қалт еткен кезде жүрегінен төгілген жыр жолдарын ақ параққа ақтарып салатын. Сондай-ақ, сапалы ақпарат әзірлеу міндетіне де зор жауапкершілікпен атқаратын. Бойындағы қаламгерге тән қасиет – тынымсыз ізденісі мен турашыл мінезі болатын. Қоғамдағы сан-қилы тақырыптарды қаламына арқау етіп, өзіндік пайымы бар, принципті журналист ретінде қалың оқырманның жүрегінен қапысыз орын алды. Әсіресе, оның әсем әнге айналған «Қаратерең вальсі» сол кезең жастарының жадынан өшпейтін әдемі естеліктердің бірі…

«Тау-құзы, шың-шыңырауы, жасыл желегі жоқ болғанымен, Қаратереңнің вальсі бар еді. Иә, кәдімгі вальс. Ауылдың вальсі. Ауыл жастарының вальсі. Сол вальс талай ұрпақты әлдилеп өсірді. Әуені әдемі еді. Сөзін жазған – ақын Серік Сейітмағанбетов. Ол мықты ақын болатын. Өмір бойы аудандық «Толқын» газетінде қызмет істеді.

Өлең 60-жылдардың аяғында шыққан деседі. Мектеп мұғалімі, талантты музыкант Орынбай Сейітжанов әп-әдемі ән жазған. Ел арасында ол бұл әнді тағы бір музыкант Жаппар Құлмырзаевпен бірлесіп жазыпты деген де пікір айтылады. Қалай десек те, вальстің авторлары өте талантты жігіттер еді. Бәрі де жастай өмірмен қош айтысты. Әйтпесе, шығар шыңдары биік болатын. Бұл ән жиырма-отыз жыл бойы ауыл-аймаққа әр берді, жігіт-желең, қыз-қырқынға нәр берді, жұрттың жадында жаппай жатталды. Сол алпысыншы-жетпісінші жылдардың жастары «Қаратерең вальсін» беріле шырқады. Бұл ән алыс ауылдың албырт жастарын армандарға ұмтылдырып, би­ік­ке қол создырғанын ұмытуға болмас. Сол вальстің мәтіні мынау еді:

Ыстық құшақ жан анамдай көремін,

Өзіңе арнап жыр маржанын төгемін.

Сен деп қана дүрсілдейді жүрегім,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

Толқындардай тынбай алға келемін,

Көк теңіздей тебірене беремін.

Шағала-арман шарқ ұрады кеудемде,

О, сүйікті менің Қаратереңім.

Алысамын дауылдармен, жеңемін,

Көңілдерге шаттық гүлін егемін.

Гүл жайнайды, нұр жайнайды алабың,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

Тегінде, біздің ауылға жыр арнаған шайырлар жетерлік. Кейін «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп арпалысқан тұста аты мәлім талай ақын елге келді. Бәрі де Аралды, оның бөлінбес бөлшегі болып саналатын Қаратереңді жырлады. Бірақ бәрібір солардың ешқайсысының өлең-өрнегі де алпысыншы жылдарда жап-жас жігіттер жан жүрегімен жазған осы вальстің романтикалық әсеріне жетпейтін секілді көрінеді маған» – деп жазады осы ауылдың тумасы, танымал журналист, әдебиеттанушы ғалым, филология ғы­лымдарының докторы, профессор, халық­аралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бауыржан Омарұлы.

Иә, талантты ақын, «Арманым-асқа­рым» жинағының авторы Серік Сейт­мағанбетов сол уақыттарда сыршыл өлең­дерімен Сыр елінің жырсүйер қауымын елең еткізгені рас. Ол туралы әр жылдары баспасөз беттерінде  Толыбай Абылаев, Жұмабай Жақып, Жаңабай Кемал, Мұрат Сыдықов сынды айтулы шығармашылық өкілдері көлемді естеліктер жазды.

– Мен де, мен сияқты басқа да көптеген азаматтар бірден ел-жұртқа белгілі қаламгер болып шыға келген жоқ. Біраз жылдар өзімізді өзіміз қамшылап, жазу мехнатын бір кісідей бастан өт­кердік. Алғашқы жазған дүниелеріміз осы басылымда жарияланып, ауыл-аймаққа аты-жөніміз таныла бастаған кездер әлі есімізде. Жазғанымыздың бәрі бірдей керемет болды деп айта алмаймын. Әрине, ішінде «күріші де, күрмегі де» болды. Дегенмен, басылымда еңбек ететін аға буын қаламгерлердің ақыл-кеңесінен соң артық-кем тұсымызды түзете білдік. Менің ақын болып қалыптасуыма бірін­шіден, «қазақтың Островскиі» атанған ақын Зейнолла Шүкіровтің және Елеусіз Кенебаев, Серік Сейтмағанбетов сынды талантты ақындардың ықпалы болды. Алғашқы өлеңім «Туған жердің» тұсауын кесіп, «Жалғыз кемпір» атты жырымды басылым бетіндегі өлеңдерге шолуда жер-көкке сыйғызбай мақтап, ақжарма тілегін арнаған сол ағалардың рухтары әлі де мені жебеп жүрген шығар…

Шығармашылық жолымда қандай биікке шықсам да, сонау алыс жылдар қойнында қалған естеліктер еріксіз ой­ға оралып, ағаларымның алғаусыз қам­қорлығына алғысымды айтамын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сырдың талантты ақыны Толыбай Абылаев ағамыз.

Ақынның қызы Мәдина Сейтмағанбет бүгінде «Қазақ әдебиеті» газетінде қыз­мет етеді. Ол әкесінің шығармашылық болмысын былайша толғаныспен еске алады:

– Жаныңа жақын адамның болмысын суреттеуге сөз таба алмайсың… Әкем жүріп өткен соқпаққа түссем де, әлі күнге ол кісі жайлы жақсы бір дүние жазсам деп ойлаумен жүрмін. Мына өлең шумақтары осыдан жиырма жыл бұрын жазылып еді, – дейді Мәдина әріптесіміз.

…Әкенің орны бөлек қой,

перзент үшін бір,

Әкетай, ғұмыр баяндылығын түсіндір.

Елжірей сүйген еліңнің шырқау

көгінде,

Шарықтай ұшып, ақ қанат арман

құсың жүр.

Парызым қорғау поэзия – тұнық

көліңді,

Ойласам соны, көңілім мұңнан

бөлінді.

Беймәлім жақтан қарарсың күліп,

бір кезде

Сәйгүлік болып, жүйткіген құлын-

төліңді.

Иә, «жақсының аты өлмейді, ғалым­ның хаты өлмейді», деген халық дана­лығына ешкім шүбә келтірмес. Ақын Серік Сейтмағанбетовтың Сыр өңірінің мәдени өміріне сіңірген еңбегін әріп­тестері әлі күнге ардақ тұтып келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<