Жаңақорған ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Соның бірі – Жаңақорған ауданының көпбейінді аудандық ауруханасы жанынан салынған қосымша екі қабатты ғимарат.
Бұл жоба «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып, аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
2025 жылы жалпы құны 739 млн теңге болатын жоба аясында аудандық көпбейінді орталық аурухана жанынан екі қабатты жаңа блок салынып, құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Алдағы уақытта жаңа ғимараттағы инсульт бөлімі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталады. Атап айтқанда: МРТ аппараты, Ангиограф аппараты сияқты көптен күткен құрылғылар орнатылмақ.
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аталған инсульт бөлімінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Мемлекет басшысының бастамасымен және аймақ басшысының қолдауымен ауданымыздағы Қаратөбе, Бесарық, Әбдіғаппар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Төменарық ауылында 15 төсектік ауылдық аурухана, «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы ел игілігіне берілді.
Аталған нысандар бүгінде аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді.





