Биыл оқу жылы аяқталуға жақын. 2025-2026 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша бұл көрсеткіш 18 мыңға жуық.
25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Онда оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері сараланады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектеп бітіру іс-шараларын мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарында ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ата-аналардан ақша жинауға, сыйлық талап етуге жол берілмейді. Бірлескен бұйрық түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.






