Алматының Алатау ауданында құтқарушылар кішкентай баланы алтыншы қабаттағы пәтер терезесінен құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Мәдениет ықшам ауданында болған. Құтқарушыларға алты қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы ашық терезе алдында баланың отырғаны және оның құлап кету қаупі бар екені туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен мамандар автосатының көмегімен шамамен 5 жастағы баланы қауіпсіз жерге түсірді. Белгілі болғандай, сол сәтте пәтердің есігі құлыптаулы, ал ата-анасы үйде болмаған.
Құтқарылған бала полиция қызметкерлеріне тапсырылды. ТЖМ мәліметінше, қайғылы жағдайдың алдын алуға СПЧ-19 бірінші қарауылының қызметкерлері — аға өрт сөндіруші Сұлтан Нұрпейісов пен өрт сөндіру автосатысының аға нұсқаушысы Дәулет Кенже үлес қосты.
ТЖМ ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнатуды ескертеді.






