Жасыл желек жайқалтқандар

531

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында орманшылар мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Қазақстанның шөлді аймағында орналасқан әрі экологиялық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін орман шаруашылығының өз орны бар. Кейінгі 30 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанының қазақстандық бөлігінде құм көшуіне тосқауыл қою мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 395 мың гектар орман өсірілді. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіруде, – деді облыс басшысы. Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен Арал теңізі және Арал маңын экологиялық сауықтыру, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету мақсатында бес мемлекет басшысы бірігіп мәлімдеме қабылдағанын  еске салып өтті.

Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінгі күні облыста 6,5 млн гектарды құрайтын мемлекеттік орман қорының 3,4 млн гектары – орманды алқаптар. Оның 89%-ін негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл екпелерін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 24 сәуірінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бірге Арал теңізінің құрғаған ұлтанында болып, орманшылардың атқарған жұмыстарымен танысқанын айтқан облыс әкімі Президент тапсырмасына сәйкес алдағы бес жыл ішінде 1,1 млн гектар алаңда фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүзеге асырылатынын жеткізді. Осы күзде 100 мың гектар және 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың гектар сексеуіл егу жоспарда тұр.

Бұл бағытта облыстық бюджеттен 443 млн теңге қаржы бөлінді. Алдағы 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр.

Сонымен бірге, фитоорманмелиорациялық жұмыстар үшін халықаралық ұйымдардың (Дүниежүзілік банк, ЮСАИД, Герман ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қаржысы тартылатын болады.

Облыс әкімі сондай-ақ келесі жылдан бастап Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз қаржысы есебінен «Қазақстан ландшафтарын қалпына келтіру» жобасы аясында қажетті сексеуіл көшеттерін дайындау үшін тұрақты орман питомнигін құру, орман шаруашылығы мекемесіне қажетті техникалар сатып алу, Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 500 мың гектарын картаға түсіру, 100 мың гектарына жобалық іздестіру және Қызылорда қаласы маңында 3 мың гектарға жасыл аймақ құру бойынша жұмыс басталатынын атап өтті.  Оған арнайы кешенді жоспар бар.

– «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың дана сөзі бар. Сыр елінің табиғатын сауықтыру, орманды сақтау, егу, қорғауда өздеріңіздің үлестеріңіз зор. Сондықтан, Сыр жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін! Сіздерді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен және кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Мезгілдің ыстық-суығына қарамай аянбай еңбек етіп жүрген өздеріңіздей жерлестеріміздің еңбегіне құрмет көрсету – біз үшін үлкен абырой. Отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қоршаған ортамыз таза болсын! – деді облыс басшысы құттықтау сөзінің соңында.

Мұнан кейін сала ардагерлері мен қызметкерлерінің бірқатарына облыстың Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етілді.

Салтанатты шара соңында сөз алған ардагерлер Мұрат Төлеғұлов пен Мырзамұрат Ибраев  біздің бар дәулетіміз де, бүгініміз бен болашағымыз да – туған өлке табиғаты екенін тілге тиек етті. Күн-түн демей еңбек етіп табиғат байлығын қорғау, сақтау және өсімін молайту бағытында еңбек етіп жүрген орманшыларға жасалған құрмет үшін облыс басшысына алғыс айтты.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<