Жылуға төлем 10 қазаннан есептеледі

416

0

Күн суытуына байланысты биыл облыс орталығында жылу жоспарланған мезгілден ерте беріле бастады. Соған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде коммуналдық мекемелердің қыс маусымына дайындығына  арналған кезекті брифинг өтті.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала әкімінің шешімімен Қызылорда қаласындағы жылу орталықтары қазан айының 10-на қараған түннен бастап қосылатынын хабарлады.

Ал  «Арай», «Ипподром», «Сырдария», «Астана» және «Сол жағалау» шағын аудандарындағы шағын қазандықтар бұл уақытта көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріп жатыр. Басқарма өкілі облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандары мен 708 кіші қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу маусымына толық дайын екенін айтты. Әлеуметтік нысандарға қажетті 33 мың тонна көмірдің бүгінде 80%-і жеткізілген. Тұрғындарға жоспар бойынша 140,1 мың тонна көмір қажет болса, қазір  99 мың тонна көмір қоры бар.

«КазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы техникалық инспекциясының басшысы Ислам Бектұрғанов  өндірістік филиалдың жылу беру маусымына толығымен дайын екенін хабарлады. Биыл ағымдағы жөндеу арқылы 23 дана технологиялық жабдықты ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Соның есебінен газды қауіпсіз, үздіксіз және апатсыз пайдалану қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні филиал жылу маусымы кезінде қауіпсіздіктің алдын алу, халыққа насихаттау үшін газды қауіпсіз пайдалану айлығын  жариялап, тиісті жұмыстар жүргізуде.

Тұрғындардың өз бетінше жүргізген электр желілерін алмастыруға және 9 қосалқы трансформатор орнатуға облыстық бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Брифингте осы мәліметті жеткізген  «ҚЭТТК» АҚ төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев компания өз қаражаты есебінен биылға 611 шақырым электр желілері мен 79 әртүрлі кернеулі қосалқы стансаға күрделі жөндеу, 502 шақырым электр желілеріне және 61 қосалқы стансаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ол толығымен орындалғанын атап өтті.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны директорының орынбасары Бақытжан Молдимановтың айтуынша жөндеу жұмыстары 1 қазанда аяқталған. Жергілікті биліктің жылуды 10 қазаннан бастап беру туралы шешіміне байланысты жұмыстар жүргізілуде. «Оңтүстік жылу орталығы» толығымен, 17 автономды шағын қазандықтың жетеуі жылу беруде. 10 қазанға дейін «Қызылордажылуэлектрорталығына» қарасты тұтынушыларға жылу толық берілетінін айтқан Молдиманов ішкі жылу жүйелері дайын емес үйлер ғана қосыла алмай қалуы мүмкін екенін ескертті.

Жылу беру маусымын 15 қазанда бастау – сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан тәртіп. Бірақ соңғы жылдары климат өзгеруінен күн ерте суытып жүр. Сол кезде ерте қоса беруге ереже қаралған ба? Әлде күн суытып, салқын пәтерлерде тоңған тұрғындар шағымданып, балалар ауырып, халық шулағаннан кейін ғана жергілікті билік қозғалып жүр ме? Ерте қосылғаннан кейін жоспардан артық шығындар болады, оның орны қалай жабылады?

Брифингте жауапты тұлғаларға біздің тарапымыздан осындай сұрақтар қойылды.

– Иә, тұрғындардың шағымданғаны рас. 15 қазанда жылу маусымы басталып, 15 сәуірде аяқталатыны белгілі. Жалпы әр өңірде жылу беру маусымын бастауды жергілікті әкімдік шешеді. Ереже бойынша сыртқы ауа температурасы бес күн бойы +8 градустан төмен болып тұрса, жылуды қоса беруге болады. Күннің ерте суытуына байланысты Қызылорда қаласы әкімінің шешімі бойынша 9 қазаннан 10 қазанға қараған күні жылу толығымен қосылады. Ал автономды жылу орталықтары бар әлеуметтік нысандар қай уақытта жылу беруді өздері шешеді. Жалпы жылуды ерте қосуды талап еткен тұрғындармен қатар, оған қарсы болатындар да бар екенін айта кету керек. Олар артық төлем жасағысы келмейді.

Ал шығын жайына келетін болсақ, бұл жағдайлар бюджетте қарастырылған. Күн ерте жылынса, 15 сәуірден ерте тоқтауы мүмкін. Бұл жолы жылуға төлем 10 қазаннан бастап есептеледі. Бірақ тұрғындар биыл жылу үшін өткен жылғы тарифпен салыстырғанда 8% кем төлейтін болады. Атап айтқанда, 1 шаршы метр үшін 69,3 теңге төлем жасайды, – деп басқарма мен жылу орталығы өкілдері жауап берді.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<