Қайдасың, Қызылорда радиосы?

1305

0

«Қазақ радиосына» биыл 100 жыл толды. Сонау 1921 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің шешімімен жер-жерге хабар тарата бастады. Радионың алғашқы хабары қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен, сол кездегі ел астанасы –  Орынбор қаласынан әуе толқынына шықты. Иә, сол уақыттың тұрғысынан қарағанда бұл елді елең еткізген жаңалық болды. «Қазақ радиосы» арқылы халық күн сайын, сағат сайын қоғамдағы сан қилы жаңалықтардан хабардар болып отыратын. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары орталық радио майдан даласындағы жедел ақпараттарды жеткізе отырып, елдің Жеңіске деген  сенімін қалыптастырды. «Қазақ радиосының» редакциясы 1926 жылы Қызылордаға, 1931 жылы Алматыға көшірілді. Ал 2012 жылдан бері елордадағы «Қазмедиа орталығынан» халықты жаңалықтармен тұрақты хабардар етіп келеді.

Иә, бір ғасыр бұрын қоғамға серпіліс әкелген «Қазақ радиосы» – бүгінде еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Айталық, Ұлттық арнадан  тарайтын ақпараттар республика аумағынан бөлек, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарына дейін жетеді. Ал көпшілік сүйсіне тыңдайтын «Шалқар» Ұлттық арнасының хабарлары әзірге еліміздің ірі қалаларына таратылады. Сондай-ақ, «Қазақ радиосының» интернет сайты арқылы әлемнің кез келген түкпірінде жүріп-ақ ел жаңалықтарын тыңдауға болады. Шығармашылық ұжым тыңдаушылар арасында күн сайын қазақша және орысша таңдаулы бағдарламалар ұсына отырып, республикалық  газет-журналдарға шолу жасайды. Жалпы айтқанда, өзінің форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция.

Деректерге сүйенсек, «Қазақ радиосында» әр жылдары қызмет еткен Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәмші Қалдаяқов, Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев сынды біртуар тұлғалардың дауыстары радионың «Алтын қорында» сақталған. Сол сияқ­ты,  1948 жылдан бері жинақталған 100 мыңнан астам фонограмма бар екен.

– 1977-1982 жылдар аралығында ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алып жүргенде 3-курстан бастап «Радио және тележурналистика» мамандығы бойынша тереңдетіп оқыдық. Қазақ радиосы мен Қазақ телевизиясының «Жастар хабарлары» редакциясымен сол кезден үзбей хабарласып, Нұртілеу Иманғалиұлының шеберлік ұстаханасынан дәріс алдым. Дипломды  «Көгілдір экран және көрермен» тақырыбында үздік қорғап шықтым. Ал 1986 жылы Қазақ радиосының «Балалар мен жастар» редакциясына редактор болып орналастым. Онда «Көкжиек», «Шынар» әдеби радиожурналын, «Ақсауыт» әскери-патриоттық тақырыптағы хабарын жүргіздім.  Сондай-ақ, «Ойлан, тап!», «Ерден атайдың ертегісі» хабарларына редактор болдым. «Қаламгер» әдеби хабарлар бас редакциясында біршама уақыт жұмыс істеп, «Шалқар» бас редакциясында «Шалқардың қонақжай шаңырағы» атты саяси-көпшілік радио­журналын жүргіздім. Осы хабарлар цик­лы үшін 1997 жылы Қазақстан Телерадио Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болдым. Қазақ радиосында жүргенде Сочида, Қырымдағы Артекте, Вьетнам елінде іссапарда болдым. Мәскеудегі Бүкілодақтық радиотарату орталығы – Останкинода 2 ай оқып, іс-тәжірибеден өттім. Осы жылдарда «Қазақ радиосының» білікті мамандары Қасымхан Ерсарин, Нұрахмет Жорабеков, Рысты Нүсіпова, Мелдебек Айтаев, Иманбай Жұбаев, Нұржан Мұхамеджан­ова, Кенжебай Жармұхамедовтармен бірге қызметтес болғанымды мақтанышпен айтар едім.

Облыстық радиоға келгеніме көп бола қоймаған, сол 2003-2004 жылдары «радио жабылады» дегенді естіп, аймақтағы сала ардагерлерімен жедел сұхбаттар дайындап, мәселе көтерген едік. Әйтсе де, жоғарғы жақтың «қаржыландыру тиімсіз» деген желеуімен облыс­тық радио өз жұмысын тоқтатты, – дейді Қазақ телерадио саласының ардагері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ­Қаршыға Есімсейітова.

Енді облыстық радионың тарихы жайындағы деректерге ден қойсақ. «Қызылорда радиосында» қызмет атқарған қаламгерлердің көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Әйтсе де, олар жайлы айтылған естеліктер арқылы талантын танып, болмысын бағалаймыз. Айталық, Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан бергі қиын да күрделі кезеңдерде Ә.Мырзахметов, Н.Оспанов, ­Ә.Шабақов, Т.Елемесов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Шөкен­ов, Д.Айдаров сынды тұлғалы азаматтар радиохабарын таратуға басшылық жасаған. Ал шығармашылық өкілдері жайлы айтар болсақ, А.Жанаев, Қ.Данабаев, Б.Ұзақбаев, В.Хрянин, Ю.Ефанов, Е.Шілдебаев, Ы.Әлжанов, Ж.Қожабергенов, Б.Шайланов, О.Мақсұтұлы, ­Ж.Аманов, Н.Рахметова, Р.Нұржанова, А.Шалғынбаева, А.Ысқақова, Б.Бердібаев, Х.Сержанова, Е.Ыдырысов, Қ.Ботаев, К.Ерімбетов, Г.Құлмұратова, Н.Жұмабаева, Г.Жан­ұзақова секілді радио журналистерінің елеулі еңбегін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Осы орайда тағы бір естелікке кезек берсек:

…«Менің бір байқағаным, радиодағы тілшілік қызмет адамды ашады, оны белсенді етеді. Біздің облыстық радиода қыз­мет етіп, кейін белгілі қаламгер, қоғам қайраткерлері болғандар аз емес. Белгілі ақын-жазушылар, қаламы жүйрік журналистер С.Алдаберген­ов, С.Есмаханов, А.Жанаев, Қ.Сүйеніш және басқалар негізінен осы облыстық радиодан бата алғандар еді. Белгілі ақын, көп жылдар республикалық органдарда басшылық қызметтерде болған С.Хангелдин, кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі қыз­метін атқарған қаламгерлер Ө.Жаппархан, Қ.Қабделов ал­ғашқы қадамын осы қасиетті табалдырықтан бастаған болатын.

Реті келгенде айта кетейін, халқымызға көп жылдар тамаша қызмет еткен осы радиоға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін теріс қарағанымыз дұрыс бола қойған жоқ. Өйткені облыс­тық радионың қорында біздің кешегі үніміз, тыныс-тіршілігіміз, тұтас тарихымыз жатыр» деп жазады мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық телерадиокомпаниясының алғашқы басшыларының бірі Әбдіжәлел Бәкір.

Облыстық радио және телевизия саласының журналистері туралы айтқанда, есімі елдің жадында қалған талантты қаламгер Есенгелді Шілдебаевтың орны бір төбе. Сонау 1970-1980 жылдары радио саласында елеулі қолтаңбасын қалдырса, одан кейінгі жылдары облыстық телеарна арқылы тың тақырыптарды көтеріп, көптеген рухани-танымдық хабарларды жарыққа шығарды. Ол кісі туралы «Qyzylorda» телеарнасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жағыпар Қарабала былайша еске алады:

– Таулар алыстаған сайын биіктей береді. Бүгінде Есағаң туралы айтқанда тебіренбейтін жан баласы жоқ. Ағаның мейірімді жүзінен тамған нұр әлі күнге дейін бізді жылытып тұрғандай. Телерадио тарланының Сыр бойы журналис­тикасының дамуына сіңірген еңбегіне ешқашан көлеңке түскен емес. Қайта жылдар өткен сайын оның журналистік қолтаңбасы, бекзат болмысы, салиқалы сөзі жаңарып-жаңғырып жатқандай көрінеді.

Облыстық радиода 1994-1998 жылдары қызмет атқарған әріптесіміз, қазіргі «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаевты әңгімеге тартып, радиода еңбек еткен кезі туралы аз-кем айтып беруін сұраған едік.

– Мен 1994 жылдың соңында Қызылорда радиосында штаттан тыс қызмет етіп жүрдім де 1995 жылдан бастап арнайы бұйрықпен қабылдандым. Алғашқыда орыс радиосында орын болмай, қазақ бөлімінде хабар дайындадым. Келесі жылы өз мамандығыма сәйкес орыс тілінде хабар тарататын бөлімге ауыстым. Ол кезде журналистикада: «телевизияға келу үшін алдымен радиода қызмет ету керек» деген қағида болатын. Бұл рас еді. Телерадио саласының майталман мамандары Ж.Бекхо­жаев, Е.Шілдебаев, Б.Шайланов, В.Хрянин сияқты журналистерден көп тәжірибе алдым. Ал Н.Жұмабаева, Г.Құлмұрат­ова, Г.Жанұзақова, Д.Рысмұхамедова сияқты өз ісін терең меңгерген мықты мамандармен бірлесе еңбек еттік. Ол уақыттарда «Замана» деп аталатын қоғамдық-саяси радиохабар болатын, соны жүргіздім. Кейін облыстық телевизия саласында қызмет атқардым, – дейді.

Иә, біздің бала күнімізде әрбір үйде радио болатын. Таң атқаннан түн ортасына дейін үздіксіз хабар беріліп жататын. Жаңалықтардан бөлек, әдеби шығармалардан үзінділер берілетін. Соны тапжылмай отырып тыңдайтынбыз. «Сыр елінің Байжанбаевы» атанған Бақтыбай Бердібаев пен сыңғырлаған әсем дауысы әйгілі диктор Сауық Жақан­овадан кем түспейтін Гүлайым Жанұзақованың жүргізген әдеби хабарлары өте тартымды еді.

Білуімізше, Қызылорда радиосы өз дәуірінде республикалық радиофестивальдардың бірнеше дүркін лауреаты атанды. Әсіресе, жастарға арналған «Сыр толқыны», «Собеседник» бағдарламалары мыңдаған тұрақты тыңдау­шысын қалыптастырған еді. Бұл үшін аталған бағдарламалар сол кездегі ВЛКСМ Орталық комитетінің «Құрмет грамотасын» иеленген болатын. Осынау 80 жылдық тарихы бар Қызылорда радиосы 2004 жылдан бастап жұмысын тоқтатты. Оның себебін сұрастырып көрсек, қаржылық жағдайға келіп тіреледі екен. Осылайша аймағымыздағы алғашқы ақпарат көзі тарих қойнауына еніп кете барды. Алайда ондағы дүниелердің бағасы бөлек еді…

Таяуда БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай қала әкімінің қатысуымен өткен кездесуде «Қазақ радиосының» 100 жылдығына орай облыстық радио торабының ең алғаш орналасқан жері – қазіргі қалалық парктің маңайына бір ескерткіш тақта қою жайлы ұсыныс айтылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<