Қауіптің беті қайтпай тұр

364

0

29 шілдедегі мәлімет бойынша өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 220 жағдай анықталды. Қазір 220 адамның 69-ы инфекциялық стационарда, 151-і үй жағдайында бақылауда. Оның 61 проценті – жұмыссыз азаматтар мен зейнеткерлер, 18 проценті – 14 жасқа дейінгі балалар. Көрсеткіш қауіптің күшейгенін байқатады.

Бүгінде індетті ауыздықтау, сақтықты күшейту басты мә­селе болып отыр. Өңірлік ком­муникациялар қызметінде өт­кен брифингте облыс әкімінің орын­басары Балжан Шәменова, облыстық санитариялық-эпиде­мио­­логиялық бақылау депар­та­менті басшысының орын­басары Әлия Әбдіқайымова, облыстық полиция департаменті бас­ты­ғының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов пен облыс­тық денсаулық сақтау басқар­ма­­сының басшысы Сәбит Па­зылов кеселдің жолын кесу ба­ғы­­тын­дағы бірқатар шараны атап өтті.

Балжан Мөрәліқызы індеттің егде, жұмыспен қамтылмаған және екпе алмаған азаматтар арасында жиі тіркелуі назар аударарлық мәселе екенін айтты. Сонымен қатар жедел жәрдемге күніне 80-ге жуық шақыру келіп түсетіні, республикада ке­ңі­нен таралған «Дельта», «Дельта плюс» штамдарының облыста кеңінен таралуы алаң­да­татынын баяндады. Облыстық санитариялық-эпи­де­мио­ло­гиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары был­тыр осы кезеңде өлім-жітім көп болғанын, соның өзінде ас, той өткізу тыйылмағанын жеткізді.

– Наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін сәуірде ауру саны күрт жоғарылап, тәуліктік тіркелу артты.

Халық ас беру, той-жиын­нан бас тартқан емес. Жақында қала­да орналасқан «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрамханаларында отбасылық шаралар өткізілгені белгілі. Дегенмен, бұл шаралар мониторингтік топтар назарынан тыс қалған. Дәл осындай шаралар аудан көлемінде де өткізілуде. Сондықтан бізге мониторингтік шараларды күшейту қажет, – деді Ә.Әбдіқайымова.

Облыстық полиция депар­таменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов өңірдегі мониторингтік топтар жұмысын күшейту мақ­­сатында оның құрамына тәжірибелі сала басшылары тар­тыл­ға­нын хабарлады. Сон­дай-ақ, бү­гінде 252 нысан «Ashyq» қо­сымшасына енгенін айтты. Ал, облыстық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов жүк­теменің артуына байланысты инфекциялық төсек-орын саны 3 есеге ұл­ғайғанын, 1820 төсек-орын ұйым­дастырылғанын мәлім­деді.

– Қажетілікке қарай инфек­циялық және провизорлық ста­ционарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жақын күндері модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы да ашылады. Үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға қарайтын 138 дәрі­герлік мобильдік топ құрылған. Мобильдік топ дәрі­герлерінің науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды. 29 шілдедегі мәлімет бойынша 216564 адам вакцинаның І компонентін салдырды, II ком­понентпен 142 944 адам қам­тылды. Алайда, вакцина алған тұрғындар арасында да індет жұқтыру фактілері бар, бірақ салдары жеңіл өтуде, – деді басқарма басшысы.

Спикер бұдан бөлек ба­ла­лар арасында инфекцияның  өршуі белең алғанын айтты. Мәселен, шілде айында 145 дерек тіркелген, бүгінде оның 51-і – амбулаторлық, 49-ы – стационарлық бақылауда. Бала­ларға вирус вакцина сал­дырмаған ата-аналарынан жұқ­қан. Олар екпе салдырмаумен қатар санитарлық нормаларды сақтамаған, яғни көпшілік орындарға барған. Бұл ретте сала мамандары соңғы мәліметтер алаңдататынын айтты. Дәрі­герлер қауымы қолдан келген ем-домның бәрін жасауда. Бірақ, індеттің құрығына ілікпеу ең бірінші өзімізге байланысты.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<