«Қазалы» конфеті

2410

0

Өткен жолы сыныптастармен кездесуге сырт өңірлерден келген достар мен ұстаздарға кәдесый дайындауда аздап тосылыңқырап қалдық. Кенет «Қазалы» конфеті санамызға сарт ете қалсын. Ұсынысты бәрі қызу қолдадық. Конфет  цехының  егесіне  жолығып, шаруамыздың мәнісін  айттық.

Тапсырысымыз жедел әрі сапалы орындалды. Осылайша әсем безендіріліп, жинақы қорапшаға салынған «Қазалы» конфеті қолымызға тиді. Сондағы мақтаныш өз өніміміздің кәдеге жарағаны еді.

Сол «Қазалы» конфетінің тарихы ертеден басталады. Алғашқыда қара­байыр тәсіл­мен өзге ұлт өкілдері шығарыпты. Кеңес өкіметі тұсында кірпіш зауытының кон­дитер цехында дайындалған тәттіні  Мәскеу теле­арнасының күлкіге айналдырғанын көгілдір экраннан көрген шығарсыз.  Десе де, сол кездің өзінде Қазалының кон­фетіне сұраныс мол болатын. Ал конфетке қажетті қоспалар Украина, Ленинград, Мәскеуден жеткізіліп тұрды. Кеңес одағы ыдырауымен конфет шығару жайы  да тоқырауға ұшырады. Жұмыссыз қалған мамандар жан-жаққа тарап кетті. Дәмі тіл үйірген тәтті көзден  ұшты.

Уақыт өте келе Фатима Қазбергенова есімді жеке кәсіпкер осы  шаруаны қолға алды. Оған іргелі әулеті түгелдей  қолдау көрсетті. Жұмысқа білікті де байырғы мамандар тартылды. Ақыры конфет шығару қайта жанданды. Әрине, талай рет қиналуға тура келді.  Фатиманың  сауда саласында жинаған мол тәжірибесі кәдеге жарады. Кәсібі алға басты. Елге танылды. Санаулы адаммен бастаған конфет цехы  ұлғайды. Қосымша дүкен, нан цехын  ашты.

Қазіргі таңда  Нұрбек Қазбергенов анасының жолын жалғастырып, конфет цехына  басшылық жасайды. Ал  Фатима – шаңырағының ұйытқысы,  немерелерінің  абзал әжесі.

Нақты кезеңде жеке кәсіпкер конфет өнімдерін шығарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Кәсіпкер мем­лекеттік бағдарлама аясында несие алды. Оған конфет өнімдерін өндіретін заманауи құрал-жабдықтар алып, цех жұмысын кеңейткен. Цехта «Қазалы» конфеті өнім­дерінің жалбыз (ащы), барбарис, саломка (бор кәмпит), ала кәмпит  және өзге де түрлері шығарылып,  7 адам еңбек етеді.

Аталған цех – аймақтағы тәтті кәмпит түрлерін дайындайтын автомат­тандырылған жалғыз кәсіпорын. Қазіргі таңда карантин талаптарын сақтай отырып, күніне конфеттің 8 түрінен 500 келі өнім әзірленеді. «Саломка», «Барбарис», «Маусым», «Қазалы» кәм­питіне сұраныс жоғары. Дайын өнімдер Қызылорда мен Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау облыстарына жөнелтіледі. Өзге облыс­тардан да сұраныс бар. Айта кетерлігі, өткен жылдың маусым айынан бастап «Қазалы» кәмпиті өнімдері жаңа үлгідегі қаптамада шығарылуда.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<