Қиындықтан шығар жол бұл емес

695

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін шешумен жүйелі айналысуды тапсырып, бала құқығын қорғау жұмыстарына ерекше назар аудару керектігі айтылды.

Осы орайда оқу процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірімізде мектеп психологтарының жұмысын күшейту облыстық білім басқармасы қызметінің басым бағыты ретінде айқындалған. Қазір облыста 470 педагог-психолог жұмыс жасайды. Соңғы бес жылды алып қарасақ, өңірімізде жасөспірімдермен күнделікті жұмыс жүргізетін психологтардың кәсіби дең­гейін арттыруға ерекше назар аударылып, тиісті оқыту-ұйымдастыру іс-шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Мәселен, 2015 жылдан бас­тап облыстағы педагог-психологтар жыл сайын арнайы оқытудан өтті. Сондай-ақ білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығы (әдіс­­темелік кабинет) мен «Bilim Foundation» қоғамдық қорының қызметкерлері бір­лесе  облыс бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына, директорлардың тәр­бие ісі жөніндегі орынбасарларына суицидтің алдын алу бағыты бойынша арнайы оқыту семинарлары мен педагог-психологтарға арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастырды.

Оқу семинарларының маз­мұнына тоқталсақ, курс барысында білім ордаларындағы менеджер-қызметкерлер және ата-аналармен тығыз жұмыс істейтін педагог-психологтармен бірге суицидке итермелеуші факторлар жайлы, әсіресе, әлімжеттік (буллинг), перфекционизм, үрей, стресс, депрессия, кибербуллинг секілді мәселелер егжей-тегжейлі талқыланады. Аталған мәселелер ғылыми тұрғыдан қарапайым тілде түсіндіріліп, оларды прак­тикалық тұрғыдан шешу жолдары қарастырылады.

Кәмелетке толмағандарды психологиялық қолдау бағы­тында онлайн режиміне бейім­­дел­ген бірқатар жұ­мыс­тар да атқарылды. Арнайы жас­өспі­рімдерге пси­хо­ло­гия­лық көмек беру орталығы ашылды. Психо­логтарға әдіс­темелік вебинар­лар­ жүр­гізілді, әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы психологиялық кеңестер бе­рі­луде,  ата-аналармен байланыс орнату мақсатында онлайн  отбасылық марафондар өткізілді.  Білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында 87710854957 се­нім телефоны және bfline.org онлайн сайты жұмыс жасап, көмек беруде. Психологиялық сүйемелдеу тобындағы жасөс­пірімдердің демалыс уақы­тын тиімді ұйым­дастыру мақса­тында онлайн лагерь өткізілді.

Әрбір адам айналасын­дағы­ларда психологиялық өзге­­рістің болып жатқанын арнайы белгілер арқылы біле алады. Мысалы, психологиялық өзгерісі бар адам дұрыс ұйықтай алмауы мүмкін немесе керісінше шамадан тыс ұйықтап кетуі мүмкін, тәбеті болмай қалуы мүмкін немесе шамадан тыс тамақ жеп кетуі мүмкін, жұмысқа, сабаққа барғысы келмеуі мүмкін, ешнәр­сеге қызықпай қалуы ықтимал. Себепсіз ашулану, тұйықталу, оқшаулану, өзіне деген жеккөрушілік, мұңлы музыка тыңдау, жақын­дары­ңыздан: «Мен өмірден шаршадым…», «Менің отбасыма менсіз жақсы болар еді», «Мен өлсем, кімнің шаруасы бар онда», «Мен кеткім келеді», «Мен бұдан былай өмір сүргім келмейді», «Жақында мен туралы алаңдамайтын боласыздар» деген сөздер естісеңіздер, онда бұл оның бойында, назар аударуды талап ететін, эмоционалды қиындықтардың орын алуын көрсетуі мүмкін.Егер осындай белгілерді байқасаңыздар, онымен сөйлесіп, арнайы көмектің қажеттігін түсіндірген дұрыс.

Алдағы оқу жылдарында балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психикалық саулығын күшейту мақсатында және Президенттің қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру барысында білім басқармасы жүйелі жұмыстар дәстүрін жалғастыра беретін болады.

Жұмагүл БАЯНОВА,

«Bilim Foundation»

қоғамдық қоры

аймақтық өкілдігінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<