Қоржын қоламен қайтты

348

0

Күні кешегі Токио Олимпиадасы да тарих қойнауына көшті. Көңіл құрғыр алаң күйде қалды. Қазақстан қоржынына түскені – сегіз бірдей қола медаль. БАҚ атаулының талқысын қыздырып тұрған бұл тақырып шын мәнінде көп олқылықтың ойсыраған орнын көрсетіп-ақ берді. Әсіресе, әлеуметтік желінің айдарынан жел есіп, оңды-солды пікірлер пәрмендеп тұр. Қалай дегенде де Токиодан алған олжамыз Қазақстан үшін қанағаттанғысыз.

Көп мәселе бапкерге байланысты

Алдымен бапкерлер жа­йында ой қозғап көрсек. Байқасаңыз, біздегі мамандардың көбісі елуді еңсеріп қалған азаматтар екен. Әрине, тәжірибесі толысқан мамандардың жастарға тәлім бергені жақсы. Алайда, олардың бұдан бұрынғы жетістігі қандай еді? Өкініштісі, бізде осы жағы кемшін тартып қалған тәрізді.

Бокстан ұлттық құрама бапкері Ғалымбек Кенжебаев Олимпиадаға қандай шәкірттерін алып барды? Мәселе осыда.Токиоға елімізден барлық салмақта боксшылар барды. Мұндай жағдайда олардың жартысынан астамы кем дегенде жартылай немесе ширек финалға дейін сүрінбей жетуі тиіс еді. Амал қанша, қазақстандық жанкүйерлер боксшылардан мұндай серпілісті байқаған жоқ. Тіпті, жұмыр жерде аталған спортқа енді-енді көңіл бөліп жүрген кейбір мемлекеттен келген қарсыластарынан оңбай таяқ жеп, ойсырай ұтылды. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, ­Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев сынды саңлақтардың көзіндегі от, ұмтылыс бұл жолғылардың бірде-бірінен бай­қалған жоқ.

Олимпиада алдында Бекзат Нұрдәулетов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаев сынды жастардан үлкен үмітіміз бар еді. Өкінішке орай, олардың арасынан Қамшыбек қана жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде алды. Бұған дейін ешкімге белгісіз болып келген Сәкен Бибосынов болашағынан үміт күттіретін спортшы екенін аңғартты. Қола жүлде алды.

Бокстан ұлттық құрамада кейбір салмақтағы жігіттеріміз өте әлсіз. Мәселен, биыл 34 жасқа келген Закир Сафиуллин жолын неге жастарға берген жоқ? Аталған салмақта тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп жүрген жастарымыз бар еді ғой. Олардың сағын сындырып алған жоқпыз ба? Қайрат Ералиев, Ілияс Сүлейменов сынды боксшыларымыз бар еді. Сондай-ақ, 91 келіде сынға түсіп жүрген 33 жастағы Василий Левитті де алмас­тыру қажет еді. Бұл пікіріміз өткеннен кейінгі өлшем емес, алдын ала таразылайтын мәселе.

Токиодағы сәтсіздіктер жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев түсініктеме берді.

– Кеткен кемшіліктермен жұмыс міндетті түрде болады. Бұл мәселеде боксшылармен қатар жаттықтырушылармен де жұмыс жасаймыз. Жалпы біз бас бапкерді тағайындағанда оған бар жауапкершілікті жүктейміз. Әрине бапкерден бөлек, спортшыға да байланысты. Боксшылар Сәкен Бибосынов секілді алаңға шыққаннан соң соңына дейін күресуі тиіс, яғни жаттығу кестесі мен режимді әзірлеп жоспар құрады, ал спортшы соған сәйкес тиісті деңгейде жаттығып, бар күш-жігерін салуы қажет. Әр Олимпиада ойындары мәресіне жеткен соң, спортшылар, жаттықтырушылар, Ұлттық Олимпиада комитеті, спорт федерациялары өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтеді. Сол жерде мәселе кеңінен қаралып, қажет болған жағдайда бас бапкер мен жаттықтырушылар қайта тағайындалады. Осы жолы да Токио Олимпидасынан соң кезекті жиын өткізіп, жіберілген ­қателік-кемшіліктерді қараймыз, – деді ол.

Балуандарға не болған?

Токио төрінде грек-рим күресінен барған балуандар да ешқандай үмітті ақтаған жоқ. Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) және Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) жүлденің ауылынан алыс болды. Ал еркін күрестен Нұрислам Санаев (57 келі) қана қола жүлдегер атанды. Қызыл­ордалық Дәулет Ниязбеков (65 келі) бесінші орынды қанағат тұтты. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасындағы көрсеткішін тағы қайталады. Әйелдер күресінен барған үш спортшы да жанкүйерлерге қуаныш сыйлай алған жоқ. Ал су добынан ұлттық құрама топтық кезеңдегі барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберіп, іріктеуде іркілді.

Ел құрамасынан жеңіл атлетикада ешкім жарқыраған жоқ.  Осындай олқылық байдарка мен каноэ есу, слаломды есу, академиялық есу, жүзу, үйлесімді жүзу, тректегі велосипед спорты, велошоссе, таэквондо, спорттық құзға өрмелеу, нысана көздеу, стенд ату, садақ ату, қазіргі бессайыс, семсерлесу, көркем гимнастика секілді спорт түрлерінің бәрінде қайталанды. Бұған дейінгі Олимпиадаларда да аталған сайыс түрлерінен барған жастар бос қайтқанын жақсы білеміз. Бәлкім, біз үшін енді саннан гөрі сапаға жұмыс жасаған дұрыс шығар. Сонда әуре де аз. Қаржы да үнем болар еді.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов­тың айтуынша, биыл екі бірдей әлемдік додаға қатысатын болғандықтан 15,6 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде спортшылардың жалақысы, қажетті құрал-жабдықтар алу, медициналық көмек, жиындар өткізу, лицензия ұтып алу сайыстарына қатысу секілді бірнеше бағыт бар. Ендігісін өзіңіз саралай беріңіз.

Үміт артатын үздіктер бар

Күншығыс елінде кейбір спорт түрлерінен саңлақтарымыз тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Мәселен, каратэ-до сайысынан Қазақстан атынан бес спортшы қатысып, екеуі қола медаль олжалады. Дархан Асаділов пен Софья Берульцеваны бастапқыда ешкім елемегендей еді. Каратэ-до Олимпиада бағдарламасына биыл алғаш рет қосылып отыр. Соған қарамастан екі спортшы ерледі.

Қызылордалық Мөлдір Жаң­быр­бай да топтық кезеңдегі іріктеу сатысында тәжірибелі қарсыластарынан қаймықпай, өзінің болашағы зор екенін аңғартты. Небәрі 24 жастағы спортшы алдағы бәсекелерде жерлестерін қуантады деген ойдамыз.

Қазақстандық ауыр атлеттер допинг дауына байланысты біраз уақыт беделді бәсекелерден шеттеп қалған болатын. Бұл жолғы нәтиже – қос қола. Бокс пен ауыр атлетикада көш басында жүретін Қазақ елінің осы жолғы көрсеткіші расында еңсені түсіріп тастады. Кім білсін, Өзбекстанға алтын медаль алып беруге күш салған қазақстандық Елжас Болтаев сынды мамандарды қайтадан қатарға тартуымыз қажет шығар. Оны да тарзылайтын сәт туды.

Бір сөзбен айтқанда, Токио Олимпиадасы бізді екіұдай сезімде қалдырғаны рас. Қоғамда қайшыласып тұрған сан түрлі пікір ауанына ендігі жерде дұрыс байлам болатын іс-әрекет қажет. Көптің күтетіні – жақсы нәтиже, намыс­тың биікте атой салуы.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<