Қызылордада жылу беру нысандарының қысқа дайындығы пысықталды

441

0

Қызылордада жылу беру нысандарының алдағы маусымға дайындығы пысықталды. Бұл облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жылу беру маусымына дайындық жөніндегі көшпелі облыстық штаб отырысында талқыланды.

Биыл «Қызылорда жылу-электр орталығы» кәсіпорнының №9 қазандығы, №3 турбогенератордың бөлшектері ауыстырылды. Оған қоса турбиналық қызметтің технологиялық құбыры және оңтүстік қазандықтағы №7 ВОNО SG қазандығына күрделі жөндеу жүргізілді.

Бүгінгі таңда қаладағы жылу желілері сумен толтырылып, жоғарғы қысыммен сынақтан өткізілді, жылу беруге дайын.

«Жылу беру маусымының басталуына 10 күннен астам уақыт қалды. Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысып қайттым. Кейбір нысандар дайындықты қажет етеді. Жылу беру маусымына дайындықта кемшіліктер болмауы керек», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында аймақтың жылу беру маусымына дайындық барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев хабарлама жасады.

«КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 дана ГРП мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстары 100%-ға орындалды.

Сондай-ақ, «Қызылорда Су жүйесі» МКК бойынша 1,5 шақырым ауыз су және кәріз жүйелеріне, ауыз су қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары толықтай орындалған.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын қажет. Зерделеу барысында әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына қажетті қатты және сұйық отынға келісім шарттары жасалғаны нақтыланды. Сонымен бірге отын сақтайтын қойма, резервуарларының көлемінің шектеулі болуына байланысты қажеттіліктің тек 65 пайызы жеткізілгені анықталды. Қалған көлемі келісім шарт талаптарына сәйкес кезең кезеңімен жеткізіледі.

Жоспарланған 527 білім, 288 мәдениет, 247 денсаулық сақтау нысандарына және 708 кіші қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарының 99 пайызы алынған.

Бүгінгі күні тұрғындарға қажетті көмірдің 64 пайызы өңірге жеткізілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде көмір отынының бағасы өткен жылғымен салыстырғанда тұрақты.

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың желтоқсан айында Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңадан 14 көпқабатты пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің магистралды және кварталішілік жылу құбырларының құрылысы жоспарға сәйкес жалғасуда. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқталады.

Аймақ басшысы жылу беру маусымы өз деңгейінде өтіп, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасауларын қажет екеніне тоқталды.

Жиында әлеуметтік сала нысандарының дайындығы да пысықталды. Алдымен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жалғас Үсенов атқарылған жұмыстарды тізбектеді.

2021-2022 жылдарға арналған жылу маусымына денсаулық сақтау ұйымдарының отын қорына барлығы тиісті қаржы қаралып, келісім-шарт жасалды. Бүгінгі күні 32 денсаулық сақтау ұйымдарынан 21-і қысқы маусымға дайындығы жөнінде паспорты алынды. Қалған медициналық ұйымдар қысқы маусымға дайындығы жөнінде паспорт алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау нысандарындағы жылу маусымына дайындық барысы тікелей бақылауында болатынын айтты.

«Денсаулық сақтау саласына қарасты нысандарда қатты отынмен қамту 54 пайызды құрап отыр. Келісім-шарт жасалғанмен, жеткізілу әлі де төмен. Сала нысандарын көмірмен қамтуды толықтай орындаңыздар», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыстық білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов баяндауынша, жылу маусымына қажетті қатты және сұйық отынның қажеттілігі барлығы 40871,1 тоннаны құрайды. Оның ішінде сұраныс қатты отынға – 25145,6 тонна, сұйық отынға – 15725,4 тонна. Биыл отын қорын сатып алуға облыс бюджетінен қажетті қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, толық жылу маусымына қажетті отын қорына келісім-шарт жасалған. Қалған бөлігі 15 қазанға дейін жеткізілмек.

Облыс әкімі білім нысандарында да қажетті сұйық отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін 10 қазанға дейін толықтай орындау міндетін жүктеді.

Жиын соңында облыс әкімі 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, барлық көпқабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын ағымдағы жылдың 5 қазанына дейін қамтамасыз етуін, Наурыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстарын мерзімінде бастап, жыл соңына дейін бөлінген қаржының игерілуін бақылауға алуды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<