Сенат депутатының сапары

270

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен Қазалы ауданында да болды.

Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен құрылысшылар қатысқан жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық етті.

Кездесуде Сенатор Парламентте атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп ауданда балабақшаларды жан басына қаржыландыруға байланыс­ты көптеген мәселе бар екендігін айтты. Мұнан соң ол халық қалаулысына көпшілікті мазалап жүрген түйткілді сұрақты қойды.

– Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыруға ай сайын қаржы аударып отырған аудандағы меке­мелердің қызметкерлері нелік­тен жыл сайын өтетін медициналық тексеруге қал­та­сынан қаржы төлейді? Бұл қызмет түрі ақылы болатын болса, ай сайын не үшін айлығының бір бөлігін аударып отыр? – деді облыстық мәслихат депутаты.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев баға тұрақтылығы мен мем­лекеттік сатып алудың кейбір мәселелерін көтерді.

Басқосуға қатысқан «Намыс құрылыс» ЖШС директоры Әбдімәлік Өтеулі, «Жылу ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов, «Қазалы Строй Сервис» ЖШС директоры Әділбек Сарабеков мемлекеттің сатып алу конкурсындағы кейбір кемшіліктер туралы айтты. Олардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып базбір құрал-жабдығы жоқ мекемелер танылып жатады. Сондай-ақ, көп жағдайда кейбір құрылыс мекемелері жеңімпаз атану үшін бағаны 40-50 процентке дейін түсіріп жібереді. Мұндай жағдайда құрылыс нысанының сапасы болмайтыны белгілі. Құрылыс мекемелерінің басшылары Сенат депутатынан осы мәселелерді шешуге көмектесіп, Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуін сұрады. Мұрат Бақтиярұлы көтерілген мәселелердің маңызды екенін жеткізіп, ұсыныс-пікірлердің барлығын тиісті орындарға жеткізетінін айтты.

Сенат депутаты Әйтеке би кентінде салынып жатқан Жалаңтөс батыр ескерткіші мен «Аймақаш» шағын ауданында құрылысы жүріп жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің «Қарлаң» учаскесіндегі қалқымалы көпірге барды. Мұнда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев осы маңнан салынатын темір-бетон көпірінің жоба-сметалық жобасы дайын­далып, сараптамадан өт­кізілгендігін жеткізді. Көпір құрылысын салу үшін 4,4 млрд теңге қаржы қажет.

Сенатордың аталған ауданда «Жалаңтөс батыр» ЖШС егін алқабына да аялдады.

Серіктестік директоры Қасқырбай Әлімбай, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев, «Кіші Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Әнес Дидаров егін және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Айта кетейік, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұған дейін жұмыс сапарымен Арал ауданында болып, қаладағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығымен танысып, ауылдық округтерде тұрғындармен жүздесті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<