Суға кеткен бала көп жағажай мәселесі қашан жөнделеді?

520

0

Шілде шықты, әйтсе де суға шомылу маусымы әдеттегідей қарбаласқа толы. Әсіресе, аптап ыстықта көпшілік өзен-көлді жағалап, суға түсуге арналған орындарда адам қарасы көп.

Жекелеген орындардың жарнамасы да жер жарып тұр. Бағасы, қызметі, бәрі-бәрі көрсетілген. Байланыс телефонын теріп, алдын ала тапсырыс беріп қоюға да болады.  Олардың көпшілігі қала іргесінде орналасқан.  Дегенмен, баға қандай?  Ха­лыққа  қолжетімді ме? Балаларға қан­дай жеңілдік бар? Сарапқа салып көрген едік. Қайрат Темірұлы – көпбалалы шаңырақтың отағасы. Бір айда екі мәрте балаларын суға түсу орындарына апарады екен. Әйтсе де бағаның  қалтаға салмақ салатынына  қынжылады.

  – Біршама уақыт бұрын қала іргесінде орналасқан кешеннің біріне бардық. Үлкендерге 2000 теңгеден төледік. Ал, 3 жастан асқан балаларға 1500 теңгеден алды. Кіру ақысының өзіне біршама қаражат жұмсалды. Оның үстіне тағамдары да қымбат. Әжептәуір шығындалып қайттық. Негізі мұндай орындардың өзі санаулы. Барының қызметі қымбат, ал жағажайдың жағдайы көптің көңілінен шықпайды. Сонан келіп дария бойын жағалайды. Каналдар мен жабайы су айдындарына түсушілер көп, – дейді ол.

Бұл сөздің жаны бар. Өйткені нақты жағдайдың сипаты осы. Ең қиыны қайғылы оқиғаның жиілеуі алаңдатады. Деректерге жүгінейік, қазіргі таңда елімізде шомылуға рұқсат берілген 469 орын болса, оның 300-ге жуығы жекеменшік екен. Жалпы, Қазақстанда 50 мыңнан астам су айдыны бар. Шомылу маусымы алдында елімізде 48 жылжымалы құтқару бекеті қойылған. Демалыс орындарында арнайы дайындықтан өткен мамандар бақылау жұмыстарын  жүргізеді. Бұл қауіпсіздік үшін. Ал, рұқсат етілмеген аумаққа суға түсу дағдыға айналып барады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте суға түсу маусымы басталғалы жағдай мәз емес екенін айтты. Адамдардың суға кету дерегі алаңдаушылық тудыруда. Тиісті мамандардың атқарып жатқан жұмысына қарамастан облыста жыл басынан бері 35 оқиға тіркеліп, 40 адам қаза тапқан. Өкінішке қарай, оның 21-і бала.  Былтыр   22 адам суға кетсе, оның 7-і бала еді. Биылғы көрсеткіш үрейіңді ұшырады.  Аптап ыстықта өзен-көлді, дария жағасын жағалағандар азаяр емес. Судан құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайтындар да көп. Салдары мынау: оқыс жағдай, қыршын кеткен балалар.

Жедел-құтқару жасақ басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетовтің айтуынша, қала аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай бар. Олар «Сыр самалы» және Белкөл кентінде орналасқан «Абай» жағажайы. Қазіргі таңда Эдельвейс саяжайының жанында орналасқан коммуналдық жағажайдың құрылысы жүріп жатыр. Десе де, бұл тұрғындар үшін жеткіліксіз. Сондықтан көпшілік жабайы жағажайларға түсуге мәжбүр көрінеді.

– Облыста суға түсуге арналған жаға­жай санаулы ғана. Жақында қала іргесінде  орналасқан бір жағажай пайдалануға бері­леді. Қазір суға түсу маусымы. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі суға түсіп, бой сергітуге әуес. Әсіресе, балалар ата-ана­ның бақылауынсыз суға түсіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуда. Осы мәселеге келгенде біздің де өз айтар ұсынысымыз бар. Жалпы, жағажайлар кәмелет жасына жетпеген балаларға тегін қызмет етуі тиіс. Сонда суға кеткен бала саны азаяр еді. Мәселен, мынадай жағдай орын алған. Бір топ бала жағажайға суға түсуге барады. Кассадағы бағаны көріп суға түсуден бас тартады. Себебі, қымбат. Әлгі балақайлар қалтасындағы ақшасына сусын мен тағамын алып, каналға беттейді. Рұқсат етілмеген аумаққа суға түседі. Салдарынан бір бала суға кетіп, бір отбасы перзентінен айырылады. Сондықтан кәмелет жасына жетпеген балаларға тегін қызмет көрсетсе екен деген ойымыз бар, – дейді М.Доспенбетов.

Сонымен жағажайдың аздығы мен тарифтің қымбаттығы жалған болмай тұр. Ал құтқарушылар қызметі қандай?

Шомылу маусымы кезінде  жедел-құтқару жасағы сақадай сай, құрал-саймандары түгел тұрады дейді мамандар. Әзірлік жұмыстары пысықталып, құтқару­шылар үнемі жаттығу жұмыстарын жүр­гізіп отырады. Мамандар облыс аума­ғынан өтетін Сырдария өзені бойына және қала, аудан аумағында орналасқан су айдын­дарында тұрғындарға, әсіресе жастар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті рейдтік шараларды кү­шейткен. Әсіресе, кешкілік мезгілде және демалыс күндері адам қарасы қалың бола­тынын ескеріп, тексерісті тоқтатып жатқан жоқ. Алайда, олардың ескертуін елейтіндер аз. Қысқасы, суға түсу мау­сымы мен оның аясындағы ахуал биыл тіпті күрделеніп тұр. «Сақтықта қорлық жоқ» дегенді ұмытпайық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<