Тәтті кәмпит, ащы таяқ

1071

0

Бала күнімізде кәмпитті көп ұрлап жедік. Содан болар, ерекше тәтті. Ұрламасыңа қоймайды. Ол кезде кәмпит деген қат. Көбіне ақ бор түрі болатын. Түрлі-түсті, тістесең, тісің сынатын тас кәмпит те бар. Әжеміздің зейнетақысына анамыз бір-екі келісін әкеледі. Оны әжем бірнеше бөлікке бөліп, қалтаға салып, ескі шифоньердің ішіне тығып, сары майдай сақтайды. Бізге күніне бір екі түйірлеп береді. Оны да еңбекпен аласың. Әбден сілеңді қатырып, қолыңа ұстатқанда күні бойы шаршағанымызды ұмыта кетуші едік. 

Бірде қызық болды. Анам қонақ күтуге алдын ала да­йындалды. Тапқан таянғанын алып, базарға кетті. Түс уақытында ауылға қатынайтын жалғыз автобустан күтіп алдық. Жүзінде бір шаруаны бітіргеніне деген қуаныштың лебі бар. Әйел адамға қонағын барын беріп күту маңызды. Дастархан қамымен жүріп артынан келген сандыққа беттеді. Біздің ішіміз сезіп тұр. Кәмпитті бұл жолы сандыққа салып, құлыптайды. Оның да себебі бар. Осы кезге дейін кәмпит тыққан орынды жаңылмай тауып алатынбыз. Соны анам сезсе керек. Бұл жолы сандыққа салып, кілтті жіпке байлап, мойнына тағып алды. Өзі бұл қылығына мәз. «Ал, енді алып көріңдер» дегендей бізге көзінің қиығымен қарап, бөлмеден шығып кетті. Аң-таңбыз. Енді қалай болар екен деп бір-бірімізге қараймыз. Ол кезде ес білетін үшеуміз. Үлкеніміз, мен және ортаншы қыз. Қалғандары әлі дымның мәнін білмейді. Бір күні әпкем шақырып үшеуміз ақылдастық. Ол қанша таяқ жесе де, кәмпиттен қайтқан емес. Біз де осал емеспіз. Содан жоспар құрдық. Анам екі мезгіл жұмысқа баратын. Ал, әжемнің ауырып жүрген кезі. Көбіне бөлмесінен шықпайды. Әкеміз болса да егіс басында. Үйге аптасына бір келеді. Содан анамның жұмысқа кеткен сәтін күттік. Ол да кетті, бізде түпкі бөлмеге жүгірдік. Өзі анамның артынан келген екі сандық. Бірі – үлкен. Онда жүк жиналады. Ал, екіншісі – кішкентай. Ол анамның, қа­зіргі тілмен айтқанда, сейфі. Тәуірін сонда тығады. Осы жолы көздегеніміз  сандық. Иә, ішін­де кәмпит бар болса…

Енді қызық жерін айтайын. Әпкем әкемнің құрал-жаб­дық тұратын ескі қора­бынан балға әкелді. Онымен сандық топтасын ұра бастады. Бір кезде сарт-сарт етіп екі топса да жұлынды. Көзіміз шарасынан шығардай күйдеміз. Ойда – тек өткенде анамыз әкелген сырты түрлі-түсті кәмпиттер. Ашып тастап, әрқайсысымыз етегімізге салып, сандықтың аузын туралап қойып, далаға жүгірдік. Үй артындағы бақта отырып, кәмпиттің бәрін тауысып жеп, қағазын тығып тастадық. Жеп болған соң бойды  қорқыныш биледі. Анам қашан білер екен? Әлгі қамыр жаятын оқтаудың да орнынан қозғалмағалы біраз болып еді. Не болса да бір таяқ жейтін кез келді. Оны жақсы түсініп тұрмыз.

Содан күндер өте берді. Қонақ келетін күн жақын. Қаладан әкемнің әпкесі келді. Ет асылды. Үлкен тамақ желін­геннен кейін, екі иығы­нан демалып самаурын келді. Анам үлкен әпкемді оңаша шақырып, мойындағы кілтін беріп, сандықтағы кәмпитке жұмсады. Ол көзі жәудіреп, мені меңзеді. Мен кіші қызды меңзедім. Осы кезде анам кілт тоқтап, түпкі бөлмеге өзі жылдам баса жөнелді. Шамасы, кәмпиттің құрығанын сезгендей. Біз үшеуміз далаға зып бердік. Биік етіп жиналған жоңышқаның етегінде тұрған сатымен өрмелеп төбесіне шықтық. Қозғалмастан жатырмыз. Әкемнің әпкесі үйде ұзағырақ болса дейміз. Себебі, анамыз ешқашан қонақтың көзінше бізге дауыс көтермейтін. Әжем солай ескертетін. «Қонақ келсе балаға дыбысыңды шығарма, жақтырмай жатыр деген ойға қалады» деп отыратын. Сол санасында жатталып қалған болуы керек. Бірақ қашанғы үйде болады? Қазір екі сағаттан кейін көлігі келеді. Сосын көресің тоқпақтың көкесін. Түс кезі ғой. Күн шыжып тұр. Үшеуміз шөптің үстінде жатырмыз. Маңдайдан аққан тер бетімізді жуып, көзіміз ашиды. Қозғалсақ, әпкем ұрсады. Солай жатып ұйқыға кетіппіз. Оянсақ, анам шөптің үстінде тұр. Тіл байланған, басымыз салбырап ескі сарайға тарттық. Анам алдымен жауап алды. Идея авторы әпкем екенін білді. Бұл жағдай бұған дейін сан мәрте қайталанған, айтқан тілді алмағанымызға күйініп, сазайымызды берді.

Енді мұны әкеме айтады. Айтпасқа амал жоқ. Тағы ақша керек. Кешкісін әкем келді. Қабағын бағып біз отырмыз. Көңілі көтеріңкі. Анам өзі де бірдеңе бүлдіргендей әкеме болған жайды әрең айтты. Әкем: «бала болған соң жеген де» деді. Сол күні сары тракторымен ауылдастың қауынын тасып берген екен. Қалтасына қомақты қаржы түскен. Не керек, ертесіне, анам екеуі базарға қайта кетті. Бұл жолы әкелген кәмпитін бізге көрсеткен жоқ. Тек қонақ келетін күні  сары трактордың ішінен алып шықты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<