Тұқым қоры туралы не білеміз?

6634

0

Супермаркетте арбасын сүйретіп, күнделікті қажетті тамағын алатын адам «азық-түлік тауарлары қайдан келеді, қалай өндіріліп жатыр?» деген сұрақтармен бас ауырта бермейді.

Жер шары халқының саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Оларды тамақпен қамтамасыз ету үшін қазіргіден екі есе көлемде азық-түлік тауарларын өндіру керек болады. Бірақ егістіктердің өнім көрсеткіші планета тұрғындары санының өсіміне ілесуі қиынға соғуда. Ал ғаламдық жылыну, жаңа ауру түрлері, көптеген азық-түлік дақылдарының түрін жойып жіберуі ықтимал. Ғалымдардың есептеуінше, өткен ғасырдың өзінде көптеген дақыл сорттарын жоғалтып алған екенбіз. Мәселен, кейінгі жүз жыл шамасында Қытайдың егістік далаларынан бидай сортының 90%-і жойылып кеткен. Түрлі табиғи апаттар немесе ядролық соғыс салдарынан одан да көп нәрсені жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан да  адамзат өмірі мен табиғат тіршілігі үшін маңызды ауылшаруашылық дақылдары мен дәрілік өсім­діктердің тұқымдарын сақтап қалу идея­сы өткен ғасырдың 80-жылдары пайда болған еді.  Алайда, ол идеяны  2004 жылы Өсімдіктердің генетикалық ресурсы жөніндегі халықаралық келісім жасалғанша жүзеге асыру мүмкін болмады.

Ақыр соңында бұл жоба 2006 жылы қолға алынды. Осы жылы Норвегия мемлекеті аумағындағы Шпицберген аралында Дүниежүзілік Тұқым қоры құрылысы басталып, ол 2008 жылы пайдалануға берілді. БҰҰ-ның қолдауымен салынған нысан құрылысына 9 млрд доллар жұмсалған.  Бұл шығынды Норвегия үкіметі және әйгілі миллиардерлер Рокфеллер және Билл Гейтстің қорлары көтерді.

Ғалымдар қойма орны ретінде Шпицберген аралын тектен-тек таңдаған жоқ. Бұл аралға тектоникалық белсенділік қаупі төнбейді. Оған қоса, теңіз деңгейінен 130 метр биіктікте орналасқан арал мәңгілік мұз құрсанып жатқандықтан, өсімдік тұқымдарының дұрыс сақталуына ықпал етеді. Қойма таудың астында 120 метр, теңіз деңгейімен есептегенде 130 метр тереңдікте жатыр. Онда барлық жағдай жасалған. Мұздатқыштармен және жарылғыш заттардан қорғайтын есіктермен, камералармен жабдықталған. Тұқым сақтайтын жерге бару үшін кодталған 4 есіктен өту керек. Бұл ғимарат тұқымдарды жаһандық жылынудан, астероидтардан, бомбалардан қорғайды.  

Қоймада 4,5 млн тұқым түрін сақтауға болады. Қазіргі күні оның үштен бір бөлігі ғана толтырылған. Тұқымдар 18 градус цельциде сақталады. Олар кептіріліп, ауасы сорып алынған герметикалық конверттерге салынады. Конверттер  төртқабатты  пакеттерге оралып, содан кейін барып контейнерлерге орналастырылады. Солтүстік полюстен 1500 шақырым қашықтықта жатқан Шпицберген аралындағы мәңгі мұздақтар тұқымның жақсы сақталуына әсер етеді. Ғалымдар мен инженерлердің айтуы бойынша электрмен жабдықтау жүйесі істен шығып қалған жағдайдың өзінде қойма екі жүз жылдай жұмыс істей беретін болады.

Шпицбергенге астероид түссе, сол жердегі адамдардың бәрі өледі, бірақ қойма аман қалады. Мұның барлығы ғаламдық жылыну орнап, мұздықтар ери бастаған күннің өзінде қойманың әрдайым құрғақ болып, тұқымдардың сенімді қорғалатынын аңғартады.

Қойма қатаң қорғалатындықтан, оны әлемдік Тұқым банкі деуге де болады. Оның есігі жаңадан келген тұқымдарды қабылдау мақсатында жылына екі-ақ рет қана ашылады. Бұл күні қойма ішіне зерттеуші ғалымдардан бөлек, бірнеше журналистке ғана кіруге рұқсат етіледі. Оған туристтер баруына тыйым салынған.

Шпицберген – тұқымдардың сақталуына өте жайлы жер, тіпті, зерттеушілердің болжамы бойынша, ондағы тұқымдар жүздеген жылдар бойы сақталып тұра алады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<