Қызылорда қаласында сотталған азаматтардың рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыруға бағытталған тағылымды мәдени іс-шара өтті. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі төмен №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға отансүйгіштікке тәрбиелейтін «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі көрсетілді.
Аталған шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, тарихи санасын жаңғырту және оларды қоғамға қайта бейімдеуге ықпал ету болып табылады. Кино көрсетілімі барысында жазасын өтеушілер қазақ халқының тарихындағы күрделі кезеңдермен танысып, ел тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен батырлардың жанқиярлық іс-әрекеттері туралы тағылымды ой түйді.
Фильмнен алған әсерлерін сотталған азаматтар да ерекше ықыласпен жеткізді. Олардың айтуынша, тарихи туынды қазақ халқының бірлігі мен батырлығын айқын көрсетіп, рухани жігер сыйлаған.
Өз кезегінде мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Ернияз Жеңіс мұндай тәрбиелік іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – сотталған азаматтарды тек жазасын өтеумен шектемей, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау, адамгершілік және отансүйгіштік қасиеттерін дамыту.
Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, алдағы уақытта да сотталған азаматтарға арналған мәдени-танымдық және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, олардың оң көзқараспен қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіле бермек.






