Бүгін партия алаңында ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан, саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған қоғам қайраткері, партия ардагері Сайлаубай Әбішұлымен тағылымды кездесу өткіздік.
Кездесуде ағамыздың өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен елге сіңірген қызметі туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу болды.
Бұл кездесу партияның «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде қолға алынған «AMANAT: TULGАлар» атты жаңа бастама аясында өтіп, ағамыз алғашқы қонағы.
Сайлаубай Әбішұлы 1946 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін комсомол, партия, ауыл шаруашылығы, мәдениет салалары мен мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды атқарған. Ұзақ жылдар бойы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси өміріне белсенді үлес қосып, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлесін тигізді. Әлі де қоғамдық кеңестер аясында белсенді қызмет етіп, тәлімгерлік бағытта өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Қызылорда қаласы мен Арал ауданының «Құрметті азаматы», ҚР ауыл шаруашылығы саласының «Құрметті ардагері», «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ардагері», «Қазақстан Республикасының Алтын жұлдызы» төсбелгісінің иегері.
Биыл ардақты азаматтың 80 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтуде. Кездесу барысында мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы Кәрібектің арнайы құттықтауын табыс еттім.
Айта кетейін «AMANAT: TULGАлар» атты жаңа бастама түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалардың, соның ішінде партия мүшелерінің өмір жолын, ел дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Алдағы уақытта тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, өмірлік тәжірибе мен ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуге ықпал ететін маңызды алаңға айналатын болады.
Сіздер кімдерді көргілеріңіз келеді? Қызықтырған тұлғалар болса комментарийге жаза отырыңыздар.






