ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

5

0

Фото: облыс әкімдігі

ҚР Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиевтің төрағалығымен кеңес өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылу барысы, туристік дестинацияларды дамыту, мемлекеттік орман қорына 2 млрд ағаш отырғызу, экопарктер құру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов селекторлық режим арқылы қатысты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймаққа келген туристер саны 212 278 адамға жетіп, 25,4%-ға артқан. Қызмет көрсету көлемі 3 млрд 288 млн теңгеге, яғни 42,8%-ға өсті.

Туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт ата әуежайына» үш тілде ақпарат беретін виртуалды карталар мен QR кодтар орнатылды.

Сондай-ақ заманауи музей ашылып, демалыс парктері жаңартылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халық көп шоғырланатын орындарға он бес 102 және SOS дабыл батырмалары қойылды.
Туристік инфрақұрылымды дамытуда бес, үш жұлдызды IBIS Qyzylorda, Pana қонақ үйлері салынып, аудандардағы теміржол вокзалдары жаңғыртылуда.

Туристендіру картасына енген 13 нысанда нақты шаралар қолға алынды. Жергілікті бюджет есебінен Жосалы кентінен Марал баба кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жол жөнделді. Байқоңырдағы зымыран ұшырылымын көрушілерге арналған 400 орындық заманауи киіз үй форматындағы бақылау пункті ашылды.

Еліміздегі алғашқы «Арал геопаркі» табиғи және геологиялық мұраны сақтау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, геотуризмді дамыту мақсатында құрылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі