Волонтерлік – өмір белесі

1101

0

Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Сондықтан да еріктілер қозғалысын дамыту мәселесі назардан түскен емес. Ал, биылғы жылдың волонтерлар еншісінде болуы ауқымды істерге серпін берді.

Бұл туралы «Волонтерлік – өмір белесі» тақырыбындағы облыстық Волонтер жылының жабылу салтанатында айтылды. Шарада жыл көлемінде волонтерлік қызметтің 7 негізгі бағыты бо­йынша жұмыстарды үйлестірген облыстық басқарма басшылары, облыстық «Волонтерлар фронт офисінің» мүшелері мен қала және аудандардағы еріктілер марапат мінберінен табылды.

Кездесу барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Еркін Әбішев осыдан тура 12 ай бұрын еріктілер жылы ресми ашылғанын, осы уақыт аралығында жауапкершілік еселене түскенін айтты. Мерекеде «Жыл волонтері» облыстық сыйлығы табысталды. Бұдан бөлек, халық игілігіне қызмет етіп, Сыр өңірінің әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін 10 волонтерға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Алғыс хаты табысталды.

– Облыстық «Жастар ре­сурс­тық орталығы» жанынан құрылған «Волонтерлар фронт офисінің» еріктілер қатарына қабылданып, «Bilim» бағытын дамытуға атсалысып келемін. Кешегі пандемия өршіген тұста 11-сынып оқушыларын онлайн оқытуға күш салдық, қазір орталықтағы ІТ кітапханада мектеп бітірушілерге  арналған тегін курстар өткізу­деміз. «BIZ BIRGEMIZ» рес­пуб­ликалық акциясы аясында қала тұрғындарына бетперде таратуға атсалысып жүрміз. Кеше осы еңбектің, Сыр еріктілерінің еңбегінің нәтижесінде «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын иеленіп отырмын. Бұл – көмек қолын создым, марапатталдым дегенім емес, өзге де жерлестерімнің осындай игі істерге атсалысып, қатарымызға қосылса деген ниетім, – дейді Талғат Меңдібаев.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<