Жаһан жанарындағы Жапония

356

0

Көңіл алаң, үміт үзілмейді

Жапонияда өтіп жатқан Жазғы Олимпиада ойындарында алғашқы үш күнде Қазақстан спортшылары үш қола медаль алған болатын. Дегенмен одан кейінгі екі күнде қоржынымыз бос. Жүлдегер атануға басты үміткер болған спортшыларымыздың өзі жарыстың алғашқы сатысынан әріге ұзай ­алмай жатыр.

Еліміздің боксшылары бұған дейінгі Олимпиадаларда бос қайтқан емес. Қазірге дейін Қазақстан құрамасы барлығы 69 медаль еншілеген екен. Оның ішінде 22-сі бокстан түскен. Қазақстандық был­ғары қолғап шеберлері барлығы 7 алтын, 7 күміс, 8 қола алды. Бұл – жоғары көрсеткіш. Одан кейінгі орында ауыр атлетика тұр, олар 15 медаль (6-5-4) еншіледі. Ал жеңіл атлетикадан бүгінге дейін 2 алтын, 2 күміс бар.

Токио Олимпиадасына елімізден барлығы 9 боксшы барды. Олардың 8-і ерлер. Өкініштісі, қазірге дейін 5-уі жарыс жолынан шығып қалды. Алдымен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов америкалық Джонсон Делантеге есе жіберді. Аталған салмақта бұдан бұрынғы төрт Олимпиадада алтын медаль бұйырған еді.

Алдымен 2004 жылы Афиныда Бақтияр Ар­таев чемпион атанса, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сапиев, 2016 жылы Данияр Елеу­сінов жеңімпаз болған. Биыл 69 келі көзден бұлбұл ұшты. Үлкен сенім артқан Василий Левит (91 келі) алғашқы бәсекесінде  испаниялық Эммануэль Рейес Пладан нокаутпен жеңіліп қалды.

Алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізген Серік Теміржанов (57 келі) 1/8 финалда америкалық Дюк Реганға есе жіберді. Ол ол ма, бас­ты үміткеріміз  Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) алғашқы жекпе-жегінде  Имам Хатаев­қа ұтылды. 2019 жылғы Әлем чемпио­натында кубалық Хулио Сесар Ла Крус және өзбекстандық Дилшодбек Рузметовты жеңіп, жанкү­йерін желпінткен Бекзат бұл жолы биіктен көріне алған жоқ.

2016 жылы Олимпиада чемпионы атанған Дмит­рий Баландин де финалға шыға алған жоқ.

Токио Олимпиадасында дзюдодан бірнеше жүлде бұйырады деген үміт бар еді. Қола жүлде алған Елдос Сметовтен өзгесі елге бос қайтты.

Қысқасы, әзірге ел жан­күйерлерінің көңілі алаң.  Олимпиаданың бас­тал­ға­нына аптаға жуық уақыт өтті. Қазақстандық спортшылар небәрі үш қоланы місе тұтып тұрған жайы бар. Алдағы күндер ақжолтай жаңалыққа ұлассын дейік!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<