Жаңа оқу жылының жауапкершілігі жоғары

415

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен алқа мәжілісі өтті. Онда білім беру нысандарының 2021-2022 оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды.

– Білім күні жақындап қалды. Биыл оқу жылы дәстүрлі оқу форматында басталады. Бұл бізге үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан балалардың денсаулығына аса көңіл бөлінуі тиіс. Пандемия жағдайын ескере отырып, бұл жұмысқа үлкен жауапкершілік туындап отыр, – деді аймақ басшысы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім бас­қар­масының басшысы Ақзира Қасымова баяндама жаса­ды. Облыстағы білім беру ұйым­дарының жаңа оқу жылына дайындығы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдағы оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177196 оқушы білім алады. Оның ішінде бірінші сыныпқа барлығы 18276 оқушы қабылданды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 25 та­мыздағы қаулысына сәйкес, барлық білім беру ұйымдарына штаттық форматта оқытуға рұқсат етілген. Білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушыларға күн­делікті дезинфекциялық тун­­нель­ден өту, байланыссыз тер­мо­метриямен дене қызуын өл­шеу, қолды антисептиктеу, аяқ киімді залалсыздандыруға арнал­ған кілемшеден өту жұ­мыстары толығымен жүргізілген. Жүріп-тұру біржақты қоз­ғалыс қағидатымен арнайы көрсеткіштермен таңбаланған.

– Сабақтар арасында үзіліс бастауыш, орта және жоғары сыныптарда білім алушылардың барынша ажырауын қамтамасыз етеді. Жылжымалы сабақ кестесі қазіргі таңда жасалып, толығымен бекітілді. «Бір сынып – бір кабинет» қағидаты сақталады. Спорттық іс-шаралар таза ауада өткізіледі. Сондай-ақ, педагогтар, персонал, білім алушылар маска тағу режимін сақтайды. Арнайы орындарда санитайзерлер орнатылған. Білім беру ұйымдарына айына бір рет жеке гигиена қағидаттарын сақтау бойынша нұсқама және олардың орындалуына бақылау журналдары енгізілді. Балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне ғимаратқа кіруге жол берілмейді. Инфекциялық аурулар белгілері барлар анықталған сәттен бастап жеке медициналық жәрдем келгенге дейін немесе ата-аналары келгенге дейін дереу оқшауланады. Немесе үй жағдайында өздігінен оқшаулануды жүзеге асырады. Оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген жағдайда олар 14 күн оқшаулануға жіберіліп, онлайн форматта оқытылады, – деді басқарма басшысы.

Соңғы уақыттары орын алған оқыс оқиғалар балалардың қауіпсіздік мәселесіне түпкілікті мән беру қажеттігін айқындады. Бұл ретте аймақтағы барлық мектептер 100 процент бейнебақылаумен қамтылған. Өткен жылы 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тікелей бақылауына енді. Жаңа оқу жылында 42 қала мектептеріне турникеттер орнатылып, 42 мектеп мамандандырылған күзетпен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді. Барлық білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

– Жаңа оқу жылында Арал ауданы Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп, Қызылорда қаласында 2 мектеп «Nur Otan» партиясының жол картасы арқылы пайдалануға беріледі. Облыста екі мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар жылу беру маусымына дайындық 95 процент деп күтіліп отыр. Жаңа оқулықтар сатып алуға 1,1 млрд теңге қаржы бөлініп, барлық оқулықтар тиісті мектептерге 100 процент жеткізілген. Облыста вакциналауға жататын 22033 педагог бар. Олардың барлығы екпе салдырған. Тиісті техникалық қызметкерлер де толық вакциналаудан өтті. Сондай-ақ алдағы оқу жылында 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 17 мемлекеттік, 13 мемлекеттік емес колледждер. 19775 студент бар. Олардың 5187-сі 18 жастан асқан, 71 проценті вакциналанған. Жатақханалар толығымен дайын, – деді А.Қасымова.

Басқарма басшысы білім беру нысандарының құрылысы бойынша «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында салынып жатқан Жаңақорған ауданындағы 600 және 300 орындық мектептер құрылысының жыл соңына дейін аяқталмау қаупі бар екенін, бұл мәселе бойынша халық тарапынан да көптеген сауал түсіп жатқанын атап өтті. Мектеп құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау қажеттілігі туындап отыр.

Айта кетейік, биыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы жалпы құны 6,1 млрд теңгеге 13 білім беру нысанының құрылысы жүруде. Атап айтқанда, 2450 орындық 7 мектеп, 2 мектепке қосымша құрылыс, тынығу лагері, қосымша білім беру орталығы, оқушылар үйі мен балабақша.

Жиын соңында аймақ басшысы білім, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларына білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды. Білім беру ұйымдарын санитария құрал­дарымен жеткілікті көлем­де қамтамасыз етуді жүктеді. Облыстық сәулет және қала құры­лысы басқармасына жыл соңына дейін пайдалануға беру жос­пар­ланған білім беру нысандарын уақы­тылы тапсыруды міндеттеді. Атал­ған тапсырмалардың орын­далуын бақы­лау және үйлестіру облыс әкімінің орын­басары Балжан Шәменоваға жүктелді.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<