Желтоқсаншылар құрмет төрінде

784

0

Қармақшы ауданының әкімі Қайрат Ырзақұлұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толуына орай желтоқсаншылармен кездесіп, құрмет көрсетті. Аталған жиында аудан басшысы мерейлі мерекеге орай ізгі лебізін білдіріп, Тәуелсіз азат күніміз туралы сыр шертіп, ой қозғады.

– Биыл егемендігімізді айқындайтын ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көп өзгерістер орын алды. Десе де сіздердей нағыз қаһарман ұл-қыздардың ерлігі мен есімі еш ұмытылмайды. Себебі бойларыңыздағы жігерлі намыс, жалынды жүрек пен қайсар мінез – қазақтың ел болуына жол ашты. Сіздердің әрбіріңіздің орындарыңыз бөлек. Қазір Сіздер әр салада табысты еңбек етіп жүрсіздер. Соның арқасында ауданымыз күн санап дамып келеді. Көптеген игі істер жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз арта түсуде. Бұның барлығы – Тәуелсіздік жылдарында біркісідей атқарған еңбектің жемісі. Сіздердің мемлекет игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.

Ел намысы үшін алаңда бой көтерген аудан желтоқсаншыларына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен тағайындалған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаль табысталып, сый-сияпат берілді. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Өткен күндердің естелігі еске түсірген желтоқсаншылар бұл құрметке ризашылығын білдірді.

Алдағы уақытта да Қазақстанның азаттығы үшін күреске шыққан желтоқсаншылардың ерлігін, қаһармандығын дәріптейтін, бағалайтын, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін жиындар жалғасын таба бермек. Себебі егемен ел болуды мақсат еткен ержүрек жастар әрдайым құрметке лайық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<