Жеті ірі жоба

940

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов ауданда алты айда атқарылған жұмыстар туралы айтты. Тіршілігін төрт түлік малмен байланыстырған аудан үшін қуаңшылық мәселесі өзекті болып отыр. Соған сәйкес Арал ауданының аумағында төтенше жағдай жарияланды.

– Негізі мақсат – ел назарын осы жағдайға аудару арқылы қиындықтан бірлесіп өтудің тиімді тетіктерін қалыптастыру. Бүгінде жем-шөп жетіспеушілігі байқалған ауылдарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп жатыр. Бұдан бөлек Болат Өтемұратов қорынан 213 млн теңге бөлінді. Аталған қаржы зардап шеккен халықтың алғашқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталмақ, – деді аудан әкімі.

Төтенше жағдай кезеңінде Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, Аспай суағытқысын іске қосу, Бұрмақұлақ арнасын бөгеу, су тоспаларын салу, елді мекендер аумағынан су ұңғымасын іске қосу және шөп бағасын тұрақтандыру үшін тасымалға кететін шығындарды өтеу қолға алынады.

Ауданға жыл басынан бері 3,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Өнеркәсіп орындары 7,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, салыс­тырмалы көлем индексі 83,3 процентті көрсетті. Барлығы 318 мың тоннадан астам тұз, 1383 тонна балық, 137 тонна ет, 512 тонна нан және нан өнімдері өндіріліп, 53,2 мың текше метр кварц топырағы қазылды. Қазіргі таңда ауданда индус­трияландыру бағдарламасы шеңберінде 7 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде, балықты тереңінен өңдеу және балық өсіру мен тереңнен өңдеу цехтары толықтай іске қосылды.

– Сонымен бірге, жалпы құны 6,18 млрд теңгенің 3 жобасы биыл іске қосылады. Атап айтқанда, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы, кварц құмын өңдеу комбинаты мен тұзды жаңа технологиямен өңдеу бойынша испан цехы құрылысы. Жобалар іске қосылса 285 тұрақты жұмыс орыны құрылады. Сондай-ақ, кальцилендірілген сода зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қазір зауыт аймағына тиісті инфрақұрылым тартылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында басталады. Жоба пайдалануға берілген соң 700 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді С. Сермағамбетов.

Мұнан бөлек, Титан өндіру бойынша кен ба­йыту комбинаты жобасы қолға алынып, кен орнын барлау жұмыстары жүруде. Комбинат құрылысы 2022 жылы басталады. Жалпы индустрияландыру бағдарламасы жобаларында 1262 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, ауданда жалпы қаржы институттары арқылы 95 жоба қолдау тауып, 445 тұрақты жұмыс орны құрылған. Биыл 166 мың гектардан астам жерге егін егілді.

– Осы жерде атап өту қажет, ауданда егістік мәселесі кенже қалған. Сондықтан бірінші кезекте 8 каналды тазалау арқылы егістік көлемін қосымша 230 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр­мыз. Сонымен қатар, 2 сервистік шөп да­йындау орталығын ашуды жоспарға енгіздік, себебі ауданға қажетті 184 мың тонна шөптің 146 мың тоннасын сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті рұқсат етілген бағаларын қалыптастыру бойынша 25 дүкенде 19 түрлі негізгі өнімнің бағасы тұрақты. Аудан кәсіпкерлері азық-түлік тауарларын көрші Түркістан, Ақтөбе, Қостанай облыстарынан әкеледі. Негізгі азық-түлік та­уарларын жеткізетін жеке кәсіпкерлермен жыл сайын ынтымақтастық меморандумы жасалып тұрады. Биыл да 10 жеке кәсіпкермен негізсіз баға өсірмеу мақсатында меморандум жасалды, – деді аудан әкімі.

Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 процентті құрап, жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 1818 адамның 416-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жыл көлемінде 125 адам, «Бастау Бизнес» жобасына 300 адам оқыту жоспарланған. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілді. Сонымен қатар, өз ісін ашуға немесе ұлғайтуға 28 адам қол жеткізеді деп жос­парланып, 41 адамға несие берілді.

Жыл басынан ауданда 12 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс саласында 3,1 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда. Биыл жол жөндеуге барлығы 2,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, аудан басшысы вакциналау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Ауданда індетке шал­дыққандардың саны 286-ға жетті. Провизорлық стационарда 53 науқас ем алуда. Үй карантинінде 44 адам болса, емделіп шыққандар саны – 188. Аудан халқының саны 80855 болса, орта есеппен 36337 азамат, яғни аудан тұрғындарының 44,9 проценті егілуге жатады. Бүгінде екпе салдырған азаматтардың саны 16 303-ке жетіп, 44,8 процент қамтылды, – деді С.Сермағамбетов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<