«Жұмыс сапасы әсте бақылаудан шықпауы тиіс»

336

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық мекеме басшылары және селекторлық байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды: 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің игерілуі және әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, салық салу базасын кеңейту мәселесі мен 2021-2022 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы.

Бірінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мен облыстық экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқар­масы­ның басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасады.

2021 жылдың 1 шілдесіне облыс­та бюджет түсімдері 105,2% орындалды. Шығындар жоспары 99,8% игерілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің мен­шікті кірістері 7,7 млрд теңгеге өсіп, 127,6%-ті құрады. Қызылорда қаласы мен аудандар 1-жартыжылдықта барлық бюджеттегі қаражатты 99,9-100% игерді. Алайда, бұл тізімге Арал ауданы кірмейді. Себебі, бюджет игеру көрсеткіші 99,7% құрады.

Осы жылдың бірінші жарты­жылдығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп өндірісінде 344,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 0,5% құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығында 28,5 млрд теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, өсім 2,8% құрады. Ал, инвестициялар көлемі 13,6%, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 34% артты. Сондай-ақ, 297,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 5,3% көрсетті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да 6,1% артып, 49 808 бірлікті құрады. Мұнымен қоса, бөлшек саудада көлемі 145,2 млрд теңгенің тауары сатылып, 1% өсім қалыптасты.

Жалпы, 2021 жылдың қорытын­дысымен Жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімін 101,5% деңгейге жеткізу жоспары тұр.

Облыс әкімі қаржының игерілуі мен әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Ай сайын қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес қаражатты толық, оның ішінде республикалық бюджет қаражатын 100 процентке игеру қажет. 2021 жылға жоспарланған барлық кон­­курстық процедураларды мер­зімін­де аяқтап, келісім-шарт­тар­ды тіркеуді қамтамасыз етіңіз­­дер. Үстіміздегі жылдың 7 айы­­ның қорытындысымен бюджет қаражатын игеруде төмен көр­сеткіштер орын алған жағдайда жауапты лауазымды тұлғаларға тәр­тіптік шара көрілетіндігін ес­кертемін. Мұнымен қоса, Арал ауданының Жақсықылыш кентінде дене шынықтыру кешенінің құ­рылысын және Жаңақорған кен­тіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізудің сервистік желісін іске қосуды тапсырамын. Стратегиялық құжаттардың да сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болуы қажет. Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жос­пары, облыс әкімінің 2021 жыл­ға арналған Іс-қимыл жос­пары және 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарын 2021 жылға межелеген барлық іс-шаралардың және нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттеледі, – деді аймақ басшысы.

Салық салу базасын кеңейту мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов баяндады.

2021 жылды нәтижелі аяқтау үшін 31 033 салық төлеуші қамтылған 30 бағытта «мақсатты топ» құрылып, салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстары атқарылуда. 2021 жылдың 1 жар­ты­жылдығына жергілікті бюд­жеттің болжамы 135% орындалып, 35,9 млрд теңге қаржы түсті. Мұнай бағасының құлдырауы, жұмыскерлер санының қысқаруы салық базасының тұрақтылығына теріс әсерін тигізуде. Осы орайда, қолда бар резервтерді пайдалану арқылы тұрақты салық салу базасын ұлғайту міндеті тұр.

Аймақ басшысы салық салу базасын кеңейту мақсатында бірқатар міндеттемелерді атап өтті. Тозығы жеткен, жарамсыз көліктерді есептен шығаруды қамтамасыз ету, мемлекеттік қабылдаудан өткен жол құрылысы, газ, су құбырлары мен электр желілері, олардың меншік иелерін нақтылап, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына және мемлекеттік кірістер департаментіне ұсынуды жүктеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржыға және оның қайтарымына бақылау жасау­ды және 1 ай мерзімде кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыс­шылар­дың саны, олардың мүлкі және өндіріс көлемін анықтау бойынша тиісті мемлекеттік уәкілетті орган­дардың қатысуымен жұмысшы тобын құруды тапсырды. Сондай-ақ, мүлік салығы базасын ұлғайту мақсатында жаңадан тұрғызылған үйлерді анықтап, ескі бағалау құ­нымен қалған үйлер бойынша қайта бағалау жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. «Бір ай мерзімде көлеңкелі егіс көлемін анықтап, оларды салықтандыру мақсатында іс-шара жоспарын әзірлеп, бекітуге ұсыныс енгізіңіздер», – деді Г.Әбдіқалықова.

Айта кету керек, жоғарыда атал­­ған тапсырмалардың орындалу­ын бақылау облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктелді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Ерлан Жаңабаев баяндады.

«Қызылордажылуэлектр­орта­лығы» кәсіпорнында 2 қазандық, 5 күштік трансформатор, 17 АБМҚ және 4,1 шақырым жылу жүйе­леріне, «Қызылорда Оңтүстік жылу орталығы» филиалының 7 қазандығына, «Қазалы-Темір­жол­жылу» филиалының 4 бу қазан­дығына жөндеу жұмыстары 78% орындалған. «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ осы жылы 602 шақырым электр желілері мен 79 дана әртүрлі кернеулі қо­салқы стансаларға күрделі жөндеу, 487 шақырым электр желісі мен 61 дана әртүрлі кернеулі қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қаралып, 55% орындалған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу беру маусымына дайындық үшін 50 дана ГРП мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстарын (80%) жүргізген. Ал, «Қызылорда су жүйесі» МКК 1,5 шақырым ауыз су және кәріз жүйелеріне, ауыз су қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын 69% орындаған.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын, ал тұрғындарға 140 мың тонна қатты отын қажет. Облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 811 көпқабатты тұрғын үй бар, бүгінгі күні олардың 12%-і жылу беру маусымына дайын. Қалғандарында бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар жүруде.

Облыс әкімі жоспарланған жөн­­деу жұмыстарын бекітілген кес­теге сай аяқтауды және осы жыл­­­дың 1 қазанына дайындық пас­­­порттарын алуды, әлеуметтік ны­сандар мен тұрғындарға қажет­ті отын қорын жасақтауды тапсыр­ды. Тұрғындарға қажетті көмір оты­нына бағаның өсуін, ор­та­­дағы делдалдықты болдыр­мау мақ­са­тында, көмір жеткізуші кәсіп­кер­лермен тікелей келі­сім-шартқа отыру бойынша жұ­мыс­тарды үйле­с­тіріп, газ же­лісі жүргізілген кенттер мен елді мекендердегі білім беру және денсаулық ұйым­дарының қазан­дықтарын газға алмас­тыру бойынша шаралар қабыл­дауды жүк­теді. Көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын уақы­тылы жүргізу және олардың жылу беру маусымына дайындығын 1 қазанға дейін аяқтау қажет екенін айтып, жұмыс барысына күн­делікті мониторинг жүргізуді және облыстық штабтың күн тәртібіне енгізуді тапсырды. Бұл жұ­мыс­тар­дың орындалуын бақылау орын­басары Серік Сүлейменовке жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<