«Honeymood»-тің балдай тәттілері

300

0

Шиеліде «Honeymood» кондитерлік дүкенін білмейтін адам жоқ. 2020 жылы әпкелі-сіңлілі екі қыз – Жансая мен Назеркенің  арманынан туындаған бизнес бүгінде өркен жайып келеді. 2019 жылы Астанада жұмыс істеп жүріп екеуі кондитерлік мастер-кластарға қатысады, тәжірибе жинақтайды. Карантин уақытында  үйренгендерін сынақ ретінде жасап көреді.

– Пандемия кезінде үйге қамалып отырдық. Сол кезде үйренгендерімізді тәжірибе жүзінде жасап көруге мүмкіндік туды. Шиеліге үлкен мақсатпен оралдық. Жаймендеп іске кірістік, идеяларымызды дамытып, карантиндік шектеулер босаңсығанда кішігірім дүкенді жалға алып, бір бөлмесінен  шағын цех аштық. Небәрі 55 шаршы метр жерде жұмысымызды бастадық. Біріміз пісіріп, екіншіміз оны сатып, екеулеп жүріп күніне 5-6 торт өткізетінбіз. Осылайша аз уақытта 30-50 мың теңге ақша айналымын жасадық, – дейді Назерке Имантаева.

2020 жылдың аяғында мемлекеттен 505  мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтады да оған пеш пен араластырғыш құрал сатып алады.  Жансая мен Назеркенің тәттілері тұтынушыларға ұнайды, есесіне өнім көлемі де арта түседі. Осының негізінде 2021 жылдың күзінде аумағы 140 шаршы метр цех соғып, жұмысын сол жерде жалғастырады. Биыл күніне шамамен 20-30 тортқа дейін пісіріп сатты, нан өнімдері, тәттілер түрін де көбейтті. Француз булочкасы, самса, бәліштің түр-түрі осы «Буфетта» цехында пісіріліп, «Honeymood» дүкендер желісінде сатылуда. Бүгінде 10-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер күндізгі және түнгі аусымда жұмыс істеу жүйесіне көшкенін, алайда бос орынға жұмысшы таппай отырғанын  айтады. Торт пісіруден еш хабары болмаса да ниеттеніп келген жандарды өздері оқытып, үйретіп алатынын айтады.

– Қазіргі мәселе бос жұмыс орындарына адам табу болып тұр. Жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімімен үнемі байланысып отырамыз, бірақ мәселе шешілмейді. Бізде жұмысшыларға айлық жақсы төленеді. Торт пісіруден еш хабары болмаса өзіміз оқытамыз, үйретеміз. Күн өткен сайын біздің өнімдерімізге сұраныс жоғарылауда. Сондықтан күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істеуге көштік. Бірақ жұмысшылар жетіспейді. Фастфуд, нан өнімдерінің түрлерін көбейттік, өйткені жақсы сатылады. Мысалы, біз пісірген француз булочкасын жұрт таласып алады. Күніне 350-ге жуық данасын сатамыз. Енді соны 600-650-ге дейін арттырсақ деген ойымыз бар. Бірақ негізгі фишкамыз – торттар, – дейді Назерке.

Айтпақшы, дүкеннің атын неге «Honeymood» қойғанын сұрадық.

– «Honey» – балдай, ал «mood» – көңіл-күй дегенді білдіреді. Кейде үйде отырғанда аяқастынан тәттімен шәй ішкіміз келеді ғой. Әсіресе әйел адамдар көңіл-күйімізде өзгерістер болғанда тәтті жеп, шәй ішіп рахаттанамыз ғой, сол сезімді білдіргіміз келді. Негізі жеке кәсіпкерлік «Honeymood-Балдай» деп аталады. Өйткені қазақшасы болсын деді, сондықтан балдай деп қостық, – дейді кәсіпкер.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<