Құс өсірген келіншек

469

0

Әуелде мұның бәрі әуесқойлықтан басталған. Бес-алты мекиен мен қоразды қорасында ұстады. Хобби деуші ме еді мұндайды? Байқап отырсақ, тауық шіркіннің бабын жасасаң берері көп екен. Бұл үй дүкеннен жұмыртқа сатып алмайды. Ал құс етін қай тамақ түріне де жарата береді.

– Өзім жұмыссыз болған соң үйде құр отырғым келмеді. Жолдасыммен ақылдасып, бизнес бастамақ болдым. Осылайша «Гүлжанат» жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекет ұсынған тиімді бағдарламаға құжаттарымызды дайындадық. 2020 жылы 29 жасқа дейінгі жастарды қолдау мақсатында кәсіпкерлікті бастау үшін қайтарымсыз грант тағайындалғанын білесіз. Жалпы сомасы – 555 мың теңге. Соны ұтып, құс шаруашылығын бастап кеттік. Құс болғанда өзіміздің қолға үйренген тауық қой. Жергілікті жерден 70-тен аса балапан сатып алып, есік алдында дайындалған арнайы орынға жасына қарай бөліп, өсіре бастадық. Қазір сол кездегі балапанның өзі жұмыртқа басып жатыр, – дейді Гүлжанат Оңдаш.

Мұны әрі демалыс, әрі табыс көзі деп есептейтін қожабақылық отбасы осылай тіршілік қылуда. Етінен бөлек, жұмыртқасын сатылымға шығарып, аудан орталығы мен жергілікті тұрғындарды өніммен қамтып отыр. Расы сол, күнделікті ас мәзірінде құс жұмыртқасы мен етінің маңызы ерекше. Тез қорытылады, протеинге бай, емдік әрі жеңіл ас. Ал  Гүлжанаттың ендігі мақсаты – кәсібін кеңейту.

– Жолдасым Еламан да кәсіпкер. Жеке «Көзайым» кәсіпкерлігімен тіркелген. Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжінен «Дәнекерлеуші» мамандығын алған. Темірден бұйымдар істейді. Қазіргі жастар бара бермейтін мамандықты игеріп, ауыл ішінен, көрші елді мекендерден тапсырыс алып жүр. Жұрт үлкен темір қақпа немесе қоршау істетіп жатады. Бесікке де сұраныс бар. Балта не балғасы сынса да бізді іздейді. Өйткені, дәнекерлеуші мамандығын игергендер азайған. Осылайша өз-өзімізді жұмыспен қамтып отырмыз, – дейді ол.

Айта кетейік, Қазалыда жыл басынан бері 351 шағын және орта кәсіпкерлік тіркеліп, барлығы 6472 бірлікті құрап отыр. Ауданда сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу, дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдары тарапынан 618 млн теңгеден асатын қаражатқа 95 жобаға несие беріліпті. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджет арқылы бөлінген қаржыға бизнес форум өткізу жоспарланған. Ал жыл басынан бері 3 кәсіпкерлік нысан ашылып, 16 адам жұмысқа орналасыпты. Жақында ғана аудан кәсіпкерлері белсенділік жөнінен аймақ бойынша 97,2 пайыз көрсеткішпен алға шыққаны да белгілі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<