Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие арқылы жылыжай шаруашылығын бастаған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Алдымен аудан басшысы Қазалы қаласында орналасқан жеке кәсіпкер Піржанов Әділжанның жылыжайына барды. Кәсіпкер 2025 жылдың тамыз айында құны 5 миллион теңге болатын жобасын іске қосқан. Қазіргі таңда жылыжайда қияр мен қызанақ өсірілуде. Алғашқы өнімдер Әйтеке би кенті мен Қазалы тұрғындары арасында сұранысқа ие. Жоба аясында бір тұрақты жұмыс орны ашылған.
Одан кейін аудан әкімі жеке кәсіпкер Тілеуов Ерболаттың жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Кәсіпкер 2026 жылдың шілде айында жалпы құны 9,6 миллион теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырған. Мұнда қияр өсіріліп, өнім екінші жыл қатарынан нарыққа шығарылуда. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта екі кәсіпкердің де өнімдері жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етіп, Әйтеке би кенті мен Қазалы халқын сапалы көкөніспен қамтуда.
Кездесу барысында аудан әкімі мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ кәсібін дамытуға ниетті азаматтарға қажетті көмек берілетінін айтып, кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
Кәсіпкерлер өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде кәсібін дамытып отырғандарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды бағдарламалардың бірі. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 200-ден астам азамат осы жоба арқылы кәсіп бастап, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді. 2023 жылдан бері жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 1 млрд 581 млн теңге қаржы бөлінген.






