Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсаты – ел азаматтарының табысын арттыру. Қолдаудың арқасында Арал ауданындағы кәсіпкерлікке бейім азаматтар өз кәсібін өркендетіп келеді. Айталық, 2023-2025 жылдары теңізді өлкеде осы бағдарламамен 1 млрд 107,3 млн теңгеге 178 жоба қаржыландырылған, 200-ден астам жұмыс орны құрылған.
Арал қаласынан жиһаз шеберханасын ашқан Күмісай Бахытбергенова 5,4 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Кәсіпкер бүгінде аудан орталығынан бөлек, елді мекендерден түскен тапсырыстарды орындап жүр.
– Жас отбасымыз. Қазір Арал қаласында жиһаз істеу немесе құрастыру жағынан бәсекелестік жоқ деуге болады. Жолдасым екеуміз өз бастамамызбен осы кәсіпті ашып, бүгінде түрлі тапсырыстар қабылдаймыз. Көбіне-көп ас үй жиһаздары мен кеңсе үстелдеріне ұсыныс түседі. Сондай-ақ жатын бөлме шкафтары, жұмсақ диван-креслоларды да шеберханамызда жасап келеміз. Өнім дайын болған соң тапсырыс берушінің үйіне жеткізіп, жиһазды құрастырып беру де біздің қызметімізде, – дейді Күмісай.
Кәсіпкердің сөзінше, бағдарлама қаражатына сатып алынған қытайлық құрылғылардың тапсырыстың тез әрі сапалы бітуіне көмегі көп. Жас отбасының ендігі мақсаты – өнім көлемін арттырып, шеберхана аумағын үлкейту.

Болат Алданиязов та халық күнделікті тұтынатын нан өнімдерін шығарады. Бұған дейін шағын дүкен ашып, саудасын жүргізген ол екі жыл бұрын бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
– «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының кәсіп бастауға деген ынталы ағайынға пайдасы көп. Өзім бұған дейін дайын өнімдерді сататын дүкен ашсам, қазір наубайханада нан пісіремін. Бағдарламамен алынған қаражатқа үш секциялы электр пеш, ұн илейтін арнайы станок, өзге де қажетті құралдар алынды. Жерлестеріме екі түрлі нан, яғни бөлке нан мен таба нан сатамыз. Күніне екі рет пісіреміз, соның өзінде ыстық күйінде өтіп кетеді. Кейде үлгермей қалып жатамыз, – дейді кәсіпкер.
Жерлестеріне ас атасын ұсынып жүрген кәсіп иесі алдағы уақытта басқа да нан түрлерін сатылымға шығармақшы. Бір азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған ол наннан бөлек, тәтті тоқаштар мен өзге кондитерлік өнімдерді өз наубайханасында пісіруді жоспарлап отырғанын айтты.
– Өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 122 жоба ұсынылып, оның 72-сі несие комитетінің отырысында қаралған болатын. Қазір 42 жоба мақұлданды. Олардың көбісі өңдеу, яғни өнім шығару саласына қатысты болып отыр. Қосымша мал мен егін шаруашылығы, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік жобалар да бар, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов.
Айта кету керек, алдағы уақытта да Арал ауданында жалпы құны 351 млн теңгеден асатын 36 жоба жауапты орындарға ұсынылмақ.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





