Ас берудің әдебі қандай?

3043

0

Осы күні көпшілік арасында ата-баба салтымен аруаққа сыйыну, зиярат ету, арнайы ас беру, жеті күлше тарату, т.б тұрмыстық әдет-ғұрпымыздың әжептәуір дау тудырып жүргені жасырын емес. Десек те қазақ тарихының қатпарынан бұл үрдістің бағзы заманнан бар екенін бағамдаймыз. Әрине, заман талабына сай дәстүрдің озығы мен тозығын елеп-екшеп отырсақ артық етпейді. Алайда асыра сілтеп, ата жолынан адасып қалмасақ дейміз.

Көңілді күпті еткен осындай сауалдар төңірегінде Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Арыстанбек Байқабыловпен әңгімелескен едік.

– Біз ес білгелі қазақта қаза шыққан үйде құдайы ас беріледі. Қазіргі күні діни басқарманың ұйғарымымен дастархан мәзіріне қатысты бекітілген қағидалар бар, оны білеміз. Дегенмен осы ас беру үрдісі қай заманнан бері бар? Нақты деректерде не айтылады?

– Ас беру рәсімі қазақ даласына ислам діні келмей тұрғанда, яғни, сонау көне сақ, ғұн, түркі заманынан бері келе жатыр. Оны біз археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінен де байқаймыз. Орхон-Енисей өңіріндегі балбал тастардағы сына жазулардан Түркі елін қуатты империяға айналдырған Күлтегінге берілген ас туралы жазба деректі ғалымдар ашты. Демек марқұмдарға арнап ас беру салты сонау ықылым замандардан бері ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр десек болады.

Жалпы қазақ тарихында елге белгілі, айтулы адамдардың бұл фәниден өткеніне жыл толғанда берілетін асы оған жасалатын ақырғы зор құрметі болып саналған. Ондай үлкен астарда бірнеше жүздеген киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған әр елдің есімі елге белгілі билері, батырлар, ақындар, палуандар, серілер, көкпаршылар, әнші, күйші, жыраулар шақырылып, кең ауқымды салтанатты той ретінде өткізген. Асқа есепсіз мол қаражат, мал-мүлік жұмсалған. Тарихи деректерге сүйенсек, «1860 жылы Ерден Сандыбайұлының асына 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бәйгесі 100 жылқы болған. Осы Ерденге осындай қылып, үш рет ас берген. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе берген. 1874 жылы Лабақ Қуатұлына ас берілген. Оған 300 жылқы, 500 қой сойылған. Асқа 700 үй тігілген. Мұның сыртында асқа шақырылғандар аруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы сынға түседі». Бұл туралы деректер С.Шариповтің екітомдық шығармалар жинағында айтылады.

– Ас беруде мұсылмандық жолымен атқарылатын амал-шарттарының мәнісі қандай? Мәселен, марқұм болған жанның жас ерекшелігіне, ер немесе әйел адамға байланысты…

– Қазақта егер ересек адам өмірден өтсе, марқұмды жаназалап жерлегеннен кейін әр аймақтың қалыптасқан салты бойынша жетілігі, бейсенбілігі немесе жұмалығы, қырық күндігі (кей жерлерде 52 күндік), жүзі және бір жылдан кейін жылдық асы беріледі. Оған арнайы мал сойылып, марқұмның алыс-жақын жердегі ағайын-туыстары келіп, көңілқос айтып, қайғысына ортақтасады. Жоқтау айтылады, марқұмның жақсы қасиеттері мен өнегелі істерін еске алады. Бірақ мұндай рәсімдер сәбиге жасалмайды. Себебі, ол – өмірден ештеңе көрмей кеткен бейкүнә, пәк періштелер. Бұл жағдайда шаңыраққа түскен қайғыны тек отбасы болып, ет жақын туыстарымен ғана бөліседі.

Жоғарыда айтып өттік, ертеректе ас көбіне-көп кезінде еліне елеулі, халқына қалаулы, жасы ұлғайып барып қайтыс болған ер адамдарға ғана арналып берілген, яғни, бұл – өмірден өткен кісінің артын күту салтының қалың қауымға арналған, қайғыдан гөрі салтанаты басым соңғы рәсімі. «Қазаның арты қайырлы болсын» деп жатамыз. Осылайша ас берудің мағынасы кейінгі ұрпақтың бақытты, шат-шадыман өмір сүруі үшін айтылған ізгі тілекпен үлкен тойға ұласып, ат шаптырып, аламан бәйге тігіп, көкпар тартылған. Алтыбақан ойналып, палуандар белдессе, ақындар бірнеше күнге созылған айтысқа қатысқан.

Кейде сирек те болса, әйел адамдарға да ас берілген. Ондай жағдайда ойын-сауықтар өткізілмей, адамның қадір-қасиетін ғана еске алып, шағындап ас берілетін болған.

– Құдайы ас берудің діндегі орны қандай? Ислам шариғатында бұл амалымыз құпталған ба?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру» ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды, яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атына ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. «Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс» делінген.

Өткен тарихи оқиғаларды еске алсақ, 1885 жылы Құнанбай дүниеден өткеннен кейін оның өзге балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік» дейді және осы айтқанын істейді. Құнанбайдың асына шығарылған мал саны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректерде 100 жылқы, 200 қой делінеді. Алайда Абайдың осынау малдың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ балаларына беруі Құнанбайдың өзге балаларына, ағайындарына ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген деседі. Мәселен, көршілес Найман руынан Абайдың туған бөлесі Кемелбай Абайға осы жөнінде былай деп өлеңмен сәлем айтады:

«Сәлем де Ыбырайға бөлем еді,

Ас беріп, Құнекеңді елемеді.

Жер ошағын тастады-ау қоңырсытпай,

Бірер күн ел күткеннен өлер ме еді?»    

Бұдан түйетініміз діннен хабары бар Абайдың бос даңғаза ысырапқа жол бермей, есесіне сол асқа кететін қыруар қаржыны жастардың білім алуына жұмсағаны әлдеқайда сауаптырақ болатынын түсінгеннен болса керек.

– Қазіргі уақыттағы ас, құдайы беру рәсіміне қатысты айтар ой-пікіріңіз бар ма?

– Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, діннен тыс қалған қоғам болмағандығын байқаймыз. Өйткені, дін сол қоғамның негізін құрайды. Қазір заманның ағымы өзгерді. Алайда қазақ бұрынғыдай өткенді құрметтеу, аруақты еске алу сияқты қасиеттерден ажыраған жоқ. «Аруақ риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы берік ұстанып, ас беруді ешқашан естен шығарған жоқ. Тіпті өмірден өткен жақыны түсіне кірсе, қорасындағы жалғыз қозысын сойып, оған шамасы келмесе жеті шелпегін таратып, Құран бағыштатқан. Бұл үрдіс қазіргі күнде де жалғасып келе жатыр. Жаңарған заманмен бірге ас беру тәртібі де жаңғырып, уақыт талабына сай өзгеруде. Имам-молдалардың: «Құранда Алла тағала ысырапқорларды жақсы көрмейтінін айтқан. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ шектен шығып, ысырап қылмаңдар» деген. Ас бергенде бір-біріңмен бәсекелеспеңдер. Одан да жоқ-жітікке, жетім мен жесірге таратқандарың әлдеқайда сауапты іс болады» деп айтқан уағыз-насихатын құлаққа іле бермейміз.

Қазір көпшілік асты мейрамханаларда немесе мешіт жанынан ашылған арнайы асханаларда өткізеді. Тіпті асты жүргізетін асабаны да арнайы жалдайтын болдық. Асаба емес, ас жүргізуші деп айтқанымыз дұрыс шығар. Өйткені асаба деген сөз халықтың санасында той жүргізушісі ретінде қабылданып кеткен.

Асқа ас жүргізушіні шақырғанның ешқандай ерсілігі жоқ. Бірақ ол халықтың көңілінен шығатын болса жақсы. Дүниеден өткен адамның асы болғандықтан, ол жерде өмірдің жалғандығы мен өлімнің хақтығы міндетті түрде айтылады. Ас жүргізетін адам діннен хабарым бар екен деп бас-көзге қарамай онсыз да тұрмыс-тіршіліктің қиындығынан көз ашпай, өмірден түңілуге шақ жүрген жандарды өліммен қорқытып, тозақпен үркітіп, еңсесін езіп, діннен бездіріп жібермесе дейміз. Бабаларымыздан қалған ғибратты оқиғаларды, асыл сөзді орнымен пайдаланып, асқа келген адам тағылым алып қайтатындай жүргізгені дұрыс. Иә, асқа шақырудағы басты мақсат – ас ішіп, аяқ босату емес, жақынымыздан айырылу арқылы өмірдің өткінші екенін ұғындырып, тірліктің мәнін түсініп қайтса деген ниет. Ол үшін, әрине, ас жүргізушінің діннен хабары бар, аят пен хадисті орнымен пайдалана білетін, бабаларымыздан қалған ғибраты мол әңгімелерді жүйелі қолдана алатын адам болғаны дұрыс. Сонымен қатар, асқа келген ағайындар да дастархан басындағы әдепті сақтаса дейміз. «Өзіңді өзің сыйла, жат бойыңнан түңілсін» дегендей, әбес қылықтардан арылуымыз қажет.

Қорыта айтқанда, ас беру рәсімін мақтанқұмарлыққа салынып, бір-бірімізбен бәсекелеспей, ысырапшылдыққа жол бермей, тағылым алатын жиынға айналдырғанымыз дұрыс болар еді. Түптеп келгенде, ағайын-туыс, жекжаттың талай жылдарға жалғасқан бірлігі мен татулығының мәні осында жатыр.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<