Автобус жетіспейді, мәселе сонда!

671

0

Қызылорданың қоғамдық көліктері неге «құтырады»? Неліктен бір-бірімен желдей жүйткіп жарысуға құмар? Әр аялдамада ұзақ кідіріп, телефон арқылы бірін-бірі аңдығанды қашан қояды? Неге бірде адамды аузы-мұрнына дейін тиеп, енді бірде ерте тоқтайды?

Жұрттың жүйкесін жұқартқан мәсе­ленің жауабы біреу-ақ. «Қызылорда» автобус паркі директорының орынбасары Қанат Рахметовтің айтуынша, қала ішінде қажетті көлемде жолаушы тасымалдауға 200-ден астам қоғамдық көлік жетіспейді.

– Облыс орталығы мен оған қа­расты ауылдар арасында қатынайтын авто­бустардың 450-і жеке кәсіпкерлерге, 135-і бізге тиесілі. 2013 жылдан бері автопарк толығымен жаңарды. Олар №1, 11, 14, 17, 18 бағыттарда жүр. Бірақ жеке тасымалдаушылар техника жаңалауға құлықты емес, – дейді ол.

Ескірген көлік, есірген жүргізуші, дөрекі кондуктор. Бұл – күнде автобусқа мінетін көптің көз алдындағы көрініс. Иін тірескен жолаушының осыдан кейін жүйеге қайдан көңілі толсын?!

– Арыз-шағым қабылдауға арналған 8 (7242) 70-20-21 нөміріне, 8 771-422-15-48 нөмірлі WhatsApp мессенджеріне өткен жылы 870-ке жуық хабарлама түсті. Аптасына екі мәрте өтетін тәртіптік кеңес қорытындысымен талапты өрескел бұзған 23 жүргізуші жұмыстан шеттетілді. Бірқатар кондуктор жауапкершілікке тартылды, – дейді Қ.Рахметов.

Жеке тасымалдаушыларға келгенде қол қысқа. Ережені елемейтіндерді екі-үш күн ғана рульден аластата алады. Одан артық әрекетке бару кәсіпкер құқығын бұзғанмен бірдей.

Коронавирус пандемиясы қоғам­дық көлік жұмысына да кесі­рін тигізбей қоймады. Оның жүйені шы­ғынға батырғаны жолаушы тасы­мал­даушылардың шымбайына қатты батты. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевтың сөзінше, бұл тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып отыр.

– Кіріс кеміп, шығынның орнын толтыра алмағасын кейбір кәсіпкерлер бұл істен бас тартты. Автобустарын сатуға мәжбүр болды. Соның кесірінен бірді-екілі бағыт бойынша жолаушылар сұранысын өтеуге мүмкіндік жоқ, – дейді ол.

Қалаішілік маршрут сызбасы жаңартылмағалы 14 жылдан асыпты. Содан бері қаншама үй салынып, шағын аудан сап түзеді. Шаһар аумағының айтарлықтай кеңейгенін, кейбір жерге автобус бармайтынын, қаланың ендігі бір тұсында қарбалас уақытта көлік кептелісі болатынын ескерген жергілікті билік жол сызбасын жаңартуға кірісті. Онда Белкөл кентінің екінші жақ беті, «Бәйтерек», «Саяхат» шағын аудандары, «ПМК-29», «ПМК-66», «Сабалақ», «Ягодка», «Пищевик» саяжайлары мен «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы ескеріледі.

Былтыр қыркүйекте қолданысқа енген электронды билет жүйесі әзірге өзін-өзі ақтаған жоқ. Бүгінде автопаркке қарасты 100-ден астам автобуста валидатор бар. Парк директорының орынбасары оны орнатуға бюджеттен бір тиын да жұмсалмағанын, бастамашы да, орындаушы да инвесторлар екенін жеткізді.

– Келісімшартқа сәйкес электронды билет арқылы түскен табыстың белгілі бір бөлігі 2024 жылға дейін соларға тиесілі. Алайда, былтыр барлық жолаушының 5-7 проценті ғана валидатор көмегіне жүгінді. Биыл қаңтар-ақпан айларында көрсеткіш 30-35 процентке көтерілді, – дейді Қ.Рахметов.

Б.Далабаевтың айтуынша, жеке автобус егелері электронды төлем жүйесін орнатуға асығар емес.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<