Қазақстанда қалай бала асырап алуға болады?

820

0

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Facebook желісінде бала асырап алу жөнінде толық нұсқаулық жариялады, деп хабарлайды Stan.kz хабарлайды.
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар жайлы мәліметтер сақталатын база 2016 жылдан бастап ашық . Осының арқасында көп бала жаңа отбасы тапты. Бұл база жұмысы жайлы толығырақ білу үшін Бала құқын қорғау комитетіне келесі телефон нөмірі арқылы хабарласа аласыз: 8 (7172) 74 23 41, 74 21 54.
Бұл қадамға бармас бұрын ересектер «асырап алған балаға туғанындай бола алам ба» деген сұраққа іштей жауап беруі керек. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін қадам екені айтпаса да түсінікті. Баланы алып, керексіз заттай қылып қайтара салуға болмайды. Бұл – сәбидің жүрегін мәңгіге жаралап, адамдарға деген сенімнен айырады. Біз алдымен бала асырап алуға қолдау көрсету орталығына хабарласуды ұсынамыз. Ол жерге хабарласқандар өзін толғандырған барлық сауалдарына жауап ала алады.
АСЫРАП АЛУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ
Бала асырап алуға қолдау көрсететін «Жанұя» орталығын 2016 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры ҚРБжҒМ Бала құқын қорғау комитетінің қолдауымен ашқан. Орталықтың Қазақстанның 17 қаласында филиалы бар. Бала асырап алу, тәрбиелеу жайлы сұрақтарға жауап беру үшін арнайы психологтар мен мамандар жұмыс істейтін 1422 нөмірлі колл-орталық жұмыс істейді. Асырап алған баламен тіл табысу қиындап кеткен жағдайда ата–аналар осы орталыққа хабарласып, психологиялық және моральдық көмек алады.
Асырап алу — бала өміріндегі өте маңызды кезең. Бұл ата-ана үшін де солай. Баланы отбасына алып келмес бұрын олар алдымен танысып, бір-бірінің сырына қанық болғаны дұрыс. Мұндай таныстық мерзімі екі аптаға дейін созылуы мүмкін.
ҚҰЖАТТАР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
Бала асырап алуға қажет құжаттар тізімі:
– жеке бас куәлігінің көшірмелері;
– жақын туыстарының еркін формада жазған рұқсаты (ата-аналар, бауырлары);
– бала асырап алу және тұрғын-жайын тексеріп, зерттеуге келісім беру туралы өтінім;
– кіріс туралы анықтама;
– отбасы жағдайы туралы анықтама (отбасылыларға — неке куәлігінің көшірмесі, бойдақтарға — некеге тұрмағаны туралы нотариус растаған анықтама);
– тұрғын жай өзінікі екенін растайтын (сату-сатып алу шарты) және тұрғын үйді пайдалануға рұқсат беретін (жалға алу шарты) құжат көшірмесі;
– сотталмағаны туралы анықтама (аудандық ХҚКО 10 күн ішінде береді), 10 күнге жарамды;
– асырап алушылардың денсаулық жағдайы туралы анықтама, оның ішінде психикасы дұрыс, есірткіге, алкогольге тәуелді емес екенін растайтын құжат.
Құжаттар толық жиналған соң асырап алу ісі 2 ай уақытты алады. Қамқоршы орган 10 күн ішінде тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайын тексеріп, акт жасалып 5 күн ішінде асырап алу/алмау жөнінде шешім шығады.
АСЫРАП АЛУШЫ АТА-АНАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ
Бейүкіметтік ұйымдар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің отбасы тауып орналасуын қолдап, асырап алушыларға кеңес беріп отырады. Осындай ұйымдардың бірі — асырап алушы ата-аналар қауымдастығы. Оны көп баланы асырап алған ана Жанна Ким басқарады. Сондай-ақ «Ана үйі» ҚҚ жанында бала асырап алған ата-аналар мектебі де бар.
АСЫРАП АЛУШЫЛАР ЖАЙЫ
Егер басқа ата-аналардың тәжірибесі жайлы білгіңіз келсе төмендегі мақалалармен танысып шыққаныңыз жөн. Сұқбаттасқан адамдарымыз бастан кешкенін қайта еске түсіргісі келмеген кездері де болды. Бірақ білгенін жұртпен бөлісуден қашпады.
Әпкелі-сіңлілі Арайлым мен Ақеркені Фарида Оспаева асырап алған. Фарида Дүйсенбекқызы мен Мұрат Абулбаширұлы бір балаға зар болып жүріп, кеш болса да бала асырап алуға бел буған. Ойлануға, шешім қабылдауға 5 жыл кеткенін айтады. Алдымен 3 жасқа дейінгі бала алғысы келген. Ес біліп қалған баланы тәрбиелей алмаймыз ба деген қорқыныш болыпты. Ал қазір бақытты жандар 7 және 8 жастағы екі қызды мәпелеп отыр.
Асемгүл Сейтенова мен Әмина – балалы бола алмай, асырап алу ойынан шықпай жүрген барлық аналар білуі тиіс оқиға кейіпкері.
Тамила Андреева бауырларды бөліп-жармай бірақ асырап алған батыр ана. Тамила Мамедқызы жұбайымен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр. Оның төртеуін асырап алған.
Республикалық деректер банкі арқылы бала асырап алудағы әрекеттердің кезеңдерін мына сілтеме арқылы біле аласыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<