Баға тұрақтылығы басты назарда

1320

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және өзге де тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, тиісті салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, облыстағы тұтыну бағасының индексі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасын ұстап тұруға бағытталған шараларды саралау.

Алдымен облыс бойынша статистика департаментінің басшысы Мәриям Баекеева есеп беріп, көрсеткіштерге тоқталды. Облыста тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,8% құрады. Азық-түлік тауарларына баға  8,3%, өзге де тауарларға  6,7%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге 4,9%-ке өскен.

Отырыс барысында аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке және Ұлттық банкке инфляцияны 8,5 процент деңгейінде ұстап тұру туралы тапсырма бергенін, соған сәйкес өңірдегі көрсеткішті осы межеге жеткізу керектігін тілге тиек етіп, жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандырудағы басты басымдықтарды атады.

Аймақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу механизмі қолға алынған. Нәтижесінде, тұрақтандыру қорында 189,1 млн теңгенің 1161,4 тонна тауары сақталып отыр. Ал, 19 әлеуметтік маңызы бар өнім бойынша үш айлық қажеттілік 68,3 мың тоннаны құраса, оның жеткізілгені 59,2 мың тонна. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 1685,4 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізу бойынша келісім алынса, 1900 тонна өнім мемлекеттік сатып алу арқылы жоспарланды.

Өңірде азық-түлік бағасына деген қолжетімділікті арттыру үшін жәрмеңкелер ұйымдастыру қолға алынды. Жыл басынан бері тұрғындар үшін тұрақты түрде 35 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. 

Талғат Тұрсынұлы бекітілген шектен бағасы 15%-тен жоғарылаған өнімдерге шекті бағаны облыс әкімдігі бекіту жөнінде 2021 жылдың 6 қыркүйегінде шешім ұсынып, қаулы жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтты. Мәселен, күнбағыс майын 781 теңге, пиязды 106 теңге, сәбізді 221 теңге, картопты 158 және қантты 286 теңге көлемінде бекіту ұсынылды.

Жиын барысында облыс әкімі азық-түлік бағасының өсуі халықты алаңдатып отырған өзекті мәселе екенін назарға салып, қала және аудан әкімдеріне нанның орташа бағасын 90 теңгеден асырмау қажет екенін қаперге салды. Бұл бағытта тиісті мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізілмек.

– Қазіргі уақытта халықты өте алаңдатып отырған өзекті мәселе – азық-түлік бағасының өсуі. Мұны реттеу мақсатында әр аптаның сенбі күндері Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен мәжілістер өткізілуде. Жыл болса аяқталып қалды, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында әдеттегідей сауда-саттық көлемі ұлғайып, әсіресе азық-түлік бағасы өсуі мүмкін. Сондықтан осы мәселелердің алдын алу шараларын қарастыруымыз қажет.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның құрылғанына 1 айдан астам уақыт өтті. Дегенмен, комиссия аясында жүктелген міндеттер бүгінге дейін орындалмай отыр. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері тиісті жұмыстарды апта соңына дейін аяқтап, ақпаратты ауыл шаруашылығы басқармасына жолдасын. Жауапты басқарма басшысы бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне жинақталған ақпаратты жолдап, нәтижесін маған баяндайды. Ал, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті азық-түлік тауарларының бағасына талдау жүргізіп, нәтижесімен, заң бұзушылық анықталған жағдайда Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне ұсыныс енгізуі қажет. Жұмыс та, абырой да – ортақ, сондықтан бұл жерде бірлескен жұмыс қажет, – деді облыс әкімі.

Жиында қаралған үшінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов азық-түлік емес тауарлар бағасына қатысты негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Биыл бұл санаттағы тауарлар бағасы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,7 процентке өсті. Тұрмыстық, құрылыс тауарларына қарағанда өсім жанар-жағармай нарқында байқалуда.

Аймақ басшысы азық-түлік емес тауарлар бағасы да жалпы инфляцияға үлкен әсер ететінін атап өтті. Мәселен, өткен жылғы пандемия кезіндегі карантиндік шаралар уақытша сауда-экономикалық байланыстар үзілгендіктен, тауар, шикізат тапшылығы салдарынан республикалық нарықта негізсіз баға көтерілуіне әкелді. Әсіресе, жанар-жағармай бағасының өсуі мен тапшылығына байланысты халық арасында шағымданушы көп. Осы ретте облыс басшысы энергетика басқармасының басшысына басты өзгерістерге сай тұрғындарға қажетті түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Облыста ақылы қызмет көрсету бағаларында да өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кешенді демалысты ұйымдастыру 31,4 процентке, жолаушылардың әуе тасымалы 17,5 процентке, пошта қызметі 12,5 процентке өскен. Дегенмен, тауар бағасына делдалдардың қызметі кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты облыс әкімі азық-түлік емес тауарлар бағасын реттеу бойынша делдалдық схемаларды тексеру қажеттігін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы тамақ өнімдеріне қатысты, әсіресе, халық жиі тұтынатын 19 түрлі тауар бағасының шекті бағадан асып кетпеуі үшін бақылауды күшейтіп, күн сайын мониторинг жүргізуді міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.

Облыс көлемінде азық-түлік қорын қалыптастыру, тұрақтандыру қорының және айналым схемасымен заем беру арқылы бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына талдау жүргізіп, заңбұзушылық анықталған жағдайда қала және аудан әкімдіктеріне тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың сауда үстемесін 15проценттен асырмауды қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыру үшін қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыру жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<