Бес бастама: әр бағытта ерекше қарқын бар

368

0

Кеше Республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бастаған делегация  облысымызға жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында кеңес мүшелері бірқатар нысандарды аралап, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысымен таныс­ты.
Аймақта Президент ұсынған 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға толықтай негіз бар.    
Делегация алдымен «7-20-25» бағ­дар­ламасы аясында салынып жатқан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 14 көпқабатты тұрғын үй құрылысын көрді. Мұнда жалпы пәтер саны – 604. Облыста тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «Орда» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы әзірленді. Негізгі мақсаты – өңір тұр­ғын­дарын, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолжетімді баспанамен қам­тамасыз ету. Ал, бағдарламаның басты ерек­шелігі – алғашқы жарнасы төленбейді. Кездесу барысында бұл тың бағдарлама «7-20-25» бағдарламасының көкжиегін кеңейтуге сеп­тігін тигізіп жатқаны айтылды. Жалпы, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірінші бағыты – әрбір отбасына баспана алу­дың жаңа мүмкіндіктерін беру болатын. Бұл бағытта Сыр өңірінде ілгерілеу бар. Кейінгі жылдары облыс орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Осы ретте Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында жалпы көлемі 1532 гектар аумаққа бүгінгі талаптарға сай үлгідегі жаңа қала салу жобасы қолға алынды. Бүгінде мұнда барлығы 770 пәтерден тұратын 18 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар құрылыс ком­панияларының өз қаражаттары есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асуда. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков алдағы уақытта мұнда 15 шағын аудан бой көтеретінін айтты. Қазір шағын ауданда «Рухани жаңғыру» орталығы, жас­тар орталығы, неке сарайы,  Қазақ орталық атқару комитеті ғимараты, 600 орындық  мектеп, 320 орындық балабақша салынуда.  Оған қоса әртүрлі қаржы көздерін құрайтын сауда, ойын-сауық нысандары да орын теппек. Бұдан бөлек медициналық орталық, дәстүрлі өнер академиясы мен мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты да сол жағалаудан ірге көтереді.

Келесі нысан «Q-med» эндоэкологиялық оңалту клиникасының жұмысымен танысу болды. Елбасының 5 әлеуметтік баста­маларының бірі – шағын несие беруді көбейту. Онда жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен және жұмыссыз азаматтар арасында жеңілдігі бар шағын несие ұсынудың ең тиімді механизм екені көрсетілген. Осы орайда Раушан Базарбай жеке клиника ашып, жұмысын жетілдіру үшін биылғы жылдың сәуір айында шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарлама  арқасында 18 млн теңге несие алған. Несие кепілсіз 6 процентпен берілген. Бұл – кәсібін енді бастағандар үшін үлкен қолдау. Клиника тұрғындарға терапевтік қызмет, диагностика, реабилитациялық емдеу және басқа да ем түрлерін жүргізеді. Кәсіпкер жастар практикасы бойынша 5 жас маманды жұмысқа қабылдаған. Енді 10-14 жұмыс орнын ашуға дайын.
Одан әрі кеңес мүшелері қаладан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Қараөзек» жоғары технологиялық газ-компрессорлық стансасына бағыт алды. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясындағы «Қараөзек» станцяисы «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының қақ­пасы болып табылады. Онда делегация станцияның қуаттылығымен, іске қосылуға дайындық барысымен танысты.
Жалпы, «Қараөзек» стансасы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбы­рының 944 шақырымда орналасқан, осы жылғы сәуірде Ақтөбе облысында пайда­лануға енгізілген «Бозой» станциясынан қосарлы жұмысқа есептелген. Станцияның мүмкіндігі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа «Қараөзек» КС құрылысы Астананы және солтүстік өңірлерді газдандыруды есепке ала отырып, жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға станция қуаты толығымен жетеді.
Шарада ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев осы жұмыстар төңірегінде айтып өтті.
Сондай-ақ, «Электротехнология» ЖШС оқу орталығы да назарға ұсынылды. Оқу орталығы  биылғы жылдың наурыз айында өз жұмысын бастаған. Онда электр-газбен дәнекерлеуші, электр жабдықтарына қызмет көрсетуші және жөндеуші мамандықтары бой­ынша мамандар даярланады. Қазір мұнда 61 азамат білім алуда. Электр-газбен дәне­керлеуші мамандығы бойынша 33 азамат бітіріп шыққан.  Оқыту мерзімі – 3 ай. Бітірген мамандардың көпшілігі тұрақты жұмысқа қабылданған.
Мұнан кейін ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Шиелі ауданындағы Талаптан ауылдық округінде орналасқан «Шиелі-төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік коорперативінің және «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<