Дағдарысқа қарсы шаралар

571

0

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан экономикасы жаңа қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырып, Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты сақтау бағытында жұмыс жүргізуде. Мұндай кезде Қазақстан Республикасының халықаралық резервтерін сақтау мәселесі өте өзекті болмақ. Қазіргі ақша-кредит саясаты осыны көздейді.

Алтын – стратегиялық актив

Ақпан айында еліміздің жалпы халықаралық резерві 33,4 млрд долларды құрағанын айта кету керек. Бұл 2020 жылдың қаңтар айындағы көлемнен 13,8%-ке артық. Бұдан байқағанымыздай, COVID-19 пандемиясына қа­ра­мастан ­алтын-валюта қо­ры­ның айтарлықтай кө­бей­генін көруге болады. Эко­номикалық ауырт­палық­тар ке­зеңінде алтын-валюта қоры –  тұрақтылықты сақ­тауға кө­мектесетін құт­қарушы құрал.

Үкімет пен Ұлттық банк халықаралық қор резервіндегі алтынның үлесін арттыру бағы­тында жұмыс жүргізіп келеді. Егер де 2013 жылы қор құрамындағы алтынның үлесі 23,3%-ті құраса, қазір оған қарама-қарсы көрсеткішті байқаймыз. Дәлірек айтқанда, ол көрсеткіш 66,4% болып отыр. Алтынға басымдық беру АҚШ, Германия, Италия,  Франция және Нидерланды елдерінде де көрініс тапқан. Бұл мемлекеттердің халықаралық қорындағы алтынның үлесі 66,2%-55,7% аралығында.

Алтын дағдарыс кезе­ңіндегі стратегиялық активке айналды. Бағалы металдың бір унциясы 2016 жылы 1 мың доллар болса, қазір 1,9 мың долларға жеткен. Кейінгі он жылда бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан алтын-валюта қоры көлемі бойынша әлем мемлекеттері арасында 15-орында тұр. Біздегі алтын қоры 385,3 тоннаға жетті. Аталған тізімде Португалия, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания секілді елдерді артта қалдырып отырмыз.

Табысты арттыру мақсаты

Өткен аптада бюджетке өзге­ріс­тер енгізу кезінде көлемі 2,7 трлн теңгеге ұлғайды. Оның 1,1 трлн теңгесін бюджеттің өз кірістері құраса, қалған 1,6 трлн теңге Ұлттық қордан аударылған трансферт есе­бінен толықтырылған. Қар­­жы ми­нис­трі Ерұлан Жамау­­баевтың айтуынша, Прези­дент тапсырмаларын жүзе­ге асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталады.

Мұндағы басым бағыт­тардың біріншісіне тұрғындар табысын арттыру  шаралары жатады. Оған 197 млрд теңге қаралған. Бұл қаржы есебінен жастарды қолдау, жеке кәсібін бастайтындарға шағын несие беру, баспананы жалға алу төлемдерін субсидиялау жүзеге асырылмақ.

Екінші басым бағыт – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол бойынша агрокешендерге субсидия беру, көктемгі дала және күзгі егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де проблемаларды шешуге қаржы қаралған.

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Зейнетақы  мен  жәрдем­ақыны инфляцияға сай индекс­теу үшін қосымша 111 млрд теңге бөлі­неді. Жалпы  биылғы бюджетте халықты әлеуметтік қам­сыз­­дандыруға 4 трлн теңге қарастырылған. Ол был­тыр­ғымен салыс­тырғанда 230 млрд теңгеге артық.

Республикалық бюджеттік комиссия Үкіметпен бірге өте маңызды шешім қабыл­­дады. Инфляция дәлізінің 8-10% деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы 4%-ке индекстеу көзделіп отыр. Соның жиынтығында барлық әлеуметтік төлемдер былтырмен салыстырғанда 9%, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 11% артады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, аталған әлеуметтік төлемдер 4,2 млн адамды қамтиды.

Нақтылаудан  кейінгі рес­пуб­ликалық бюджеттің жалпы кірісі 15,8 трлн теңгеге жетіп отыр. Үкімет жоспарлаған барлық шаралар өңір­лер экономикасына қосымша серпін беріп, тұр­ғындар табысын арт­тыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға әсер етеді деп күтілуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<