Елмен бірге еңсере…

923

0

Елге індет келіп, төтенше жағдай режимінде өмір сүрдік, жұмыс істедік, еңбек еттік. Қазіргі таңда Қазақстандағы пандемиямен күрестің ұйымдастырылуында бірқатар олқылықтар кеткендігі айқындалып отыр.

Әрине, Үкімет көптеген нақты шараларды іске асырды, дегенмен, коронавирус инфекциясының таралу қарқыны жґне онымен сабақтасқан пневмония ауруының өршуі халықты есеңгіретіп тастады. Оңай болмады, карантиндік шектеулерді қайта қатаңдатуға тура келді, халық денсаулығы үшін жасалып жатқан барлық шаралар ел бірлігі мен ынтымағы, мемлекеттің, ұйымдардың, жекелеген азамат­тардың үлкен жауапкершілігі мен қажырлығы арқасында жасалуда. Қазір де сырт елдердің көмегін қабылдап жатырмыз.


Кәсіподақтар үлкен қоғамдық ұйым, елдегі індетпен күресте сырт қалмады «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп елдің амандығы мен денсаулығы, оның әлеуметтік жағдайы нашарламауы, еңбегінің дұрыс ұйымдастырылуы мақса­тында жұмыс атқарудамыз. Енді осы атқарылған жұмыстарды, оның ішінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлес­тігімен атқарылған жұмыстар барысы туралы тарқата айтып өтейін.


Төтенше жағдайға байланыс­ты «Қызылорда облысының кәсіп­одақтар орталығы» аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігінің Үй­лестіру Кеңе­сінің 2020 жылғы 18 наурыздағы №3 шешімімен облыстық кәсіподақ­тардың арнайы штабы құрылып, кезекшілік кестесі бекітілді. Штабпен ең­бек ұжымдарындағы ахуалға күн­делікті мониторинг жасалып, жұмыс­­шылардың ақылы, ақы­сыз демалысқа шығуы, қашық­тан жұмыс жасауы, еңбекке жарам­сыздық туралы, жалақы­ларының төленуі сияқты шұғыл ақпараттар жинақталды, бұл ақпарат қазір де жинақталу үстінде. Бақылау­ға алынған мәселелерге байланысты тиісті шаралар қабылданып, орындалуда.
Онлайн режимде төтенше жағдайға байланысты және карантин кезінде еңбек қаты­настары мәселелері бо­йынша кәсіп­одақ­тардың қызу желісі жұмыс жасайды. Осы желіге жүгін­ген жұ­мыскерлер мен жұмыс беру­шілерге еңбек жағдайлары бойынша құқықтық көмек көрсетілуде. Желіге төтенше жағдай орын алған наурыз айынан бастап карантиндік шектеулер жалғасып жатқан қазіргі күнге дейін 830 хабарласу жасалып, сұрақтарға тиісті мамандар сала бойынша жауап берді.


Қызу желіде алғашқыда түскен сұрақтар бетперделердің жетіс­пеу­шілігіне байланысты туындады. 6 еңбек ұжымдарының бет­перде қажеттілігі жөніндегі сұраныс­тарына сәйкес кәсіподақ орта­лығымен Қызылорда қала­сындағы «Dalatex» ЖШС тігін цехы арқылы мәселе толығымен шешілді.

Орталықтың қызу желі­сіне келген еңбек қатынастары бойынша сұрақтар қатарында: мұнай компания­ларындағы вахталық ауы­­сым жұмыс­керлерінің карантинге орай вахтада қалып, жұмыс жасауы, олардың жалақысы туралы сұрақтар түсіп, жұмыс беру­шілермен жұмысшылардың вахта мерзімін ұзарту, жұмыста қалу туралы келісімдері, келісім берген жұмыскерлерге үстеме екі еселенген жалақы төлеу туралы, үстеме жұмыс­тан бас тартқан, жұмысқа қосылмаған жұмыскерлерге елу пайыздан кем емес көлемде жалақы төлеу туралы шешімдер қабылданды.

Бұдан басқа жұмыстың тұрып қалу жағдайы, еңбек ақысыз демалысқа шығу және басқа да еңбек заңнамалары бойынша төтенше жағдай кезінде еңбек қатынас­тарының реттелуі туралы мәселелер қаралды.

Мекемелердің 80 пайыз жұмыскерлері қашықтан жұмыс жасау режиміне көшірілді, ақылы, ақысыз еңбек демалыстары алынды. Кәсіподақтармен тиісті құқықтық түсіндірмелер жасалды.
Аймақтағы мұнай өндіру компаниялары жұмысшыларының карантин кезінде вахтада қалуы туралы келісімдері бойынша «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ екі еселенген, ал жұмыска қосылмаған жұмыскерлерге жетпіс пайыздық көлемде жалақы төленді.

Басқа облыстардан вахтаға келе алмаған жұмыскерлерге «Ай-Дан Мұнай» АҚ жетпіс пайыз көлемінде жалақысын төледі. «Қуат Амлон Мұнай» ЖШС-ның кәсіподақ ұйымымен вахтаға бармағандарға 50 пайыздық жалақы төлену мәселесі көтерілді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен мәсе­ле оң шешіліп, нәтижесінде жұ­мыс­керлер толықтай жалақы­ларын алды. Төтенше жағдай тоқта­тылғаннан кейін, «Ай-Дан Мұнай» АҚ мұнай компаниясында жұмыскерлердің ұзар­тылған вахтадан қайтадан 15 күндік қалыпты ауысымға көшуі туралы мәселе көтерілді. Атап айтқанда, компания жұмыскерлері жұмыс берушіден 13 мамырдан бас­тап 15 күндік вахталық ауысымның қайта қалыпқа келтірілуі талап етілді. Аумақтық кәсіподақтар бірлес­тігімен жұмыскерлер және ком­пания басшылығымен заңнамалар аясында түсіндірме жүргізілді. Нәти­жесінде, жұмыскерлердің талабы қана­ғат­тан­дырылатын болып, тараптар келісімге келді.


Карантин кезеңінде де салаларда құқықтық жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Маусым-шілде айларында білім және ғылым саласы қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымымен мектеп мұға­лімдерінің еңбек демалыстары үшін төленген ақылары есептеу­лерінде болған қателіктер анық­талып, 183 млн 65 мың теңге қайта есептеліп, қызметкерлерге төленді.


Кәсіподақтар Федерациясы ак­тивіндегі «Жаңақорған шипажайы» төтенше жағдай кезеңінде 1 сәуірден бастап карантинге жат­қы­зылған азаматтарды орналас­тыруға берілді. Оларға шипажайдың 17 қызметкері, кәсіподақ мүшелері қызмет көрсетті.
Облыстық кәсіподақ ұйым­дарымен барлығы, төтенше жағдай және қазіргі карантин уақытында бүгінгі күнге дейін 31 миллион 427 мың теңге қаражатқа қолдау шаралары ұйымдастырылды. Со­ның ішінде 3005 кәсіподақ мү­шесіне, олардың отбасыларына қайы­рым­дылық көмек көрсетілді.


Барлық салаларда кәсіподақ ұйым­­дарымен өз мүмкіндіктеріне қарай көмектер жасалып, індетпен күрес күндерінде бір-біріне демеу, қолдау жасалды. Әр кәсіподақ ұйымы мүшелерінің әлеуметтік жағ­дайларына алаңдаушылықпен жанашырлық танытып жатты. Ол, әрине, түрлі деңгейде, дегенмен, әлемдік індеттің әлегі біздің елдің бірлігін нығайтып, қажырын шың­дады деп білеміз. Мысалы, «Ай-Дан Мұнай» АҚ-ның кәсіподақ ұйымы төтенше жағдай кезінде 29 кәсіподақ мүшесіне қаржылай көмек көрсетті. Кәсіподақ мүшелерінің бірлесе жасаған шешімімен карантиндік шектеулерге байланысты жұмыс орнына, вахталық ауысымға келе алмаған жұмыскерлерге кәсіподақ ұйымы тарапынан барлығы 435 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілді.


Маусым, шілде айларында ауру өршіді. Өкінішке орай, салаларда жұмыскерлердің қайтыс болу жағдайлары да орын алды. Кәсіподақ ұйымдарымен 27 шілдеге жинақталған жедел ақпараттарға сәйкес кәсіподақ мүшелерінің ішінде 918 адам індетке шалдығып, 38 адам COVID-19 және пневмония ауруынан қайтыс болған. Соның ішінде 44 пайызы індетпен күрескен медицина қызметкерлерінің нау­қастануы, аймақта қайтыс бол­ған­дардың 13-і денсаулық сақтау саласы қызметкерлері.


Облыс әкімдігінде денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коро­на­вирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызмет­керлері аталған инфекцияны жұқ­тырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру үшін құрылған комиссия құрамында «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Асылхан Абылайханұлы бар. Айма­ғымызда наурыз айына 481 медицина қызметкеріне 63 млн, сәуір айына 1924 медицина қызметкеріне 319 млн теңгеден астам ақы берілді. Маусым айына 2407 медицина саласының қызметкеріне 419 млн теңге төленді.
Қазірде Қызылорда облысында карантиндік шектеулер әлі де жалғасуда, бірқатар нысандар мен мекемелер жұмыстарын қайта жан­дандырғанымен, көптеген орта және кіші бизнес нысандарының жұмысы тоқтап тұр. Елдегі экономикалық қиындықтарды ескере отырып, кәсіпорындарда жұмысшылардың қыс­қартылмауы, еңбек жағдай­лары­ның жақсаруы, еңбек қауіпсіздігін күшейту мәселелері өзектенуде.


Әрбір ұжымда, аумақтарда, салаларда жұмысшылар мен жұмыс берушілердің лайықты еңбек және әлеуметтік-экономикалық мүд­де­лері үшін жағдайды қамта­масыз ету, қоғамда келісім мен тұрақ­тылықты сақтау жолында сындарлы өзара байланысты негізге ала отырып, келісімдер жасалады. Барлық деңгейдегі келісімдер келісімдердің ең жоғары деңгейі Қазақстан Республикасының Үкі­меті, Жұмыскерлердің респуб­лика­лық бірлестіктері және жұмыс берушілердің респуб­ли­калық бірлестіктері арасын­дағы Бас Келісімнен бастау алады. Биыл 2018-2020 жыл­дарға арналған Бас Келісімнің уақыты аяқталады.

Қазірде ҚР Кәсіподақтар федерациясында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім концепциясының жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобы қарқынды жұмыс атқаруда. Әлеу­меттік-еңбек қатынастары еліміздегі заңнамалық нормалар­мен қатар, Бас келісімнің, 22 салалық және 16 аумақтық келісім­дердің, 125 мыңнан аса ұжымдық шарттардың нормалары және ережелерімен реттеледі. Әр облыста үшжақты комиссиялар жұмыс жасайды.

Біздің облыстағы келісімдерге келсек, облыс әкім­дігі мен кәсіпкерлік палатасы және кәсіподақтар орталығы ара­сындағы облыстық келісім, сала­лық келісімдер, ол аймақтағы білім және денсаулық сақтау салалаларында облыстық деңгейдегі келісімдер, облыс көлемінде жұмыс жасайтын 6 мыңнан аса мекемедегі Ұжымдық шарттар, оның ішінде 1027 кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындардағы Ұжымдық шарттарда қаралған.


Осы жылдың 4 мамырында ҚР №321-VI Заңымен кейбір заңнамалық актілерге еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Кәсіп­одақ ұйымдары Еңбек Кодексі, «Кәсіподақтар туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толық­тыру­ларды түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуде.


Көп өзгерістер бар, оның ішінде Кәсіподақтар Федерациясының құжатты шығарушы министрліктің жұмыс тобындағы жұмысын атап өтуіміз қажет. Кәсіподақтардың қол жеткізген заң талаптары арасынан Еңбек Кодексіндегі 23-бап Жұмыс берушінің міндеттеріне Келісу комиссиясын құру, жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге; қандай да бір кемсітусіз, жұмыскерлерге бірдей еңбек үшін бірдей ақы, сондай-ақ бірдей өндірістік-тұрмыс­тық жағдайлар қамтамасыз етуге міндеттелуін атап айтуға болады. Бұл заң талаптарымен еңбек дауларын шешуде, жұмыскерлерге еңбегіне тең ақы төлеу, бірдей жағдай жасау мәселесі шешімін табады.


Кәсіподақтардың белсенді атсалысуымен енгізілген өзгерістердің бірі Еңбек Кодексінен 50-баптың 3-тармағының алынып тасталуы, яғни, жұмыскердің бұрынғы заң талаптарында өтемақы төлемін алуымен еңбек шартын бұзу құқығы көзделген болатын, өтемақының мөлшері еңбек шартында айқын­далатын, бұл норманы жұмыс берушілер кейбір жұмыскерлермен еңбек шартын тоқтату үшін әділетсіз қолдану жағдайлары жиіледі. Әрине, бұл мәселе өз кезе­гінде еңбек ұжымдарындағы әлеу­меттік шиеленіске алып келетін.


Жұмыскердің өз өтініші негізінде науқас туысына қарауы үшін толық емес жұмыс уақытын белгілеу, демалыс және мейрам күндерге сәйкес келген түнгі уақыттағы жұмыс үшін жұмыскерге еңбекақы түнгі уақытқа бөлек және демалыс мейрам күндері үшін бөлек төленуі, жалақы бойынша жұмыс беруші жұмыскерге берешегі мен төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейтіндігі және басқа да өзгеріс­тер жұмыскерлер құқығы мен мүддесі үшін әділетті енгізілген нормалар деп санаймыз.


Еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңес құру бастамасы көтерілген соң оны құрудың мерзімі айқындалды. Бұрын мерзім жоқ еді, белгіленген мерзім – 15 күн, бұл арқылы өндірістік кеңес құрудың созылмалы процеске айналып, тіпті құрылмай қалуының алдын алуға болады деп ойлаймын.


Әлемдік пандемия өміріміз бен еңбек ету ырғағымызға өзіндік түзетулер мен тәуекелдер енгізді. Жақында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Үкіметке COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатындағы бірқатар ұсыныстарын жолдады. Олардың қатарында медициналық қыз­мет­керлерге «Құтқарушылар» мәр­тебесін беру, COVID-19 коронавирус инфекциясын кәсіптік аурулар тізіміне енгізілуі туралы, жұмыскерлердің еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу туралы ұсы­ныстар жасалды.


Індетпен күресте және оның зардаптарын жою жолында барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары еңбекшілердің ден­саулығы мен қауіпсіздігін ұйым­дастыруда белсенділік танытып, жұмыс берушілермен бірлесе нақты қажетті шараларды жүзеге асыруы маңызды. Осы тұрғыда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі күнделікті тыныс-тіршілікті қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарда медицина бекеттерін ашу, штаттық кестеге медицина маманын енгізу, жұмыскерлердің арасында ауруға шалдыққандарға оңалтудан өтуге қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс­тарды жолдауда.


Індет кезінде бірқатар салалар жұмыстарын мүлде тоқтатқан жоқ. Әрине, денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлерінің алдыңғы шептегі тынымсыз еңбектері ерен. Ел басына күн туған сәттегі қажырлылықтары, денсаулықтары мен өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, жасаған жанкешті еңбектері үшін барша сала мамандарына үлкен ризашылығымызды білдіреміз.


Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ,

Қызылорда облысы аумақтық

кәсіподақтар бірлестігі төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<