«Келешек» көптің мәселесін шеше ме?

1699

0

сурет ашық дереккөзден

Бүгінде білім қуған жастардың қалаған мамандығын игеріп шығуы оңайға түсіп жатқан жоқ. Себебі, жоғары оқу орындарының оқу ақысы шарықтап тұр. Жыл сайын өседі. Беделді деген университеттердің жыл сайынғы оқу ақысы кем дегенде 1-1,5 млн теңгеден басталады, әрі қарай жалғаса береді. Әрине мұндай жағдай екінің-бірінің баласы үшін қалта көтеретін ахуал емес. Ал қарапайым отбасының баласы мемлекеттік гранттан үмітті. Болмаған жағдайда ата-анасы несие алып оқытуға мәжбүр.

Жыл сайын елімізде демографиялық өсім қуантады. Әйтсе де мектептердің жетіспеуімен қатар оқу гранттарына сұраныстың көбеюі тағы  мәселе тудыратыны аян. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Жолдауында: «Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деген болатын.

Осыған орай жоғары оқу орнында білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» жүйесін 2024 жылы енгізуді тапсырды. Бұл бағдарлама халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек.

Деректерге сүйенсек, кейінгі үш жылда 1 млн-ға жуық бала дүниеге келген. Орташа есеппен алғанда, жыл сайын елімізде 400 мыңға тарта бала туады. Қазір сол балалардың орташа есеппен 40 пайызы мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілген екен. Ал біздің облыс туу деңгейі бойынша Шымкент, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орында.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келер 10-15 жылда жастардың көбін грантпен қамту мүмкін болмайтынын алға тартады.

«2020 жылдан бері жыл сайын грант саны көбейіп келеді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болады. Сондықтан бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне көшіп жатырмыз. Оның үстіне жеңілдетілген несие және сараланған гранттар жүйесі ескерілген. Биылдан бастап «Келешек» бағдарламасы аясында есеп-шоттар ашу қарастырылып отыр» деді министр.

Сарапшылар министрлік бұған дейін грант санын көбейтіп, экономиканы тығырыққа тіреп қойды деген пікірде. Олардың пікірінше, бюджет қаржысын үнемдегісі келсе – шекті балды көтеріп, ең үздігін ғана грантпен оқыту керек.

– Меніңше, ата-аналардың жинаған ақшасы ештеңеге жетпей қалады, өйткені жыл сайын оқу бағасы қымбаттайды. Оған инфляцияны қосыңыз. Тіпті тұрақсыз экономика да бұған әсер етеді. Министрлікке грант санын қалай азайтуды емес, сол гранттарды қалайша мақсатты пайдалануға болады дегенді ойлау керек, – дейді сарапшы Жанна Меңдібаева.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы физикалық, 20%-ы табиғи, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты. 2040 жылға қарай 18 жастағылардың саны айтарлықтай өседі. Бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейтіні анық.

Бағдарламаның артықшылығы

Қазіргі кезде баланың оқуына қаражат жинау үшін кез келген банктен депозит ашып, есепшотқа ақша сала беруге болады. Алайда жай депозиттің бір кемшілігі бар. Қаржылық қиындыққа тап болған адам есепшоттағы ақшаны шешіп ала алады. Сол себепті елімізде 2013 жылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі енгізілген болатын. Соның аясында «AQYL» депозитін ашуға мүмкіндік бар. Ал есепшоттағы ақшаны 20 жыл бойы алуға тыйым салынған. «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі де осы «AQYL» депозитіне ұқсас. Бір ерекшелігі, мемлекет ата-анаға көмек ретінде алғашқы жарнаақы капиталын салады. Ол 60 AEK көлемінде. Бір айта кетері, 7 пайыздық мемлекеттік сыйақы әлеуметтік осал топтарға ғана төленеді. Олар – жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардан шыққандар. Ал 5 пайыздық сыйақы Қазақстанның басқа азаматтарына төленеді. Бағдарлама шарттарына келер болсақ, бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге) түседі. Ата-ананың міндетті салымдары ай сайын 1-3 АЕК немесе 3450-10350 теңге. Мемлекеттің 7 пайыздық және банктердің сыйақысы бар. Бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақшамен біріктіріп оны оқуына пайдалана алады. Егер ата-ана баласының ертеңін ойлап, жағдайы келіп 3 AEK-тен салып тұрса, ақшаны алар уақытта 7500000 (жеті жарым миллион) жинақталады екен. «Келешектің» басты артықшылығы  да – ақшаның көптеп жиналуында. Себебі есепшотқа бірнеше көзден ақша түсіп тұрады. Ал ең соңында баланың Ұлттық қордағы үлесі аударылады. Бірақ 18 жасқа толған жасөспірім грантқа түссе, ақшаны шешіп алуға болмайды. Қазіргі жоспарға сәйкес, оны тек баспана сатып алуға ғана жұмсауға болады.

Қаржы жинайсыз ба?

Қазақ «алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деп біліп айтқан ба дерсің. Тағы бір даналығында «тарта жесең – тай қалар, қоя жесең – қой қалар, қоймай жесең не қалар?!» дейді. Расында, бауыр еті баласының болашағын ойлаған халқымыз қаражат жинауға қатты мән берген секілді. Ал бүгінгі боямасыз өмір қалай? Баланың келешегі үшін қаншалықты қам жасаймыз? Ата-аналар чаттарында жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, көп адамның айлығы шайлығы мен несиесінен артылмайды. Жауап бергендердің 90 пайызы ақша жинауға мүмкіндігі жоғын алға тартқан. «Келешек» бағдарламасы туралы тіпті хабары жоқ.

Сонымен алдағы наурыз айынан бастап іске қосылатын жаңа бағдарлама аясында халық арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек те шығар. Айына 3450 теңгені үнемдеп, баламның келешегі үшін деп қаржы жинағаннан ұтылмайтын шығармыз. Сіз қалай ойлайсыз?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<