КЕЛІСТІ КЕНТ КЕЛБЕТІ

436

0

Аудан тарихында Тереңөзек атауы ерекше орын алады. Себебі, алмағайып шақтарда бір бөлініп, бір қосылған Сырдария ауданы кезінде осы Тереңөзек атауымен аталды.
Сондықтан да ұлы дариямен аттас ауданды кейбір жұртшылық Тереңөзек ауданы дейді. Қазір Тереңөзек кентінің келбеті жыл өткен сайын жаңарып, гүлденіп келеді. Бұрынғымен салыстырғанда қазір мұнда өркениетті өмір қалыптасқан.
Соңғы жылдары Тереңөзек кентінің ажарланып келе жатқандығы айқын. Соған орай, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы да жақсара түсті. Тіптен, жасалып жатқан жарқын істер нәтижесінде тереңөзектіктер облыс орталығындағыдай қала өміріне бейімделуде.
Атап айтқанда, көп қабатты үйлер өткен жылдар шеңберінде жаңартылып, кентте ауыз су үйге кіргізілді. Сонымен қатар, кәріз жүйесі де жүргізіліп, аудан орталығының инфрақұрылымдық жүйесі кеңейді.
Мәселен, кенттің оңтүстік-батыс жағынан шағын ауданның инфрақұрылымы жүргізіліп, жаңадан жер ашылды. Ол тиісті кезектілік бойынша тұрғындарға табысталып, қазір жаңа үйлер салынуда. Оған қоса, әр жылы тереңөзектіктер жаңа үйдің кілтін алып, баспаналы болуда. Соңғы жылдарда аудан орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші жоғарылады. Кентке қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында қатарынан екі жылда 20 үй құрылысы жүрді.
Қазіргі таңда кентке кіреберісте көпқабатты үйлердің құрылысы жүруде. Кент келбетін айшықтай түсетін жаңа үйлер мұндағы тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді жолы екенін айғақтайды. Құрылыс жұмыстары өз уақытында біткенде биыл да тереңөзектіктер қоныс тойын тойлайтын болады.
Аудан орталығына келген көпшілік пен кент жастары тынығатын орын іздесе орталық саябаққа баратындары анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде кенттегі орталық саябаққа «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы салынды. Бұл бір жағынан, жастардың аудан тарихындағы еңбегі елеулі тұлғаларды ұғынып-білуіне септігін тигізсе, бір жағынан, серуен құруға да қолайлы жағдай екені белгілі.
Жайдары жаз мезгілінде кент келбетін келісті етіп тұрған гүлзарларды да ерекше атап өткен жөн. Көркейіп келе жатқан өлкеге көктемгі көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарының нәтижесі ерекше сән беріп тұр. Ауданға келген қонақтар, аудан тұрғындары соңғы жылдарда өркендеген, гүлденген Тереңөзектің дамуына лайықты баға беретініне сенім мол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<