«Өз қамшысымен өзін сабау…»

1040

0

Кеңес өкіметінің кезінде аудан шаруашылықтары облыстағы «Алтын күз» мерекесін өткізуге қатысатыны естеріңізде болар?! Олардың қатарында біздің «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоз да бар еді.

Бір жылы осындай үлкен мерекеге қатысқанымыз есімде қалыпты.
Көпшілікпен бірге Қызылорда қаласындағы сол кездегі орталық алаңға бірнеше киіз үй тігіп, халыққа арзан бағада сатылымға шығаруға бордақылауда тұрған, әрқайсысы баспақтай ірі қой-тоқты, мал, бақша өнімдері, жоңышқа басқа да заттарды әлденеше көлікке тиеп, артынып-тартынып жеткенбіз. Маған совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев аға босаған көліктерге облыстық базадан құрылыс материалдарын тиеп келуді тапсырған еді.


Мерекенің ат жарыссыз қызығы болмасы анық. Ипподромдағы «жорға» жарысында Қазалы ауданы, Құмжиек ауылының (жаңылсам, кешірім өтінемін) атбегісінің «күрең жорғасының» мерейі үстем болды. Бұл бір ғажайып көрініс еді. Мойнын бір жағына әнтек бұрып, жал-құйрығы желбіреп, жорғасынан үстіне қойған кеседегі су төгілместей көрінген асыл жануардың әсем тұрпаты көз алдымда әлі тұр…

Шеңберді айналып дара шыққанымен қоймай, өзімен жарысқа қатар түскен жорғалардың соңғы легінің алдына түскенде сүйсінбеген жан қалмады. Ал қазалылықтардың көңілі бұл кезде сонау зеңгір көкте қалықтап жүргендей әсерде тұғын. Жорғаны да, жануардың иесін де алғашқы рет көріп тұрсақта бауырымыздың тұлпары мәреден келгендей шаттығымызда шек жоқ.


Өрекпіген күйде алаңға ауылымыздың атынан тігілген киіз үйлерімізге оралдық. Ас-суға жауапты адамдар майға шайлығып қалған нән қос ісекті қатарынан сойып, былқытып асып қойыпты. Шынымызды айтсам, жарытып ас іше алмадық. Семіз әрі мол ет солайымен желінбей қалды. Әрі-бері алаңда жүрген адамдарды, таныс студенттерді асқа шақырдық. Ұяттары қысып, келе қоймады.


Осы мезетте жанына ертіп алған жасөспірім ұлы бар, орта жастағы адам сәлем беріп, киіз үйіміздің ішіне енді. Өзге ұлт өкілі екен. Амандық-саулықтан соң желінбей тұрған, піскен мол етті нұсқап «алуға бола ма?!» деп рұқсат сұрады.


Қаншама ас рәсуа болады деп уайымдап тұрған біз қосарласа «Ойбай, алыңыз, болмағанда ше?!» десіп шу ете түстік. Мұндай қуанбаспыз.

Қуанғанымыздан жілігімен, тұтастай желінбей қалған, кесек-кесек семіз қойдың піскен етін су құятын флягага салып (пакеттің әлі қолданысқа енбеген кезі), жанына көтерісіп, көмектесуге адам қосып беріп жібердік. Бейтаныс жан бізге рақметін жаңбырша жаудырып, мәз болып кетті. Жаңағы ет апаруға көмектескен жігіттер бос флягты арқалап, терліп-тепшіп келді.


Сәлден соң «Мәнті, семіз, свежий, семіз қойдың еттен жасалған мәнті алыңыздар» деген сызылған дауысқа елең ете түстік. Мәссаған! Киіз үйіміздің алдында жаңа ғана бізден піскен ет сұрап алған бейтаныс өзге ұлт өкілі тұр. Нақтысы, орындықта жайғасып отыр. Жанына ұлы мен келіншегін ертіп әкеліпті. Алдындағы шағын үстелдің үстіндегі дәу табаққа толтыра салынған майы сорғалаған манты алыстан араныңды ашады. Бұған қалай шыдайсың?! Лап қойдық. Саудаласпастан, сұраған пұлын беріп, таласа-тармаса алып жатырмыз. Дәу тегеш әп-сәтте таусылды. Сатушы иек қақты. Баласы мен қатыны тұра жүгірді. Қас-қағымда бірнеше дәу ыдысқа салынған мәнті жеткізді.

Дені сау адамдарға бұйым болсын ба?! Тағы да жылан жалағандай қылдық. Әсіресе, ет апаруға көмектескен жігіттер белсенділік танытты. Екеуі ақшаның бет-жүзіне қарамай беріп жатыр, семіз мантыны толассыз жеп жатыр. Еңбек екеуінен қайтты. Қойшы, манты сатушы кең қалтасын біздің ақшамызға толтырып, қатын-баласын соңына ертіп, әндетіп үйіне кетті.


Сонан бері манты жесем сол оқиға есіме түседі…

Жұмабек Табынбаев,


Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<