Қолжетімді баспана – қоғам игілігі

333

0

 Өткен сенбіде «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысына арналған брифинг өтті. 

Тұрғындар тарапынан мемле­кеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға қатысты сауалдар жетерлік. Мәселен, арендалық пәтерді қай санаттағылар ала алады? Несиелік тұрғын үйге өтініш беру тәртібі қандай? Жеке тұрғын үй құрылысына қалай жер алуға болады? «7-20-25» бағдарламасымен пәтер сатып алу үшін жалақы мөлшері қандай болуы керек? Осы және басқа да сұрақтарға мамандар жауап берді.

Бүгінде тұрғын үй кезегінде 27 мың адам тұр, оның 23 мыңы Қы­зылорда қаласының тұрғындары. Об­лыс әкімінің орынбасары әлеу­мет­тік осал топты қолжетімді тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мақса­тында бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленгенін атап өтті.

– Несиелік тұрғын үйдің көп­балалы отбасылар, мүмкіндігі шек­теулі аз қамтылған топтарының бар­лығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден бөлу туралы шешім қабылданды. Қызылорда қаласының сол жаға­лауынан 18 көпқабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салы­нып жатыр. 14 үйдің 4 және 5-ші қабаттарында 248 пәтер «Орда» бағдарламасына қатысады. Жергі­лікті атқарушы органдар жеке инвесторлардан осы пәтерлерді сатып алады. Тұрғын үйге мұқтаж отбасылар және осы бағдарламаға қатысушылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да депозит ашу керек. Біздің мақсатымыз – өңірдегі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету, – деді С.Сүлейменов.

Ипотекалық бағдарламалар бар­лы­ғына бірдей қолжетімді емес. Сон­дықтан олар аталған бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 1,2 топтағы мүге­дектер, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер және 35 жасқа дейінгі екі жыл некеде тұрған жас отбасылар бастапқы төлемсіз қатыса алады.

Өңірде «Нұр Отан» партиясының бастауымен бюджеттік сала қызмет­керлеріне арналған «Қамқор баспана» және жас отбасыларға арналған «Жас арман» жобалары қолға алынды. Бұл бағытта аталған 20 проценттің 10%-і облыстық бюджеттен ұзақ мерзімге, көмек ретінде беріледі.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірде екінші деңгейлі сегіз банк жұмыс істейді, оның жетеуі Қызылордада. Ипотекалық баспана тек жаңадан салынған үйден бері­леді. Несие өсімінің мөлшер­лемесі ешқандай комиссиясыз жылына 7 про­центті құрайды. Бастапқы жарна – 20 процентпен, 25 жылға дейін беріледі. Ең бастысы, сатып алу­шы­ның басында жеке үйі және ипотекалық несиесі болмауы шарт. Сондай-ақ, тұрақты табысы болуы керек. Мәселен, 10 миллион теңгелік несиені алатын болсаңыз, алғашқы жарнасы – 20 процент, яғни 2 миллион теңгені құрайды. 8 миллион теңгені 25 жылға шаққанда, ай сайынғы төлемі 56 мың теңгеге жуық болып шығады.

Сатып алынған тұрғын үйдің ең жоғарғы құны аймаққа байланысты. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары бойынша 25 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 15 млн.

Жиынға қатысушылар тарапынан «Баспана Хит» жаңа тұрғын үй бағдар­ламасына қатысты сауалдар қойылды.

– «7-20-25» бағдарламасы бойын­ша тек бірінші тұрғын үй нары­ғын­дағы, яғни жаңа баспана сатып алуға болады. «Баспана» компа­ния­сы осы ретте «7-20-25» бағдарла­ма­сынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған «Баспана хит» бағдар­ламасын жүзеге асыруда. Несие мерзімі – 15 жылға дейін, проценттік мөлшерлемесі 10,75 процентті құ­рай­ды. Бастапқы жарна баспана баға­сының 20 процентінен бас­талады, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.

Айта кету керек, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясын­да 2018 жылы тұрғын үй құрылы­сына 14 млрд теңге қаралған, оның 6,1 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына, 7,9 млрд теңге инженер­лік-комму­никациялық инфрақұры­лымының 50 жо­басына бөлінді. Облыс бойынша 1747 пәтерге арналған 69 үйдің құ­ры­лысы жүргізілуде.

Шынар БЕКБАН,
 «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<