Қазақ тілі қорына жиналған қаржы қалай игеріледі – Рауан Кенжеханұлымен сұхбат

4197

0

Фото: Р. Кенжеханұлының жеке мұрағатынан

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрған Qazaq Tili Endowment Qory-на Президент бастап, өзгелер қостап, ақша аударып жатыр. Сол қаражаттың қайда кетіп жатқанын білу үшін, эндаумент қордың елдегі басқа қорлардан қаншалықты айырмасы бар екенін түсіну үшін «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен сұхбаттасқан едік.

«Қазақ тілі» қоғамын қабылдап алғанымда шотында 29 мың теңге ғана жатты»

– Рауан мырза, әңгімені эндаумент қор деген ұғымның төңірегінен бастасақ. Бізде не көп, қор көп қой. Солардан бұл қордың айырмашылығы қандай?

– Эндаумент қоры – дүниежүзінде кеңінен қолданылып келе жатқан құрал. Әлемдегі ең үлкен эндаумент қоры – Жапонияның «Ғылым және технологиялар қоры». Ол қорға 80 млрд доллар жиналған. Гарвард университетінің эндаумент қорында 50 млрд доллар бар. Мұның бәрі – сол қордың мақсатына, миссиясына сенетін, оған өз үлесін қосқысы келетін кәсіпкерлердің, ұйымдардың, жеке адамдардың жасаған үлесінен құралған қаражат. Мысалы, Гарвардтың мықты түлектері көп. Солар университетті қолдауға қаражат аударады.

Эндаумент қорының басқа қорлардан айырмашылығы – қорға түскен қаражат жұмсалмайды. Ол қаражат басқарылады. Басқарудың ең қарапайым мысалы – банк депозиті. Қаражат депозитке салынады да, содан түскен табыс қана жұмсалады. Осы тетікті «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қолданғымыз келеді. Біз Қоғам жұмысын қабылдап алғанда шотындағы бар қаражат 29 мың теңге еді. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін мемлекет оны тікелей қаржыландыра алмайды. Сондықтан осындай қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар мақсатқа жұмыс істейтін ұйымдардың қаржыландыру тетіктерін зерттедік.

Өткен жылдың қазанында Президент қабылдауында болдым. Сол кездесуде «Қазақ тілі» қоғамының даму жоспары егжей-тегжей талқыланды. Оның ішінде қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақ тілінің қолданысын жеңілдететін технологиялық шешімдерді көбейту жайы айтылды. Оның бәрі керек. Бірақ сол «керектерді» іске асыру үшін қаражат керек. Мемлекет барлық мақсатқа жеке-жеке, арнайы қаражат бөле алмайды. Соны шешу амалы ретінде эндаумент идеясын ұсындық. Мемлекет басшысы, әрине, мұндай тетікпен таныс. Ұсынысты қолдады. Бірінші болып өзінің жеке қаражатынан үлес қосу туралы шешім қабылдады. Эндаумент қоры тіркеуден өткеннен кейін бірден жеке қаражатынан 7 млн теңге аударды. Мемлекет басшысының бұл амалы бізге зор қолдау болды. Қаражаттан бұрын бұл жаңалықтың символикалық маңызы зор. Бұл – ірі кәсіпкерлерге, мекемелерге, жанашыр ортаға жақсы белгі болды. Осыдан кейін адамдар жеке хабарласып, бірі жария түрде, кейбірі үндемей-ақ қаражат аудара бастады.

Бұл қорды басқарудың тетігін айттым. Түскен қаражатты жұмсамаймыз. Оны басқарудан түскен табысты ғана игереміз. Ал ол қалай басқарылатынын, тетіктерін эндаумент қорының қамқоршылар кеңесі шешеді. Қамқоршылар кеңесінде түрлі сала, соның ішінде тіл мамандары да бар. Осы қордың жұмысына атсалысқысы келетін әр саладағы қайраткерлер де кіреді. Біздің қордың әрі қарай қанатын кеңге жайып кетуіне қажет ең маңызды нәрсе – абырой. Қоғамның сенімі болмаса, қор тұрақты жұмыс істей алмайды. Ол қордың қамқоршылар кеңесіндегі адамдардың деңгейіне, тәжірибесіне байланысты.

– Қамқоршылар кеңесінде ел танитын, сенім арта алатын қаржыгерлер бар ма? Инвестициялық саясатты кім айқындап отырады? Салынған ақшаның есебін қалай жүргізіп отырмақшысыздар? Қорға ақша аударған адамдар қаражаттың қандай жобаға, қандай депозитке салынғанын қайдан көріп отырады?

– Қазақстанның қазіргі заңнамасында «эндаумент» туралы түсінік жоқ. Ілгері дамыған көп елде, тіпті Ресейдің өзінде арнайы заң бар. Біздің елге де осындай заң қажет. Қазір ондай заңның жобасы талқыланып жатыр. Арнайы заң болмаса да, жұмысты жылдам бастау үшін өзіміздің заң аясында Qazaq Tili Endowment Qory деп атын қойып, қатардағы қоғамдық ұйым ретінде тіркедік.

Сонымен қатар, эндаумент талабына сай болу үшін Астана халықаралық қаржы орталығына жүгіндік. Ол орталық ағылшын заңымен жұмыс істейтінін білесіз. Ағылшын заңында эндаумент туралы түсінік бар және эндаументті басқару талаптары да жазылған. Сондықтан біз арнайы заң фирмасына тапсырыс беріп, Астана қаржы орталығына қорымызды тіркеуге жібердік. Ол – күрделі процесс. Қазір сол заң фирмасы біздің Жарғымызды жазып жатыр. Өз ережемізді, қамқоршылар кеңесінің, инвестициялық комитеттің жұмыс ережесін дайындайды. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Әзірше Қазақстан заңнамасына сәйкес, қоғамдық қор ережелеріне сәйкес жұмыс істеп жатырмыз.

Qazaq Tili Endowment Qory-ның жалғыз құрылтайшысы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы. Қорға түскен қаражат ешқайда жұмсалмайды. Бірақ қор тіркеліп, алғашқы табысы түскенін күтіп отыра алмаймыз. Түрлі шара өткізіп, ойға алған жобаларды іске асыру керек. Оның бәрін біздің Bilim Media Group есебінен жасап жатырмыз. Өйткені. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының есебінде әзірше ақша жоқ.

Қамқоршылар кеңесіне кімді аласыздар дегеніңізге келсек, ұсыныс бердік. Бұл бағытта тілге қатысы бар мекемелермен, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшыларымен жеке-жеке кездестік. Рұқсат болса, біз оның құрамын қор тіркелген кезде жариялайық. Өзіңіз айтқандай, халыққа танымал, беделді, қаржыгер әрі тіл саласына қатысы бар адамдарды, мемлекет өкілдерін, Парламент депутаттарын кіргізсек деп отырмыз.

Есепке келсек, ереже бойынша эндаумент қорының жылдық есебін халықаралық аудиторлық компания жасауы керек. Дүние жүзінде ондай үлкен 4 компания бар, ол «Үлкен төрттік» (Big Four) деп аталады. Олар ірі банктерге аудит жасайды. Сол төрттіктің бірінде жыл сайын аудиттен өтіп, қорытындысын ашық жариялауға міндеттіміз.

– Ондай аудит қымбатқа түспей ме?

– Рас, ол қымбат тұрады. Бірақ бізге абырой, қоғам мен донорлардың сенімі бәрінен қымбат. Біз оларға қоғамдық қор екенімізді, коммерциялық мекеме емес екенімізді түсіндіріп, жеңілдік алуға тырысамыз. Тіпті олардың бізге жасаған қолдауы ретінде тегін аудит жасауын да өтініп көреміз. Ол да – фандрайзингтің бір бөлігі. Ондай қолдау көрсетіп жатқандар бар. Мысалы, әуежайларда жарнамамен айналысатын MYD Production компаниясы «Қазақ тілі» қоғамына жарнама алаңын тегін ұсынып отыр.

«Қорға уәде етілген 800 млн теңгенің 500 миллионы түсті»

– Эндаумент қорына қазір қанша ақша түсті?

– Бастаманы қолдаушылардың уәде еткені, қазақша айтқанда, атап бергені 800 млн теңгеден асты. Дәл қазір эндаумент қорына 500 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Донорлар қосымша аударуға уәде берген қаражат көлемі – тағы 300 миллиондай. Бұл бағытта күнде жұмыс істеп жатырмыз. Өзім танитын кәсіпкерлерге жеке өтініш айтамын, кейбірі өздері қолдау танытып жатыр. Осы 2-3 айда жиырма шақты мекеме, елу шақты жеке тұлға үлесін салды. Оның бәрі сайтымызда бар, 1000 теңгеден артық ақша салған адамның бәрін жариялап отыруға келістік.

– Қорға кім ақша сала алады? Сол туралы жалпы халыққа ақпарат бере кетсеңіз…

– Қазақстанда Мемлекет басшысынан бастап қарапайым азаматқа дейін тілге бейжай қарайтын ешкім жоқ. Сондықтан мүмкіндігінше эндаумент қорын қолдауға шақырамыз. Оған түскен әр тиынның есебі бар. Салған мың теңгеңіздің өзі инвестиция ретінде жұмыс істей бастайды. Ең қарапайым деген депозитке салған күннің өзінде жылына 14 пайыз болса, 1000 теңгеден 140 теңге табыс түседі. Ол табыс біз жоспарлап отырған қазақша контент жасау, кітап шығару, мультфильм аудару, оқулық жазу, мұғалімдерді қолдау, олимпиада өткізу немесе қазақ тіліне керек мобильді қосымшалар жасау сияқты тілге қажет шаралар мен жобаларға жұмсалады.

Осының алдында қордың Жарғысын жарияламай жатып неге QR-код арқылы қаржы жинауды бастап кеткенімізді сұраған едіңіз. Оны жасаудағы себебіміз жарна аудару ісін мейлінше жеңілдету болатын.

– Өзіңіз айтып отырған эндаумент қорының алғашқы табысы шоттарыңызға қашан түсе бастайды? Оған дейін қалай күнелтпекшісіздер? Bilim Media Group қашанға дейін қаржыландыра береді?

– Әзірше ол біздің мойнымызда. Ол менің қазақ тіліне қосқан жеке үлесім болады деп есептеймін. Эндаументке тікелей қаражат жұмсаған жоқпыз. Бірақ қазір Қоғамда жұмыс істеп жүрген адамдардың айлығы, кеңсе жалдау ақысы, іс-шаралар шығыны, кітап шығару сияқты дүниенің бәрін өзіміз көтеріп жатырмыз.

Эндаументтен алғашқы табыстың келе бастауына әрекет етіп жатырмыз. Жоспар бойынша наурыз, сәуір айларында алғашқы түсімдерді көре бастаймыз.

– Бәрі ойдағыдай болды дегенде «Қазақ тілі» қоғамын ұстап тұру үшін, оның жұмысы тілге барынша пайдалы болуы үшін жылдық бюджеті қанша болу керек? Ондай есептеріңіз бар ма?

– Менің «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретіндегі мандатым – 4 жыл. Былтыр сайландым. Қазір әріптестеріме барымызды салу керек екенін айтып жүрмін. Біздің мандат аяқталар уақытта қорда 10 млрд теңге болу керек деген мақсат қойып отырмыз. Бұл – мол қаражат. Егер 10 млрд теңге болса, жылдық табысы 10 пайыз болған күннің өзінде, 1 млрд теңге бюджеті болады деген сөз. Оған көп дүниені емін-еркін жасауға болады. Республика көлемінде ауқымды іс-шаралар өткізіп, ауқымды жобаларды іске асыра аламыз. Бізде бірқатар жоба мен шараның жоспары бар. Одан кейін жан-жақтан түсіп жатқан ұсыныстар көп. Шіркін-ай, солардың бәрін қолдағымыз келеді. Бірақ әзірше оған мүмкіндік жоқ.

Эндаумент қалай жұмыс істейтінін, қаржысы қадағаланатынын сұрап жатқан журналист қауымға да рахмет. Жұмысымыздың бәрі ашық жүргізіледі. Ешкімде ешқандай күмән болмауы керек.

Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

– Түрлі-түрлі ұсыныс көп деп қалдыңыз. Тіл жанашыры деп жүрген, тілдің төңірегінде жұмыс істеп жүрген адамдардың сіздерге жолдап жатқан ұсыныстары қаншалықты заман талабына сай? «Мына мерейтойды өткізейік», «Бәленшенің кітабын қайта басып шығарайық» деген сияқты ұсыныстар айтылып жатқан жоқ па?

– Адамның талғамы әр түрлі ғой. Бізге мына ұсыныс дұрыс, мына адамның ұсынысы теріс деп кесіп-пішу қиын. Ондай жауапкершілікті мойныма ала алмаймын. Маған ұнайтын нәрсе сізге ұнамауы мүмкін. Әр ұсыныс идея ретінде берілген екен, оның да іздеушісі бар деген сөз. Мысалы, кеше бір жігіттер келіп мақал-мәтелдерді насихаттау керек деп кетті. Бір кісілер ертегілерді насихаттауды ұсынды. Тағы бір топ әлем әдебиетін аударайық дейді. Қазақша коучинг жасайық деп жүргендер бар. Ол да маңызды шығар. Біз оның қайсысына сенікі дұрыс, сенікі бұрыс дейміз? Менің ойымша, шамамыз келгенше бәрін қолдауға тырысуымыз керек. Жалпы бізді қоршаған әлемде қандай мазмұн бар, қандай қозғалыс бар – соның бәрі қазақша сөйлеуі керек. Ал оның бәрін істеу үшін қомақты ресурс керек.

Bilim Media Group және мүдделер қақтығысы

– Мазмұн дегеннен еске түседі, пандемияға дейінгі зерттеуде Қазақстандағы оқушылардың 37 пайызы мәтінді электронды форматта оқитыны, 40 пайызы үй тапсырмасын интернеттен іздеп орындайтыны айтылған еді. Пандемиядан кейін бұл көрсеткіш күрт артты деуге болады. Осы бағытта қандай жоспарларыңыз бар. Қазақ тілін интернетке, жасанды зердеге кіріктіру бағытында не істемекшісіздер?

– Біз не істеп жатырмыз? Біріншіден, кезінде қазақша Уикипедия жасалды. Екі жылдың ішінде мақалалар саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір ай сайын қазақша Уикипедияның 15 млн беті қаралады. Кез келген дүниені қазақша іздегенде бірінші Уикипедия шығады. Екіншіден, Google жүйесіне қазақ тіліне аудару қызметін қостық, оны қазір ай сайын 1 млн адам қолданады. Одан кейін Kitap – «Қазақстанның ашық кітапханасы» деп аталатын онлайн платформа құрдық. Ішінде 6 мыңнан аса кітап, мыңнан аса аудиокітап бар. Ол жоба да қазақ тілді оқырман өзіне керек әдебиетті оңай тауып алсын деген ойдан туындаған. Бұл әзірге Қазақстандағы ең ауқымдыонлайн кітапхана болып тұр. Қазақ тіліндегі электронды кітапты ePubформатында тарататын,бестселлер туындылардың аудионұсқасын дайындайтын бұдан басқа жүйе жоқ. Оның ішінде қазақ әдебиетінің бүкіл классикасы, мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиетінің мазмұны толық қамтылған. Қазіргі іскерлік, балалар әдебиеті, әлем әдебиетінің жауһарларын мүмкіндігінше аударып салып жатырмыз. Енді қазақ тілін үйренуге арналған QazaqLinguo деген қосымша жасауды жоспарлап жатырмыз. Одан кейін BI Group-пен бірге қазақ тілін үйрететін видеокурс әзірлеуге кірістік.

– Қазақ тілін дамытуға арналған бюджет қалдықтық саясатпен бөлініп жүр деген түсінік бар. Бұл қор сол олқылықтың орнын толтыру үшін ашылып отыр деп айта аласыз ба?

– Кейде қазақ тілінің ахуалын сынаушыларға «Біраз нәрсе жасалып жатыр ғой» деген уәждер айтылып жатады. Шын мәнінде, көп нәрсе жасалып жатқан жоқ. Тілдің дамуына жауапты мемлекеттік органдардың бар бюджетін қоса санағанда, жылына 1 млрд теңгенің көлемі ғана. Қазір бір мектептің құрылысының құны 10 млрд теңгеге дейін барады. Сондықтан тілге бөлініп жатқан қаражат соншалықты көп емес. Ал бізге аударма ауадай керек. Қазақ тілінде жазатын, сызатын адамдарды қолдау өте маңызды. Ол орта тұрақты жұмыс таппай жүр деуге болады. Жазушы, редактор, корректор, аудармашы, стилист, қазақ тілінде мазмұн жасайтын медиаменеджерлердің бәрінің тұрақты жұмысы жоқ қой. Ұлттық аударма бюросында кезінде 300 адам жұмыс істеді. Қазір солардың бір бөлігі Mazmundama-да, бір бөлігі Steppe & World-та, осы сияқты компанияларда жұмыс істеп жүр.Біз оған қуанамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 оқулық» жобасы арқылы аударма мектебі қалыптасты. Ол адамдардың әрқайсысының қолынан кем дегенде 3-4 кітап шықты. Әр кітап – мол тәжірибе. Ондай мамандар аспаннан түспейді, оларды біреу оқытып, дайындау керек. Сондықтан осындай ортаның әлеуетін арттыру үшін мазмұн дайындау жұмыстары үздіксіз жүріп жатуы тиіс. Науқандық сипат болмауы қажет. Сол үшін де эндаумент қоры сияқты құрал қажет. Біздің мақсатымыз – 4-5 жылда 10 млрд теңге қор жинау. Салыстырып қарасақ, қазақ тілі үшін 10 млрд теңге соншалықты көп ақша емес. Біз үшін тіл мен тәуелсіздік – тең ұғым. Сондықтан тілге тиісті деңгейде көңіл бөлінуі керек.

– Мен «Қазақ тілі» қоғамы туралы сұрасам, сіз Bilim Media Group аясында істелген жұмыстарды айтып кетіп жатырсыз. Бұл жерде мүдде қақтығысы болады, ертең содан дау туады деп қорықпайсыз ба? Өйткені, бір қолыңызбен «Қазақ тілі» қоғамының, екінші қолыңызбен Bilim Media Group-тың тізгінін ұстап отырсыз. Ал екеуінің жұмыс бағыты бір. Ертең екі қазан араласып кетті деген дауға қалып жүрмейсіз бе?

– Bilim Media Group алғаш құрылған күннен бастап екі қанаты болды. Бірі – бізге дамуға көмектесетін EdTech бағытындағы коммерциялық жобалар. Екіншісі – тіл мен білім беруге қажетті қоғамдық жобалар. «WikiBilim», «Ұлттық аударма бюросы», «Bilim Foundation» қоғамдық қорлары осындай қоғамдық мақсатта жұмыс істейді.

Жобалары мен өнімдері барынша қолжетімді, көбі тегін негізде таратылды. Оны әлеуметтік кәсіпкерлік дейді. Мұндай жобаларды дамыту үшін де адам керек, кеңсе керек, компьютер керек. Оның бәрін біреу қаржыландыру қажет. Сондықтан бұл жерде ешқандай мүдде қақтығысы жоқ. Өйткені, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының шаруасы – Bilim Media Group-тың әлеуметтік, коммерциялық емес бағытта жасап жатқан жобаларының заңды жалғасы. Уақыты келгенде «Қазақ тілі» қоғамындағы мандатымыз аяқталады. Сол кезде басқа мамандар жалғап әкетеді. Ол біздің меншігіміз емес. Оған ұйым ретінде, заңды тұлға ретінде құрылтайшы емеспіз. Оның құрылтайшысы – елімізге кең танымал 11 жеке тұлға. Ең жоғары шешім қабылдайтын органы – құрылтай. Сол құрылтайда біз ұсыныс айтамыз. Құрылтай дауыс беру арқылы шешім шығарады.

– Қорға 10 млрд теңге жинау мүмкін шаруа ма?

– Біз өзімізге биік мақсат қойып үйренуіміз керек. Иә, ондай қаражат жинай алмауымыз да мүмкін. Ертең семіз сөйлеп, арық шықты дейтін де болуы мүмкін. Біз одан қорықпаймыз. Менің міндетім – «Қазақ тілі» қоғамының алдына асқақ мақсат қойып, соған жету жолдарын табуға тырысу. Сонда ғана тіл жанашырларын шабыттандыра аламыз. 4 жыл мерзім – жұмыс істейтін адамға аз емес. Мемлекет басшысы алғашқы жарна қосқаннан бері 2 ай ғана өтті. Сол екі айдың ішінде қорға 500 млн теңге аударылды, тағы 300 миллиондай қолдауға уәде берілді. Осындай қарқынмен жылжи берсек, діттеген межеге жетеміз.

Disney биыл үш фильмін өз есебінен қазақшалап ұсынбақшы

– Кино саласына тоқталайықшы. Әлеуметтік бірнеше пост болды. «Болашақ» түлектері бастаған жобаның тоқтап қалғанын, бюджеттен де әлемдік ауқымдағы фильмдерді аударуға қаражат бөлінбей жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Эндаумент қор бұл бағытта не істей алады?

– Бұл бағыт біз үшін өте маңызды. Жасалатын контенттің, яғни мазмұнның екі тармағы бар. Біреуі – баспа, кітап шығару, аударма, оқулық басу. Екіншісі – медиа мазмұн. Баланың тілін шығаратын мультфильмнен бастап, ел көп көретін блокбастерлерге дейін қазақша ұсынуға міндеттіміз. Біз өткенде сараптадық. Жыл сайын Қазақстандағы кинотеатрларға халықаралық ауқымдағы қырық шақты жаңа фильм шығады екен. Соның біреуі аударылса, қуанамыз. Ал дұрысы – бәрі аударылу керек. Оның үстіне, қазақша кино көрем деген адам кинотеатрда оны ыңғайлы уақытта көретіндей ахуал қалыптасуы керек. Өйткені, қазір аударылған фильмдер ыңғайсыз уақытқа қойылады. Сондықтан киноны көбірек аударуға талпынамыз.

Бұл бағытта әйгілі студиялармен жеке-жеке сөйлесіп, авторлық рұқсат алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, жапонның Хаяо Миядзаки дейтін атақты аниме режиссері бар. Ол – толықметражды анимациялық фильмдердің авторы, екі рет Оскар алған гений. Оның үстіне жапон болғаннан кейін мәдениет жағынан, дәстүр жағынан көп дүниесі бізге жақын. Соның 20 фильмін аударуға рұқсат алдық және демеуші тауып, таратуға ниеттеніп жатырмыз. Disney-мен де сөйлестік. Олар басында рұқсат беріп, бірге жұмыс істеуге келіскен. Қаржы тапсаңыздар болды деген. Өткен аптада ғана бір жақсы жаңалық келді. Өздері хабарласып, биыл Disney экранға шығаратын үш үлкен фильмді өз есебінен қазақ тіліне аудартатындарын айтты. Бұл да біздің жұмысымыздың бір нәтижесі деп білеміз. Өйткені, оларға «Қазақ тілі» қоғамының қызметін барынша түсіндірдік. Қазіргі саяси жағдайды ескеріп, осындай шешім қабылдады. Осылай әрі қарай жалғасып, халықаралық деңгейдегі компаниялар да өз дүниелерін қазақша аударады деп сенеміз.

– Аудармаға көп мән береміз дедіңіз. Қазақшаланатын еңбектерді іріктеуде халықтың сұранысын қалай ескересіздер? Дауысқа салуға болмай ма? Әлде тек құрылтай кеңесі шешіп отыра ма?

– Біздің ішімізде сарапшылардан құралған кеңес бар. Мысалы, вице-президент ретінде академик Шерубай Құрманбайұлы жұмысқа қосылып жатыр. Одан басқа екі вице-президенттің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы мен белгілі кәсіпкер әрі тіл жанашыры, Tas Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеев. Осындай адамдардың пікірі ескеріліп жатыр. Қазір сайтымыздың жұмысын жандандырғымыз келеді. Сонда кейбір жобаларға дауыс беру, ұсыныс жолдау тетіктерін қосамыз. Ол да маңызды.

ChatGPT қашан қазақша сауатты сөйлейді?

– 2021-2025 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасында қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыру дейтін ауқымды жоба болған еді. Өз басым қатты қызыққанмын. Былайша айтқанда, қазақ тілін жасанды интеллект танитын деңгейге жеткізу ғой. Ол жобаға эндаумент қоры қалай атсалыса алады? Жалпы ол жобаның қазіргі ахуалы қандай?

– 2029 жылға дейін деп қабылданған мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасы бізге де қатысы бар құжат. Соның ішінде бес үлкен бағыт айтылған. Ол бес бағыттың бәріне қатысамыз. Технология тіліне келетін болсақ, сіз айтып отырған қазақ тілінің цифрлық корпусын қалыптастыру жұмысы көп жыл бұрын басталған. Біз де оған шамамыз келгенше қатысып жатырмыз. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты көп мәтінді сол жерге жинақтап жатыр. Біздің қолымызда да қордаланған көп мәтін қоры бар. 100 оқулық аударылды, ағылшынша және қазақша нұсқалары сақталып тұр. Сөздіктер жасалды. Кейінгі жылдары 4 үлкен сөздік құрастырдық. Соның бірі – қолыңыздағы 60 мың сөзді қамтитын Oxford Qazaq Dictionary сөздігі. Оған қоса, «Оксфорд экономикалық сөздігі», «Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Кірме сөздер сөздігі» бар. Осындай жобалардың аясында жинақталған мәліметтің бәрін Тіл білімі институтына беріп отырмыз. Сол арқылы олар құрастырып жатқан қазақ тілінің цифрлы корпусы байып жатыр. Әрі қарай да қолда бар дүниені беруге дайынбыз.

– Тіл сапасы дегенде қазақша заңның түсініксіздігі әбден жауыр мәселеге айналды ғой. Тәуелсіздік тарихында екі-ақ заңның түпнұсқасы қазақша жазылған екен. Бірі – бала құқығы туралы Фариза Оңғарсынованың бастамасымен жазылған заң да, екіншісі – Әкім Ысқақ бастап аяғына жеткізген көші-қон туралы заң. Бұл екі заң да бірнеше рет қайта жазылғандықтан, қазір түпнұсқасы қазақша жазылған бірде-бір заң жоқ деуге болатын шығар. Осы бағытта «Қазақ тілі» қоғамы заң шығару бастамасына ие болатындай заман келуі мүмкін деп ойлайсыз ба? Заң тілінің сапасын арттыру үшін не істемекшісіздер?

– Біздің тарапымыздан Парламентте талқыланатын және қабылданатын заңдардың қазақша аудармасын оқуға берсеңіздер деген ұсыныс бар. Кейде кейбір заңдардың қазақша нұсқасымен жұмыс істейік десек, оның орысша нұсқасымен сәйкес еместігі көрінеді. Ондай заңмен не сотқа жүгіне алмайсың, не жұмысқа пайдалана алмайсың. Біздің аударма ісінде жинаған сараптамамыз бен тәжірибеміз заңдарды аударуға көмектесе алар еді. Ұсыныс бердік. «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесіндегі депутаттарға айттық. Олар үшін шешім қабылдай алмаймыз, жауабын күтеміз.

Ал заң жазу бастамасына келсек, ондай бастама депутаттардың өзіне де берілді. Бұған дейін заң құрастыру және жазу бастамашылдығы Үкіметте ғана болатын. Әділет министрлігі басқа ведомстволармен бірге заң жобасын дайындайды, ал Парламент тек қана қайтарып, мақұлдайтын. Енді депутаттардың өзі де заң жазу бастамашылдығына ие.

– Елімізде Рамиль Мухоряпов сияқты тіл дауына тап болған кәсіпкерлер бар. Олардан эндаумент қорға ақша аударсақ деген ұсыныс түсті ме? Болмаса, өздеріңіз хабарласып көрдіңіздер ме?

– Біз бәрімен жұмыс істеуге дайынбыз. Дәл қазір ондай ұсыныс келген жоқ. Өзіміз де бәріне хабарласып үлгерген жоқпыз. Ертең кәсіпкерлерді жинап, бір шара өткізгелі отырмыз. Өздері келіп, қолдау жасаймыз десе, қуанар едік.

«Қазақ әдебиетінің» мәтіндері ескірген»

– «Қазақ тілін тұғырына қондырғысы келсе, Конституциядағы жалғыз бапты жөндесе болды емес пе?! Ал қоғам, қор дегеннің бәрі мемлекеттің «қазақ тілі үшін қам жеп отырмыз» дегенді көрсетуге бола құрылған көз алдау әрекеті ғой» деген пікірлер де бар…

– Ондайды бізге де айтады. Бірақ тіл мәселесі заңмен реттелетін болса, 30 жыл бойы қайда қалдық? Жалпы тіл туралы заң бар. Конституцияда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп қадап айтылған. Мәселе заңның орындалуында. Ол нормалар орындалып жатқан жоқ қой. Бұл біз заңды өзгертуге қарсымыз деген сөз емес. Мемлекеттік тіл туралы бөлек заң қабылданса, құба-құп. Бірінші болып қолдаймыз, бірінші болып қуанамыз. Бірақ ол – үлкен саяси мәселе. Іштегі демографиялық ахуалды, сырттағы геосаяси жағдайды ескеру керек. Сондықтан қазір ондай заңның қабылдана қоюы, ашығын айтқанда, екіталай. Бізге басқа амалдар, әдіс-тәсілдер керек.

Мысалы, біз білім берудің күшіне қатты сенеміз. Қазақстанның барлық азаматы 10 жыл бойы қазақ тілін оқитын бір-ақ жер бар. Ол – мектеп. Егер мектепте қазақ тілі өз деңгейінде оқытылса, мектептен шыққан түлектер қазақша сауатты оқып, сауатты жазып шықса, заң да жазылады, медиа да сауатты сөйлейді, іскерлік ортада да қазақ тілі орнығады. Мұнда мұғалімдерді айыптағымыз келмейді, бірақ сол тіл мен әдебиет мұғалімдеріне де әдістемелік көмек керек. Олардың қолында дұрыс құрал, оқулық болуы керек. Осы жағынан атсалысқымыз келеді. Өткенде санап көрдік, мектеп бағдарламасында қазақ тілі мен әдебиетіне 1-сыныптан 11-ге дейін бөлінген сағат саны 1 800 екен.

– Бұл көп пе, аз ба?

– 1 800 сағат мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыдыңыз, яғни кез келген мектеп түлегі әр сабақта бір сөзден үйренсе, 1 800 сөз біліп шығуы керек қой. 1 800 сағат деген көп. 10 жыл бойы балалар күнделікті қазақ тілі мен әдебиетін оқиды. Бірақ әдебиеттен хабары жоқ, оқу сауаты төмен және сауатты жаза алмайтын түлектер көп. Кейде біздің білім саласындағы әріптестер осыны айтсақ, ренжиді. Бұл – шынайы жағдай. Бұған бәріміз кінәліміз. Бұл – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның шаруасы. Сондықтан осындай жағдайды жасырып, сылтау іздеудің керегі жоқ. Керісінше, оны жөндеудің амалдарын табу маңызды.

Соңғы 10 жылда білім мазмұны көп өзгерді, жаңарды. Бірақ негізінен математика, физика, химия, информатика, ағылшын тілі сияқты пәндерге көңіл бөлдік. Ал тіл, әдебиет, тарих, өлкетану, өнер, бәрі екінші есепте қалып қойды. Онда әдістеме, мазмұн тұрғысынан жаңару болған жоқ. Өзге емес, өзіміздің балалар: «Әке, қазақ әдебиетін оқу қызық емес», – дейді. Өйткені мәтіндер ескіріп қалған. Оларды қызықтыру үшін баланың қазіргі өмірімен, болашағымен байланысы бар мәтіндер керек. Әдістеме де қатты өзгеріп кетті. Бұрынғыдай диктант жазылмайды, қатемен жұмыс істелмейді, мазмұндама жазылмайды, сөйлем талданбайды. Талданса да, өте аз. Демек, әдістеме де қаралуы керек.

– Мектептегі қазақ тілінің сапасын арттыру маңызды екеніне дау жоқ. Бірақ оны қалай ұйымдастырмақсыздар? Нақты тетіктерін атай аласыз ба?

– Мысалы, биыл барлық аймақта көптен бері алғаш рет тіл және әдебиет мұғалімдерінің форумын өткіземіз.

– 30 жылдың ішінде форумнан көз ашпай келдік емес пе? Форум арқылы тіл дамитын болса, қазақ тіл баяғыда өз тұғырында отырар еді ғой…

– Ол оймен келісе алмаймын. Форумның да форумы бар. Бұл жерде әр мұғалімге ертең сыныпта қолданатын әдістеме, нақты құрал ұсынбақшымыз. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебінің «Тілге бойлау» деген жақсы методикасы бар. Орыс тілді балабақшалар мен мектептердің тіл оқыту әдістемесіне негізделген. Оны қазақ тіліне халықаралық тәжірибені ескере отырып бейімдеген. Ондай жүйеде баланың айналасы түгел қазақша сөйлеуі керек. Өзге пәндердің оқытылуында да қазақ тілінің элементтері кіргізілуі керек. Осы әдістемені таныстырғымыз келеді.

Тіл білімі институтындағы мамандар оқулықтарда кеткен кейбір кемшіліктерді айтып, қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, бүкіл пәндердің қазақша оқытылуындағы мәтіндерді талдап көрсетеді. Одан кейін мектеп оқушыларына арнап, «Ана тілі» деген бөлек олимпиада кіргізіп жатырмыз. Ол олимпиада тіл ережелеріне ғана арналмаған. Барлық пәнді қамтиды. Қазақ тілінде ойлау логикасын дамытатын бөлек жинақ дайындағымыз келеді. Әдебиеттің оқылуына қажетті мәтіндерді көбейту үшін «Оқу сауаттылығы» деген жобаны қолға алмақшымыз. Ол үшін балаларға қызықты, сапалы мәтіндер керек. Содан кейін олардың ол мәтінді қаншалықты меңгергені, жалпы оқып-оқымағанын өлшейтін құрал керек. Жаңа айтқан Kitap деген платформа мен мобильді қосымша сондай мүмкіндік береді. Мысалы, мектептегі әр баланы платформаға тіркеп, қай сыныпта оқитынына байланысты цифрлы сөресіне әр айда, аптада, тоқсанда оқуы тиіс әдебиеттерді жинап қоямыз. Әр кітаптың қанша пайыз оқылғанын көріп отырамыз. Осы мәтіндердің аясында ішкі жарыстар өткіземіз. Сондай амал-тәсілдер бар.

 «Қазақ тілі қоғамы» қашан таратылады?

– Бүгінге соңғы сұрақ болсын, «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілі тұрғанда, қазақ мемлекеті тұрғанда мәңгі жасау керек пе? Әлде тіл шын мәнінде тұғырға қонған кезде таратылуы керек пе? Ондай заманның көкжиегі көріне ме сізге?

– «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілі бар кезде, қазақ мемлекеті бар кезде мәңгі жұмыс істеуге тиіс. Бұл тек Қазақстандағы жағдай емес. Өз тілін қолдайтын, соны дамытуға жұмыс істейтін мұндай қор барлық ілгері елдерде бар. Ресейде А. Пушкин институты мен «Русский мир» бар. Оның негізгі мақсаты – орыс тілін дамытып, әлемге тарату. Оларда да тура осындай талқы жүріп жатыр. Орыс тіліне басқа тілден енген сөз көбейіп кетті деп дабыл қағатындар бар. Орысша сауатты сөйлейтіндердің азайып бара жатқаны, жазу сауаты мен мәдениеті төмендеп кеткені туралы көп айтылады. Тіпті, ағылшын тілінде де осындай проблема бар. Ағылшын тілін бұрмалап сөйлейтіндер көбейген. Бүкіл дүниеде ағылшын тіліне ұқсамайтын, бірақ ағылшын тілі деп аталатын тілдер пайда болды. Баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, «ит» деп жазып, «шошқа» деп оқитын ережені жөндеу туралы ұсыныстар жиі айтылады. Испан тіліне арналған Сервантес институты, Қытайдағы Конфуций институты, француздардың Француз альянсы мен «Франкофон» ұйымы бар. Бәрінің мақсаты – өз тілдерін дамытып, қолданысын реттеу. Бірақ оны жасау барлық мемлекеттердің қолынан келе бермейді. Оған қауқары мен өресі жететін, жанашыр ортасы бар елдер көп емес. Шүкір, Қазақстанда «Қазақ тілі» қоғамы бар. Жұмыс істеп келе жатқанына 35 жыл болды. Тілге жаны ашитын орта бар. Оларға қамқор мемлекет пен Мемлекет басшысы бар. Тілді қолдайтын мәрт кәсіпкерлер бар. Солардың арқасында бұл ұйым дами береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<