Қос арудың қамқорлығы

1711

1

Көктемнің қай кезі екені есімде жоқ, сірә, сәуір айы болар, әлеуметтік желіде Қазалыдағы қос қыздың мына тәуекелі біраз жұртты елең еткізген. Сондағы олардың мақсаты – жалғызбасты әкеге үй салып беру. Біреулер сүйсінді, біреулер «қолдарынан келе қояр ма екен?» деген күдікті оймен алысты. Тіпті, «заты әйел емес пе, бұларға не жоқ» деп қайырлы іске тікелей кесірін тигізбесе де, сырттай күңкілдегендер де жоқ емес еді. Бірақ, аудан орталығы – Әйтеке би кентінен әрірек жатқан көне Қазалыдағы іргесі әбден сөгілген үйдің қабырғасын құлатып, орны тегістеліп жатқанын Facebook желісінен бәрі көрген. «Ее, бұл екі қыз ақыры жаңа үй тұрғызбақшы болыпты-ау» деген ниеттес жұрт та, «кәне, көрейік бұларды» деген қызыққұмарлар да бұл істің ақырын күтіп жүр еді…

Әу баста індетке қатысты елде дүрбелең басталып, карантиндік шектеулер енгізілген кезде, біраз шағын кәсіптік нысандар жұмысын тоқтатып қойды. Дәл осы уақытта аудандағы белсенді жастардың бірі – Мархаббат пен құрбысы Мерей қайырымдылық шараларын қолға алды. Кәсіпкерлермен бірлесіп, қаржы қорын құрды. Ерікті жастардың басын қосып, бас-аяғы елу кәсіпкерден жиналған 800 мың теңгені қиындықта қалған жандарға жарата білді. Әуелі аудан бойынша аз қамтылған 55 отбасыға азық-түлік, содан соң арнайы карантиндік шараға дайындалған жұқпалы аурулар ауруханасының ішіне жаңа төсек жабдықтары мен арнайы киім алдырды. Ал соңында жиналған ақшадан қыздардың қолында 91 мың теңге қаржы ауысқан еді.

– Қалған ақшаны есептеп отырып, екі-үш үйге жөндеу жұмыстарын жүргізсек қайтеді деп ойладық. Өйткені, ескі үйлерін жөндеуге шамасы жетпейтін тұрғындар барын жақсы білетінмін. Бірақ, бұл мақсатты өзгерткен өзім тұратын Қазалы қаласындағы 4 балалы жалғызбасты әкенің жағдайы еді. Шынымен, ол тұратын баспананы үй деп айтуға келмес, тым көзге қораш көрінетін ескі, құлау алдында тұрған сарай десек те болады. Егер қатты бір нөсер жауса, үй шынымен құлап қалар еді. Осылайша, қалған шағын қаржымен жаңа үй салуды ойластырдық. Білмеймін, әйтеуір, өзіме сенімді болдым ба, кейбір қарсылыққа қарамастан осы бір қайырлы істі бастап кеттік, – дейді Мархаббат.

Мархаббаттың ойынша, «жұрт үйіне азық-түлік тасығанмен, жағдай шешілмейді». Аса мұқтаж болмаса, қол-аяғы сау тұрғындарды масыл­дыққа үйретуден аулақ болсақ деген ойын да жасырмады. Ал, қайы­рымдылықты үндеген қос қыздың бұл ісіне Қазалы жастары да қызу қолдау білдіріп, кәсіпкер жігіттер ақшалай да, құрылыс жабдықтарымен де қам­тамасыз еткен.

– Әлеуметтік желіде үндеу жасаған соң қаржы да, құрылысқа керекті заттар да әп-сәтте жинала қалды. Тура 1 мамыр күні жаңа үйдің іргетасын құ­й­дық. Қазалы қаласындағы Данияр  Ер­ғабылов  бастаған  жас  жігіт­тер бір­ден бірігіп, асарлатып әкетті. Өру жұмысы, төбесін жабу, шатырлау, әрлеу сияқты жұмыстарды көзі, қолы танитын ұсталарға ақысын беріп іс­теттік. Үйдің еңсесін тіктеудегі бас­ты жұмыстар осылай бітті, – дейді қазалылық қыздар.

Мархаббат пен Мерейдің айтуынша, қайырымды істе кәсіпкерлердің үлесі көп болған. Мысалы, баспанаға қажетті кірпішті Нұртай Аманов түсіріп берсе, шатырға қажетті қаңыл­тырды Данияр Балмаханов сияқты жігіттер әперген. Ал еденін төсеуге қажетті ағашты алуға үй иесінің ұлының колледжде бірге оқитын достары мен ұстаздары қол ұшын созған. Есік-терезе мен басқа да керек дүниеге жәрдемдескен мұнан басқа мейірімді жандар жетерлік еді мұнда.

– Расы керек, барлығы да ел-жұрт­тың, әсіресе, ерікті жас­тардың арқасы бұл. Мен айтқан кәсіпкерлерден бөлек, қоршаусыз жатқан үй-жайдың айналасын осы Қазалы қаласының жігіттері қоршап, қақпасына дейін орнатып берді. Осылайша, үй бітті. Енді жаңа баспананың ішін түрлі жиһазбен толтыру ойымызда бар. Оған көмектесеміз деп отырған жақсы адамдар жетерлік, – дейді Мархаббат пен Мерей.

Иә, қайырымдылық – асыл қасиет. Осы орайда, жаңа бастамалардың жаршысы, қолдаушысы болып, қайы­рымды іс жасауға жастарды біріктіріп жүрген Қазалы қаласының тумасы, «Мархаббат» қолөнер орталығының төрайымы Мархаббат Асанова мен белсенді жас Мерей Айекешованың ісі көпке үлгі боларлықтай. Біз сапар барысында 3 бөлмелі үйдің біткеніне куә болып, қоныстойға шақырту алған күйі марқайып қайттық.

Айтпақшы, жоғарыда Мархаб­баттың қолөнер орталығы барын, тігіншілікпен айналысатынын айттық қой. Карантин басталғалы бетперде тапшылығын қатты сезінген аудан тұрғындары Мархаббаттың өнімін көптеп алған.

– Елде төтенше жағдай жарияланып, үлкен-кіші коронавирус індетіне қарсы жұмылған кезде біз де қарап жата алмадық. Өйткені Қазалыда да медициналық маска төңірегінде түрлі əңгіме көбейіп кетті. Сұраныс бар, тауар жоқ. Қажетті шикізатты Шымкент қаласынан алдырттық. Ұжыммен ақылдасып, жұмыстың бағытын уақытша өзгертуге шешім қабылдадық. Бұған дейін қыз жасауын, төсек-жабдық дайындайтынбыз. Сол уақытта жергілікті халықтың сұранысын өтеуге көмектесу үшін бетперде тігуге кірістік, – дейді ол.

Мархаббат бастаған қыздар бір күн ішінде 200-300-ден аса бір реттік маска тігіп үлгерген. Оны көбіне ауылдық жерлер мен мекемелер көтерме бағамен, 90 теңгеден сатып алыпты.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<