Қызылордада бірқатар дәмханадан кемшіліктер анықталды

811

0

Қызылорда облысында мамандар қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық-дезинфекциялық және гигиеналық талаптар бойынша тексеру жүргізді. Аталған шара барысында бірқатар кемшіліктер анықталды.

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, бұл орайда Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 22 мамырдағы қаулысы негізге алынған. Онда ұйымдастырылған ұжымдардағы, ас блоктарындағы және сауда объектілеріндегі қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс алгоритмі бекітілген.

Бұл орайда Қызылорда қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысы жарияланған. Құжатта карантин кезінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысандарына қойылатын санитарлық-дезинфекциялық, гигиеналық талаптар көрсетілген. Сол талаптардың сақталуы ұдайы бақыланып отыр. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылған арнайы мобильді топ карантин шараларын жеңілдету кезінде іске қосылған нысандарға күнделікті рейд жүргізуде.

Жұмысшы топ қоғамдық тамақтану орындарын аралау барысында сақтық шараларына салғырт қараған дәмханаларды анықтады. Мамандардың айтуынша, бірқатар асханаларда үстелдер мен орындықтардың арасындағы арақашықтық сақталмаған. Келушілердің қолын өңдеуге арналған антисептик жоқ. Бар болса да олар көрінетін және қолжетімді жерге орнатылмаған. Асхана жұмыскерлері келушілерге бір рет қолданылатын қолғаппен, бетпердемен қызмет көрсетуі тиіс. Дегенмен оған бейжай қарайтындар анықталды.

«Асханада тамақ өнімдері кесілмеген көкөністер мен жемістерді қоспағанда, өлшеп-оралған күйінде сатылуы тиіс. Кезекте 5 адамнан артық тұруына жол берілмейді. Үстелдер мен орындықтар әр сағат сайын арнайы дезинфекция құралдарымен өңделуі тиіс» деді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы Г. Маханбетова.

Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 470 адам бар. Оның ішінде 304 науқас сырқатынан жазылып шықты.

Әділжан Үмбет


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<