Санның дәлдігі – сапаға кепіл

800

0

Ұлттық халық санағының I кезеңінде нақтыланған статистикалық деректермен салыстыру барысында облыста 5444 адамға айырмашылық бары анықталған. Мәселен, Аралда 3580, Жаңақорғанда 2667, Жалағашта 1723, Қармақшыда 272 адамға кем, яғни сәйкес келмейді. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда халық санағын өткізуге дайындық барысы, мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу жайы пысықталды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе  бойынша Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық ста­тис­тика бюросының облыс бо­йынша департамент басшысы Мәриям Баекеева баяндама жасады.

– Санақтың I кезеңінде 4 мамыр­дан бастап 42 нұсқаушы, ал  25 ма­мырдан бастап 24 нұсқаушы-бақы­лаушы және 1 маусымынан 164 сұхбатшы уақытша жұмысқа тар­тылды. Барлығы бетперде және дезинфекциялық заттармен қам­та­масыз етілді. Қажетті құрал-жаб­дықтармен жарақталып, мектеп және ауылдық әкімдік ғимарат­тары­ның ішінен 25 кабинет уақытша бөлінді, – деді департамент басшысы.

Баяндамашының айтуынша санақ жүргізу кезінде бірқатар проблемалар болған. Мәселен, кейбір тұрғындар есік ашпай, сағаттап жалға берілетін жатақханалар мен үйлерді алушылар сұраққа жауап беруден бас тартқан. Тұрғын емес жайлар, оның ішінде кафе егелерінің атын айтудан бас тартуы сияқты жайттар кездескен. Екінші кезеңде атқарылуға тиіс жұмысқа 1113 адам тартылады. Облыс көлемінде барлық мемлекеттік органдарда онлайн-санақтан қалай өту керектігі туралы оқыту семинары жүргізіледі.

Халықтың санаққа белсенді қатысуы өте маңызды. Санақшының қойған сұрақтарына дұрыс жауап беру – әр азаматтың міндеті. Оның нәтижелері үй шаруашылығы жағдайларын, неке-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартуда мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін қажет.

Аймақ басшысы Ұлттық халық санағын өткізу іс-шара жоспарынан туындайтын жұмыстарды ұйымдас­тыруды, 1 қарашаға дейін БАҚ арқылы халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, 1 қазанға дейін жұмыспен қамту орталықтары арқылы санақ персоналын жасақтау­ды тапсырды. Байланыс жүйесімен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде іркіліс болмауы керек. Санақ жүргізу барысында шетел азаматтарын аудармашымен қамтамасыз етуді, санақ персоналдарын вакциналау және жеке қорғаныс құралдармен қамтамасыз етуді үйлестіруді жүктеді.

Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Бүгінде барлық мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға қайта форматталуда. Жобалық басқаруды жүзеге асыру барысында ақпараттық жүйені пайдалану міндетті, өйткені жобалық қызмет аясында мониторинг пен талдау ақпараттық жүйеге енгізіледі. Қазір мемлекеттік органдар Ұлттық жобалық кеңсе ұсынған «Easyproject» ақпараттық жүйесін қолдануда. Күн сайын ақпараттық жүйеде жобаларды қамтудағы өңірлердің белсенділігі, оларға мониторинг жүргізу мен бақылаудың дұрыстығы көрсетілетін дашборд түріндегі кестелер ұсынылады. Бұл жағынан облыс республикада  үшінші орында. Үкіметтің жобалау орталығы мен республикалық жобалау кеңсесі ұйым­дастырған семинар-кеңесте өңірде жұмыс сапалы істелгені көрінді, – деді Н. Қордабай.

Облыс әкімі Үкімет мемлекеттік органдарға жобалық басқару жүйе­сін енгізу және басқару жүйесін дамыту міндетін қойғанын назарға салып, 15 шілдеге дейін өңірлік жобалық басқару регламентін бекіту үшін базалық бағыттарды іске асыру тобы басшыларының, бас менеджерлердің және әкімшілердің тиісті базалық бағытты іске асыру тобымен скрам-кездесу кестесіне сәйкес аптасына кемінде бір рет қатысуды жүктеді. Бас менеджер ролінде 1 қызметкерді, базалық бағыт бо­йынша 6 қызметкерді бекітіп,  оқыту міндетін қойды.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы айтылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктеді.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<